Жәңгір ханның суретін шатастырмайық

Бейсенбі, 30 Шілде 2015 10:02
Жәңгір ханның суретін шатастырмайық KAZMUSEUM.KZ -  

“Жас Алаш” газетiнiң өткен нөмiрiнде (16шiлде, 2015 жыл) Ұлдай Ибадуллаеваның “Мен қазақ қыздарына қайран қалам...” деген мақаласы жарияланды. Обалы не керек, мақала – жақсы, ойлы мақала. Қазақ тарихындағы ел басқаруға араласқан дана, бiлiмдi, бiлiктi әйелдер­дiң бiразын автор өз мақаласына арқау етiптi. Мұндай бастаманы, сөз жоқ, қолдау керек.

Айтайын дегенiм – осы мақаланың iшiне берiлген Жәңгiр хан мен оның әйелi Фатима ханымның фотосуретi туралы. Автор “Бұл фотосурет жазушы Тiлекқабыл Боранғалиұлының “Жәңгiр хан” атты кiтабынан алынды” деп ескертедi. Демек, Т.Боранғалиұлы өз оқырмандарына Жәңгiр хан мен Фатима ханымның фотосуретiн емес, басқалардың фотосуретiн ұсынған. Өйткенi бұл су­реттегi адам мен оның жұ­байы – Жәңгiр хан да, Фатима ханым да емес. Жалпы, Жәңгiр ханның да, Фатима ханымның да фотосуретi бар. Оны сұрастырып зерттесе, табуға әбден болады.

Ал ендi Ұлдай   Ибадул­­ла­е­ваның мақаласындағы (сондай-ақ Т.Боранғалиұлының “Жәңгiр хан” атты кiта­бын­дағы) фотосурет кiмдер­дiкi? Бұл фотосуреттiң тұпнұсқасы алғаш рет 1990 жылы Ә.Қастеев атындағы музейде өткен көрмеге қойылды. Бұл көрменi Ленинградтың (қа­зiргi Санкт-Петербордың) этнографиялық музейi ұйымдастырған едi. Бұл суреттегi қазақ – Бөкей ордасындағы көп сұлтандардың бiрi. Қа­сындағы – әйелi. Аты-жөнiн ұмытып қалдым. Ал ендi олардың аты-жөндерiн нақтылауға (нақтылау үшiн жүрiп-тұруың керек) менiң денсаулығым көтермейдi. Бұл фотосурет Астраханда түсi­рiлген. Егер жаңылспасам, 1872 жылы түсiрiлген болуы керек. Ал Жәңгiр хан генерал-майор шенiн 1841 жылы алған (фото­суреттегi адамның генерал-майор шенiнде емес екенi әскери формасынан-ақ байқалып тұр емес пе?!).

Тағы қайталап айтам, Жәңгiр ханның да, оның әйелi Фатима ханымның да фото­суреттерi бар. Оны тек iздей бiлу керек.

 

Марат Әбдешев,

музейтанушы,

бейнетанушы.

 

 
1636 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper