Анонс


С.Ағытаев: Жылда бір аймаққа экспедиция шығарып отыруды жолға қою керек

Жексенбі, 24 Мамыр 2015 23:04
С.Ағытаев: Жылда бір аймаққа экспедиция шығарып отыруды жолға қою керек KAZMUSEUM.KZ -  

«Еліміздегі тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қазіргі жай-күйі» тақырыбымен өткен «Нұр Отан» партиясы «Мирас» қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында ҚР Мәдениет қайраткері Сәдуақас Ағытаев ескерткіштерге қатысты мемлекеттік тізімнің жасақталуы мен басшылыққа алынуының қажетті деңгейден қөріне алмай отырғанын атап өтті.

«Тізімге алынғаннан кейін ескерткіштерге қатысты жұмыстар тоқтап қалатын сияқты болып көрінеді. Ескерткіштердің жағдайын қадағалап отыру, Пайдаланушымен келісім шарт жасау, техникалық жағдайын Актілеу, іс-шаралар бойынша ұсыныстар дайындаудан Мемлекеттік Жоспардың негізі құралатыны айдан анық. Осы тізімдерді негізге ала отырып, облыстық инспекциялардың штатын, техникалық жабдықтау мәселелерін қарастыратын инструкциялар шығарылуы керек», - деді сәулетші ғалым. 
Оның айтуынша, қазіргі норма облыс тұрғындарының санына қарай беріледі. Ал бұдан халқы аз өңірлерге қолайсыздық бар. 
«Сол нормаға сүйенсек, Маңғыстауда, ең ескерткіші көп аймақта – бүкіл мәдениет басқармасына бір машина ғана заңды түрде берілуі керек. Сонда инспекция ескерткіштерін жаяу аралуы керек пе?», - деп сұрау тастады С.Ағытаев.
«Осы жерде, бұл жұмыстарды кезінде «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің паспортизация бөлімі, Республикалық Ескерткіш қорғау қоғамы мен Ғылым Академиясының саулет ескерткіштерін зерттейтін бөлімдерінің мамандары атқарғандығын да еске салып кеткен жөн. Облыстарда қажетті мамандардың жоқтығына байланысты Қазақстан территориясын беске бөліп, жылда бір аймаққа экспедиция шығарып отыру жолға қойылса, жұмыс бір жүйеге түсер еді», - деп және ұсыныс жасады профессор.
Айта кетейік, іс-шара барысында арнайы әзірленген көрме ұсынылып, мәдени ескерткіштерді реставрациялау, консервациялау, қайтадан жасау жұмыстарының сапасы, қорық-музейлердің мәдени туризмді дамытуға қосар үлесі, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамалардың орындалуы мәселелері қаралды.
Отырысқа ҚР Парламенті депутаттары, сондай-ақ құзырлы ведомстволар басшылығы, тарихшы ғалымдар мен сәулетшілер, музей саласының өкілдері қатысып, есептік баяндамалар жасады.

 

2727 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper