Анонс


Президентке табысталған найзаның сыры

Сәрсенбі, 07 Қазан 2015 15:51
Президентке табысталған найзаның сыры KAZMUSEUM.KZ -  

«Ұлы дала елі» экспедициясының мүшелері сапар барысында Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешеніне ат басын бұрып, тарихымызбен танысып, рухани азық алып қайтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«1997 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ата-бабасы осы жерде жатқанын естіп, өлкеге арнайы келген еді. Ол кезде мұнда ескі зират болған, ол қалыңдығы 2 метрге жететін 8 метрлік дуалмен қоршалған. Осы төбе жайлы 85 жасқа келіп марқұм болған Қыпшақ деген атамыз біраз мағлұмат беріп кетті. Елбасы келген кезде ауыл тұрғындары Бәдиша анамыз бен Гүлжанат апамыз Президентке аманаты бар екенін айтып, әңгімеге тартты. «Күйеуім Кәзен тың игеріле бастаған 1954 жылы осы даланы алғашқылардың бірі болып жыртқан еді. Сонда жердің етегіне келген кезде соқа шашылып қала берген екен. Бір емес, үш рет солай болады. Сүйектің үстіне түстім бе, әлде мына жерде бір әулие адам жатыр ма деп, қорқыңқырап келіп қараса, найзаның ұшы шығып жатыр екен» дейді Гүлжанат апа. Осылайша ол Президентке найзаны табыс етеді. Елбасы оны Петропавлдағы музейге тапсырамын деді. Дегенмен ол музейге тапсырылмады, себебі кейіннен найзадан шапырашты руының үшбұрышты таңбасы табылды. Сонымен, Елбасы «бабам табылды» деп жария етіп, 1997 жылы сол жерге тас қойылады, ал 1999 жылы Қайрат Сатыбалды осы кесенені үш айда көтереді. Кешен 15 қазанда тапсырылды. Оның биіктігі 16 метрді құрайды. Кешен айналасында тағы 40 шақты зират-қорым бар. Олар аяқасты болмасын деп қоршалған», - деп әңгімеледі Қарасай мен Ағынтай батырлар мемориалдық кешенінің директоры Сәмиддин Омартегі.

Шырақшының айтуынша, Қарасай 1598-1671жж., ал оның досы Ағынтай 1599-1672 жылдары өмір сүрген. Олар жоңғарларға қарсы шайқастарда қол бастаған ержүрек батырлар болған. Екеуі де 73 жасында дүние салыпты. Қарасай батыр – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына айналған аса көрнекті тарихи тұлға. Батыр Арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып көз жұмған. Ғалым Румянцев те өз еңбегінде «Карасай батыр похоронен в Кокшетауском уезде, Айыртауском районе» деп жазған екен.

«Қарасай, Көшек, Айдар, Мырзатай, Кенбаба, Еділ, Сапақбай, Назарбай, Әбіш, Нұрсұлтан. Елбасымыз 10-шы ұрпағы. Тағы бір айта кететін жайт, кейін мен сол Гүлжанат апаны көрдім. Оның күйеуі кезінде найзаны тапқаннан кейін саймандарымен бірге тастай салыпты. Сонда апаның түсіне батыр кіріп, «тапқан нәрселеріңді үйге кіргізіп қойыңдар» деген екен. Осылай анық аян берген соң Гүлжанат апа күйеуінен найзаның ұшын тапқанын біліп, оны аққа орап, сандықтың түбіне салып қояды. Сонда құрсақ көтермей жүрген анамыз 11 құрсақ көтерген екен», - деп баяндады С.Омартегі. 

Және де Сәмеддин Ниятоллаұлының айтуынша, Қарасайдың 23 жастағы Еркін, Төркін деген егіз ұлдары осы жерде жерленген. Оларды қалмақтар Атығайда өткен шілдеханада улап өлтірген. Сонда Қарасай «Өліп көрген жоқпын, одан басқаның бәрін көрдім десем, әлі көрмегенім көп екен ғой» деген екен. Сөйтіп, ол бел балаларының қырқына жетпей қайтыс болады. Осыдан кейін оның екі ұлы Әуез бен Түрікмен Алматы облысына көшіп кетеді, ал енді кіші балалары Өтеп пен Көшек қалып қояды. Сөйтіп, бұл жерде Өтеп, Көшек деген рулар пайда болған. Қарасай қайтыс болған соң жылдық асын беріп болғаннан кейін арғын Ағынтай батыр көз жұмады. Қазіргі таңда мемориалдық кешеннің екі жағында Златогорка мен Мәдениет ауылдары бар. 1999 жылы Мәдениет ауылының атауы Қарасай, Златогорка Ағынтай деп қос батырдың құрметіне өзгерді. 

«2001 жылы Президент мемориалдық кешенге келіп, қолжазбасын қалдырды. Біз оны сақтап қойдық. Елбасы «Еліміз аман болсын, тәуелсіздігіміздің 100 жылдығында оны ұрпағымыз ашып оқысын» деген тілегін білдірді», - деді Сәмеддин Омартегі.

3536 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper