Анонс


Ұлттық валюта тарихына арналған көрме ұйымдастырылды (ФОТО) Таңдаулы

Сәрсенбі, 16 Желтоқсан 2015 00:19
Ұлттық валюта тарихына арналған көрме ұйымдастырылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Ұлттық музейде Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына арналған көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

«Қазақта «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» деген жақсы сөз бар. Біздің өзіміздің теңгеміз шыққан кезде бүкіл халық болып қуанғанбыз. Сонымен қатар біз барлық уақытта оны бағалай білдік. Тәуелсіздікпен қатар ұлттық валютамыздың қалай қиын жолмен келгенін де білеміз. Біздің тәуелсіздігіміздің нышаны ретінде, мемлекеттігіміздің символы ретінде бағаланатын теңгеміздің Ұлттық музей залдарынан орын алуы халқымыз үшін де біз үшін де үлкен қуаныш. Тәуелсіздік пен азаттықтың қадірін білу үшін біз оған қатысты барлық жәдігерлерді құнттап, бағалауымыз қажет. Бүгінгі көрмеге қойылған бұйымдар кез-келген шетелдік немесе отандық қонақтарға мақтанышпен көрсететін құнды жәдігерлер деп білеміз» – деді Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі директоры Дарқан Мыңбай, салтанатты жиынның ашылуында.

 

ҚР Ұлттық Банкі ұлттық валютаның тұрақты жұмыс істейтін экспозициясы шеңберінде ұсынылған Қазақстанның ұлттық валютасының монеталары мен банкноттарын Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне сыйға берді. Экспозиция Қазақстан тәуелсіздігінің бір нышаны ретіндегі теңге тарихының көрсеткіші болып табылады.

«Біз еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күні қарсаңында Ұлттық валюта экспозициясын ашып отырмыз. Астана - Отанымыздың жүрегі. Тәуелсіздігіміз бен жарқын болашағымыздың нышаны. Монеталар мен бакноттар мемлекеттің бет-бейнесін білдіреді. Теңге Тәуелсіздіктің бір нышаны болса, осы экспозиция теңгенің тарихынан сыр шертеді» – деді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

Ұлттық валюта залында ұсынылған монеталар мен банкноттар көптеген халықаралық наградаларға ие болып, әлемдегі үздіктер қатарында танылды. Мысалы, «Көшпенділер алтыны», «Республика игілігі», «Ғарыш» және т.б. сериялардың ескерткіш монеталары. Экспозиция құрамында 2006 жылдың ең үздік банкноты ретінде танылған номиналы 10 000 теңгелік банкнот та бар.

 

5429 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper