Ұлттық музей «EXPO-2017» көрмесі кезінде әлем музейлерінің қорларынан көрме ұйымдастырады

Дүйсенбі, 20 Ақпан 2017 16:05
Ұлттық музей «EXPO-2017» көрмесі кезінде әлем музейлерінің қорларынан көрме ұйымдастырады KAZMUSEUM.KZ -  

Халықаралық «EXPO-2017» көрмесі қарсаңында Ұлттық музейдің қызметі бұрынғыдан да жандана түсті. Музейде өтетін халықаралық деңгейдегі көрмелер мен шараларға дайындық қазіргі уақытта барыншы жүргізіліп жатыр. Осыған орай, Ұлттық музейде өтетін шаралар туралы  ҚР Ұлттық музейінің ғылыми-әдістемелік қызметінің басшысы Сая Болатханқызынан сұрастырған едік.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев республикамызда мәдениет саласының киелі шаңырағына айналған Қазақстан Республикасы Ұлттық музейін әрдайым үлгі тұтатыны белгілі. Оның «Қазақстанның тарихи мұрасын дәріптеу және еліміз туралы терең іргелі білім тарату Ұлттық музейдің мақсаты болуы керек. Ұлттық музей ғылыми және рухани ордаға айналады, біздің Қазақстандық жолдың барлық прогрессивтік жетістіктерін көрсететін болады» - деген бағасы біздің ұжымның алдына үлкен жауапкершілікті қояры сөзсіз. Осы жоғары мәртебені ұдайы асқақтату мақсатында музей директоры Д.Қ. Мыңбайдың басшылығымен музейде көптеген мәдени және ғылыми, танымдық іс-шаралар жүзеге асып отыр.

Тарихымыздың тағылымды беттерін еліміздегі музейлерсіз елестетудің өзі мүмкін емес. Бұл бағытта ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев білім мен ғылым саласынан бөлек, мәдениет саласына да ерекше көңіл бөліп отырғандығы баршамызға мәлім.

Осы орайда, Астана қаласы 2017 жылы Халықаралық «EXPO-2017» көрмесін өткізу мәртебесіне ие болғанын айтып кеткен жөн. Аталмыш көрмені тамашалау үшін Елордамызға 5 миллионнан астам турист келетінін ескерсек, еліміздің барлық музейлері қонақтарды үлкен абыроймен қарсы алуға бар күш жігерін салу керек. Себебі Қазақстанға арнайы келетін шетелдік қонақтарды Қазақ тарихымен терең таныстыру қажет. Қазіргі таңда Қазақтан Республикасы Ұлттық музейі де осы бағытта дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық музейінде 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында «EXPO-2017» көрмесі аясында бірнеше халықаралық көрмелер өтеді. Атап айтқанда Лувр, Эрмитаж, Метрополитен, Цинь Терракот әскері сияқты әлемдегі жетекші музейлердің қорларынан жинақталған арнайы жәдігерлер көпшіліктің назарына ұсынылмақ. Ұлттық музей ұжымы осындай мүмкіндікке қол жеткізіп отырғанына дән риза. Себебі әр қызметкер маңызы зор шараға өзінің үлесін қосып жатқандығын үлкен мақтаныш етеді...  

Аталған көрмелердегі әлемге әйгілі жәдігерлер мен бейнелеу өнерінің туындылары Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын қуантатыны сөзсіз.

Баршаңызды Астана қаласындағы киелі шаңырақ – Ұлттық музейді тамашалауға шақырамыз. 

485 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper