Анонс


Адам баласының бақытты шағы туралы көрме ашылды (ФОТО)

Сейсенбі, 27 Желтоқсан 2016 00:44
Адам баласының бақытты шағы туралы көрме ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Шығыс Қазақстан өнер музейінде Юлия Николаевна Никитинаның жеке көрмесі ашылды. Көрме не жайлы? Қысқа ғана айтар болсақ, көрме – адам баласының бақытты шағы туралы. Көрермен акварельдің шүбәсіз құдіретті техникасын, қазіргі күні сирек кездесетін литографияны қапысыз тамашаласын. Бұл шағын көрме залы – дәл бүгін сәнқой арудың құнды заттарын сақтайтын әдемі қобдишасына айналып кеткендей.                

Юлия Никитинаның бұл  экспозициясы - графика өнерінің қыры мен сырын ұғынған шағынан бастап жинақтаған өмірінің ең бір тамаша сәттерінен туындаған қазынасы. Юлия  1936 жылы Саратов қаласында дүниеге келген. Ол мектеп жасынан бастап сурет салуды ұнатты. Сүйікті ісің толық меңгеру мақсатында Ленинград инженерлік-құрылыс институтының сәулет факультетіне  оқуға түсті. 

 

1957 жылы салынған «Михайлов қамалы», «Биржа» акварельдері Юлия Николаевнаның топтамасында жастық шағының тамаша естелігі ретінде қалды. Институтты тәмамдаған соң Ю.Н. Никитина жолдамамен Өскемен қаласына жұмысқа келеді. 1993 жылға дейін «Казгипроцветмет» оның негізгі жұмыс орны болды. Сондай-ақ, ол Өскемен құрылыс-жол институты мен сонлағы колледж студенттеріне дипломдық жобалау,  графикалық дизайн, кескіндеме және суреттен дәрістер оқыған. Юлия Николаевна  негізгі жұмысынан басқа, шығармашылығына да уақыт таба білді. Суретші үшін кез келген саяхат – бұл жаңа пленэр, жаңа сәулет пен шабытқа айналды. Осылайша «Ескі Рига», «Дзинтари» деген суреттері дүниеге келді. Әрине, ол Кенді Алтайдың әсем табиғатына тәнті болды. Соны өзінің қылқаламының ұшына алды.

Көрме экспозициясында авангардтық моданың мақамдары немесе  көпфигуралық тарихи және мифологиялық сюжеттер жоқ. Сіздерді бұл көрмедегі көз жауын алар әсем гүлдер мен тамаша пейзаждар лирикалық, романтикалық тіршілікті тамашалауға жетелейді. Көрмені тамашалай жүріп, саясат пен экономиканы бір сәт ұмытасыз. Көрмедегі жұмыстарында Юлия Никитина сонау алыста қалған 1965 жылдың бір күнінің  қандай бояулармен батқанын, 2003 жылғы бір нөсерден кейін Бұқтырманың қандай болғанын естеріңізге түсіріп, көз алдыңызға алып келеді...

 

Иә, қылқалам шебері көрерменді тыныштық пен ғажайып әлемнің әсемдігі - әр адамның өміріндегі ең қымбатты сәттері деген пайымдауға жетелейді. Бұл - әрқайсымызға тіршіліктің нағыз мәнін ұғынуға көмектесетін кереметтей ұғым. «Шуақты күннің құшағында» деген көрменің атауын суретшінің өзі ұсынған еді. Көрмені тамашалаған соң жылылық пен жарықтың, сан-алуан гүлдердің мың құбылған әдемі түстерінің көп уақытқа дейін ойыңызда қалары хақ.

Көрмені  2017 жылғы 30-қаңтарына дейін тамашалауға болады.

 

Айнұр Қарабекова, ШҚ өнер музейінің қызметкері

3999 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper