Анонс


МОМ: «Ұлы Жібек жолының жаңа бейнесі мен жетістіктері» атты фотокөрмеге шақырамыз!

Жұма, 31 Наурыз 2017 03:36
МОМ: «Ұлы Жібек жолының жаңа бейнесі мен жетістіктері» атты фотокөрмеге шақырамыз! KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы бірлесіп ұйымдастырған «Ұлы Жібек жолының жаңа бейнесі мен жетістіктері» атты фотокөрме ашылады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрме «Жаңа бейне», «Бірлескен құрылыс және пайдаланылуы», «Бірлесіп өмір сүру мен ортақтаса өркендеу» атты 3 бөлімнен тұрады. Көрмеге Ұлы Жібек жолының тарихы ғана емес, сонымен бірге саясат, экономика, құрылыс, бизнес, білім беру, мәдениет, туризм және спорт салалары бойынша Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының жетістіктерін бейнеленген 70-тен астам фото жұмыстар қойылған.  Фотосуретшілердің жұмыстарында сонымен бірге Қытайдың сәулет ескерткіштері, көркем табиғи орындары мен көрікті жерлері көрініс тапқан.

Көрменің бірінші бөлімі Ұлы Жібек жолының екі мың жылдық тарихын қамтыған 26 фотосуреттен тұрады. Бұл кезең халықтарға өз тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, бейбітшілік, келісім, достық, жариялылық пен төзімділікті сақтай отырып, өмір сүруге мүмкіндік берді.  Фотосуреттер арасында: «Jiayu – Ұлы көш», «Будда үңгіріндегі күн сәулесі», «Yongtai көне қаласы», «Түнгі қайықтар сайысы», «Тибеттік Жаңа жыл», «Түйеші», «Көне ауылдағы қағаз өндіру», «Жүрдек пойыздар дәуірі», «Аспалы көпір» және т.б. жұмыстар бар.

Көрменің екінші бөлімі (25 фотосурет) экономика және зауыттар мен қайта өңдеу комбинаттарының құрылысы, энергетикалық, фармацевтикалық компаниялар, банктер мен сауда орталықтарын ашу салалары бойынша ортақ жобаларды іске асыру мақсатындағы Қазақстан-Қытай өзара тиімді ынтымақтастықтағы қарым-қатынасын бейнелейді. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы цемент зауыттары, «Тау-кен» Ақтоғай зауыты,  «SINOPEC» мұнай өңдеу зауыты, «Мойнақ Су» электростанциясының ашылу сәттері, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «CNPCS» компаниясының Ақтөбедегі филиалының директорын мадақтамамен марапаттау сәті бейнеленген фотосуреттер ерекше қызығушылық тудырады.

Көрменің үшінші бөлімі (Қытай фотосуретшілері Алматыда түсірген 19 фотосурет) Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет пен өнер салаларындағы қарым-қатынасты қамтиды: Қытайдың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мерекелері мен қазіргі дамуы: «Шэньси провинциясынан Алматыға дейін келген 100-ден астам адам мен түйелер керуені» жұмысы, ҚХР  Алматы қ. Бас консулдығы өткізген «Қытай тағамдарының мерекесі», «Қытай мәдениетінің күні», Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткен «Тіл достастықтың көпірі» байқауы, «Қытай спортшылар құрамасының Конфуций мектебінің оқушыларымен бірге Қытай Жаңа жылын қарсы алуы», «Қазақстан-Қытай дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына арналған Гала-концерт», «Наурыз мейрамы».

Көрме сәуір айының 5 күні сағат 16.00-де ашылып, сәуірдің 11-іне дейін жалғасады. 

2452 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper