Анонс


Ұлттық музейде «Біртектілік бояулары» атты көрме ашылды (ФОТО) Таңдаулы

Сейсенбі, 15 Желтоқсан 2015 23:54
Ұлттық музейде «Біртектілік бояулары» атты көрме ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Біртектілік бояулары» атты көрме ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі.

Суретшілер мен кескіндемешілердің көрмеге қойылған  әр түрлі кезеңдердегі   туындыларынан ұлттық идеяны іздеуге бет бұрғандығын байқауға болады.   

«Бүгінгі көрмедегі жұмыстар Қазақстанның өткен тарихының әр кезеңінен сыр шертеді. Мұндағы суреттер мен кескіндеме бұйымдары Ұлттық музейдің қорынан және бізге басқа жақтан келіп түскен еңбектерден жинақталды. Бізде сонау Әбілхан Қастеев, Әубәкір Исмаиловтың заманынан бері қарай әр түрлі мектептер қалыптасып, дамып келе жатыр. Қазіргі суретшілердің де өзіндік ерекшеліктері мен мектептері қалыптасу үстінде. Мұның барлығы да біртектілікті іздеу. Біртектілік дегеніміз – бір қоғамда, бір мәдени кеңістікте өмір сүріп жатқанымызды әркім өз көзқарасымен, өзіндік стилімен көпшілікке жеткізу деген сөз. Бұл көрменің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылып отыруының да өзіндік мәні бар. Себебі біздің суретшілеріміз әр қашанда тәуелсіз ойлай білген және оны еңбектері арқылы сыртқа шығаруға ұмтылып отырғын сияқты», – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директоры Дархан Мыңбай.

Көрмеге 115 кескіндеме, мүсін және графикалық туындылар қойылды. Олардың арасында ұлттық кескіндеме мектебінің негізін қалаушылар Әбілхан Қастеевтің, Әубәкір Исмаиловтың кескіндемелері, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби суретші Айша Ғалымбаеваның тамаша туындылары, Үкі Әжиевтің керемет нәзік акварелдері және пәлсапашы-лирик Сабыр Мамбеевтің қиялға жетелейтін пейзаждары бар. Сол сияқты 60-шы жылдарғы белгілі суретшілер Салахитдин Айтбаев, Әбдрашит Сыдыханов, Бахтияр Табиев, Еркен Мергенов және басқа да ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосқан суретшілердің еңбектері көрмеген қойылған. Қазақ  жеріне деген шексіз терең сүйіспеншілігін білдірген Евгений Сидоркиннің ғажайып графикалары мен Гүлфайруз Исмаилованың көркем суреттері сұлулықты бағалай білетіндерді бей-жай қалдырмайды. Көрмеге кеңестік ұжымдастыру кезеңіндегі қазақ халқы басынан өткерген нәубетті қағаз бетіне алғаш бейнелеген суретшілердің бірі Қуаныш Есіркеповтың да туындыларын кездестіруге болады.

Көрме 2016 жылғы 29 ақпанға дейін созылады.

5614 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper