Анонс


Бүгін - археологтар күні

Сенбі, 15 Тамыз 2015 10:59
Бүгін - археологтар күні KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін – археологтар күні. Археология - тарих ғылымының көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамы дамуының заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін саласы.

 Археологтардың басты зерттеу нысаны алғашқы қауымнан, ерте заман мен орта ғасырлардан қалған материалдық ескерткіштер: еңбек құралдары, қару-жарақ түрлері, мекен-жай, қоныстардың, керуен сарайлар мен әскери бекіністердің жұрты, үй-іші заттары, зираттар, обалар, т.б. Бұл заттар ғылымда археологиялық ескерткіштер деп аталады. Олар топыраққа көміліп, жер астында қалып, қалалар мен бекіністердің қираған орындарында бірнеше қабаттардан тұратын төбелер пайда болады. Мұндай қатпарлар археологияда мәдени қабаттар деп аталады. Қазақстан жеріндегі ең үлкен қала болып есептелетін Отырардың мәдени қабатының биіктігі 18 м. Кейбір обалардың биіктігі 20 м-ге, аумағы 100 м2-ге дейін жетеді. Қазба жұмыстары кезінде табылған материалдық деректерге ғылыми түсініктеме беру үшін археологияда антропология, этнология, геология, ботаника, зоология, палеонтология, физика, химия, топырақтану ғылымдарының зерттеу әдістері кеңінен пайдаланылады.
Қазақстан мен Орта Азияда археологиялық зерттеулер 19 ғасырдың 70-жылдарында бастау алды және олар Василий Радлов, Николай Веселовский, Петр Лерх, Василий Бартольд есімдерімен байланысты. 1920 – 30 жылдары Әлкей Марғұлан, Сергей Руденко, Александр Бернштам, т. б. басқарған экспедициялар Қазақстан жерінде күрделі археологиялық барлау, қазба жұмыстарын жүргізді.
1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясының құрамында Тарих, археологиялық және этнографиялық институты, ал 1991 жылы археология бөлімі негізінде жеке Археология институты (1973 жылдан археология музейі жұмыс істеді) құрылды. Ол республикадағы археологиялық зерттеулердің орталығына айналды. 

Қазіргі уақытта еліміздің көптеген жоғарғы оқу орындарында археолог мамандығын оқытатын кафедралар бар. Бұл оқу орындарын бітіріп шыққан мамандар  Беғазы, Ұлытау, Беласар зираттары, Атасу, Бұғылы және Есік, Шелекті, Отырар қалаларының мәдениетін зерттеуде көп еңбек сіңірді. Бұл мамандардың жұмысы негізінен археологиялық музейлермен тығыз байланысты. Елімізде археологиялық бағыттағы 7 музей қызмет етеді.

 

 
3643 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper