Анонс


Жазушы Ғ.Мүсіреповтің ерекше жазу үстелі мен соңғы хаты халық назарына ұсынылды

Бейсенбі, 28 Мамыр 2015 11:01
Жазушы Ғ.Мүсіреповтің ерекше жазу үстелі мен соңғы хаты халық назарына ұсынылды KAZMUSEUM.KZ -  

Алматыда өткен «Музейдегі түн» шарасы кезінде Ғ.Мүсірепов атындағы мемориалдық музей ұжымы көпшілік қауымға Ғ.Мүсіреповтің өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректерді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 Музейге келушілерді ерекше қызықтырған экспозициялардың бірі - «Ғ.Мүсіреповтің жұмыс кабинеті» болды. Бұл бөлмеде жазушының кітаптары мен қаламдары, түрлі қолжазбалары, жазу үстелдері қойылған. Ерекше атап өтетін заттардың қатарында Ғ.Мүсіреповтің жазу үстелі келушілерді қатты қызықтырды.

Бұл жайында музей директоры Әділғазы Қайырбеков көпшілікке былай деп әңгімелеп берді: - Жазушы өмірінің соңғы жылдарын осы үйде өткізді. Ғабеңнің өте қарапайым адам болғанын бөлмелердегі заттары айғақтап тұр. Өте жұпыны бөлмелер осының дәлелі. Жазу үстеліндегі қаламы мен күлсалғышы, көзілдірігі, шыны сиясауытынан артық дүниелер көзге түсе қоймайды. Кітаптарының көбін көзінің тірісінде өзі дүниеге келген ауылдағы мектепке сыйға тартқан. Сондықтан кітаптары да көп емес. Тек жазу үстелінің үстінде «Оянған өлке» кітабының түпнұсқасы сақталған. Музейге келушілерді қызықтыратын ерекше үстел бар. Бұл үстелді Ғабең денсаулығы нашарларған кезінде пайдаланған. Отырып жазудан әбден шаршаған жазушы кейбір шығармаларын осы жазу үстелінде тік тұрып жазған екен. Үстелді жазушының өзі арнайы жасатқан. Бірақ оны кім, қашан жасағаны белгісіз, - дейді Ә.Қайырбеков. 

Шағын пәтерде орналасқан мемориалдық музейде Ғ.Мүсіреповтың отбасылық өмірі мен қазақ драматургиясына қосқан үлесі және кино саласына сіңірген еңбектерін көрсететін экспозициялар бар.

Музейдегі экспозициялық кешен жазушының дүниеден өтер алдындағы қоштасу хатымен аяқталады:
«... Қойны суық қасиетті қара жер құшағына, міне мен де кеткелі жатырмын. Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам қуанышым да, ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық. Бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы боп есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жансүйсінтер бірлік жоқ жерде, саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен, таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата буын әдебиетінің атынан, өздерің қадір тұтқан алыптар тобының атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы. Қалам ұстауға халім болмағандықтан хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым. Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар! Ғабит Мүсірепов. 28 желтоқсан, 1985 жыл».
Арада үш күн өткеннен кейін Ғабит Мүсірепов дүниеден өтті. Қазіргі уақытта жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын бұл музей Халықаралық музейлер каталогына енген.

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

3246 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper