Анонс


Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы ағаш бұйымдарының коллекциясы

Жұма, 19 Қараша 2021 16:46
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы ағаш бұйымдарының коллекциясы KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ халқының салт-дәстүріне сай тұрмысында пайдаланған дүние мүліктерінің көп бөлігі ағаштан жасалғаны белгілі. Көшпелі мәдениетімізден мұра болған ағаш үй, оның ішкі жабдықтары: төсек ағаш, адалбақан, асадал, кебеже, сандықтары, ыдыс-аяқтары және т.б. тұрмыстық бұйымдарын ерекше әсемдікпен табиғаттың көркем бейнелерін ұштастырып жасай білген сан алуан ағаш шеберлері жеткілікті болды.

  Белгілі ағаш шебері, этнограф Дәркембай Шоқпарұлы ағаш шеберлері ағаштың ерекшеліктерін, әр ағашқа тән қасиеттерін, ағаштың: қаттылығы, салмағы, тығыздығы, иілгіштігі, серпімділігі, түсі, дәмі, тұтқырлығы, жарылғыштығы, шайырлығы, дыбыс өткізгіштігі т.б. білуі шарт деп баға бергеніндей, (Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д, 2007, 31б.) ағаштың сырын түсінген ұста, ағаш шеберлерінің қолынан шыққан сан алуан ағаштан жасалған бұйымдар Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған. Музей ашылған жылдарынан бастап жинақталған ағаш бұйымдарының ішінде ерекше құнды жәдігерлер жетерлік. Республикаға танымал Шалқар ауданынан шыққан ағаш шебері Айдос Мұратовтың қолынан шыққан бұйымдары, белгілі ағаш шебері Қуандық Жұбаниязовтың ағаштан жасаған заттарының жиынтығы, тағы да музей қорына әр уақыттарда келіп түскен ағаш бұйымдарының ауқымды қоры сақталған. Елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін арыстандай арпалысып өткен көрнекті мемлекет қайраткері, көреген саясаткер, Кіші жүздің ханы Әбілғазыұлы Арынғазының (1786–1833жж.) тұтынған ағаш бұйымдары облыстық музей қорында өткеннің көзіндей сол қалпы сақтаулы.

  Бұл ұлттық нақыштағы экспонаттар Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына Арынғазы ханның ұрпағы Арынғазиев Ахметша Шайхысламұлы (1884–1968 жж.) музейде ғылыми қызметкер болып қызмет атқарған 1940–1941 жылдары тапсырылғанын музейдің ғылыми қорындағы деректер меңзейді (АОММ 497 қор, 1 тіркеу, 8 іс, 6 б.) Олар: сауыт, тостаған, ағаш табақ, қымыз шара, құмған. Осылардың ішіндегі шара – көлемді келген шұңғыл ыдыс. Қазақы ортада ыдыстың бұл түрі қымыз, шұбат, сүт секілді сұйықтық құюға пайдаланылған. Шараны ағаш шеберлері емен, қайың сияқты қатты ағаштан шауып және қайың безінен ойып жасаған. Дәстүрлі ортада Шараның қымыз, шұбатқа арналып жасалған түрлерінің сыртына түрлі ою-өрнектер ойылып, тіптен кейбірі күміспен безендірілетін болған. Қымыз күткен қазақ ыдысын да сыйлап ұстаған. Музей қорындағы қымыз шараның іші шұңғыл, өзі дөңгелек, жиегі тік болып келген. Шараның өзіне лайық қақпағына дөңгеленген шығыңқы тұтқасынан шеңберлі күн нұры төгілгендей етіп 148 дана металмен безендірген. Шараның өзіне металдан дөңгелентіп құрсау жасалып, оның астына екі жағына симметриялық түрде металдан тұтқа орналастырылған. Сары қымыз, әсем шара ыдысты дастархан сәні, үйдің көркі, қолы берекелі әйелдің мәртебесі десе де болады. Шараның жалпы өлшемі 30×59×60,5 см. Қымыз шара № 417 тіркелу нөмірімен облыстық музейдің негізгі қорында тіркелген (М.Н. Дүйсенғалидің жалпы редакциясымен, 2013, 23б).

   Музей қорында бірегей ағаштан өңделген жәдігерлердің қатарында ұлттық өнердің өзекті мәселелерін зерттеген, ғалым, этнограф – Халел Арғынбаев өзінің ғылыми еңбегіне енгізген құнды бұйымдардың бірегейі-ою-өрнектермен бедерленген күбі сақталған. Күбі 1947 жылы НҚТ – 247 нөмірімен тіркеліп, 1980 жылы қайта тіркеу барысында 416 нөміріне өзгертілген. Сатып алынған жылы, шебері, тапсырған адамы белгісіз. Оның түп жағынан ағаштың өзінен үш қысқа аяқ, қақпағы орнықты болу үшін жоғарғы шетінен үш құлақ шығарылған. Мұның биіктігі – 80, диаметрі – 30 сантиметр. Күбі сыртындағы оюлар жасыл фонда қызыл бояумен боялған (Арғынбаев Х.А., 1987, 45б). Қазақстанның қай өңірінде болса да, ағаштан түрлі күбілер жасалған. Негізінен, күбі жасаудың екі түрі болған. Қайың өсетін өңірде тұтас қайың кесіндісінің өзегін ұңғып, кеңейту арқылы жасаса, екінші бір жерде әр түрлі ағаштардан дайындалған бірнеше бөлек жіңішке тақтайшалардың темір құрсаулардың біріктірілуі арқылы жасалған. Қымызға арналған күбілер әдетте аласалау және жуандау келеді. Сыртына ою-өрнектер жүргізіледі. Тұтас ағаштан шабылып жасалған, бүйірі сәл шығыңқы келген, келіге ұқсаған түрі – күбінің шауып жасалған түріне жатады. Мұндай түрлерін жасауға қайың, емен сияқты қатты ағаш таңдалады. Көбінесе тұтас қайың кесіндісінің өзегін ұңғып ойып алады. Шауып жасалған күбінің ауыз ернеуі мен түбіне екі кепіл шығырық кигізіледі.

  Музейдің этнографиялық коллекциясында жоғарыда аталған Республикаға танымал халық шебері Айдос Мұратовтың (1881 – 1970 жж.) қолынан шыққан дүниелер музей қорының құнды жәдігерлері болып табылады.

  Музей қорында сақталған Айдос Мұратовтың қолынан шыққан сырлы кебеже 1982 жылы сыйға тартылған құнды жәдігер. НҚТ–9643 тіркеу нөміріндегі кебеженің ені 92 см, биіктігі 44 см. Кебеженің бетіне өсімдік тектес өрнектер мен қошқар мүйіз ою нақышына келтіріліп ойылып, қоңыр қызыл, жасыл, сұр түстерімен боялған. Кебеженің аяғы ұзынша келген.

  Кебеже – азық түлік сақтауға арналған үй жиһаздарының бірі. Кебеже Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Олардың жасалу тәсілі бірдей болып келгенімен, алдыңғы бетін көркемдеу тәсілімен ерекшеленеді. Кебеже әдетте, абажа, абдыра, сандық аталатын мүліктерден кішілеу болады және ол төрге қойылмайды, қазанаяқ жақта тұрады. Оюлы кебеженің боялған түрі де, боялмаған түрі де бар. Боялған түрін сырлы кебеже деп атайды (Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен, 2012, 27б). АОТӨМ қорында сақталған ХІХ ғасырға жататын кебеженің (НҚТ–5781) жасалу формасы ерекше. Кебеже – ағаштан жасалған. Жалпы құрылымы 2 бөліктен тұрады. Үстінен ашылатын қақпақты бөлігі және астында тартпалы бөлігі бар. Үстінде қақпақтың орнына екі ағаш салынған. Алдыңғы бетіндегі ою-өрнектері нақышына келтіріліп орындалған. Жасыл фонға түскен қошқар мүйіз өрнектерін қызыл түске бояған. 2008 жылы музей қорына Жүздібаев Ыбырай сыйға тартқан. Қосымша қорға № 43 актпен тіркелген. Шебері белгісіз. Оймыштау тәсілімен әдемі өрнектелген келесі кебеженің де этнографиялық құндылығы жоғары. ХІХ ғасырға жататын кебежені (ҚҚТ–5780) 2010 жылы экспонат жинау мақсатында ұйымдастырылған «Болашаққа мұра» акциясы кезінде Жаңа қоныс елді-мекенінің тұрғыны Ыбыраев Рау тапсырған. Кебеже – ағаштан жасалған. Қара түске боялған. Алдыңғы беті үш бөлек тақтайшалармен құралып, қошқар мүйіз, толқын, өсімдік тектес оюлар аралас түскен. Алдыңғы бетіндегі күнбағыс тәрізді өрнек кебеже беттерінде сирек кездеседі. Шебері белгісіз (Қорға қабылдау, сатып алу комиссиясының актілері, хаттамалары, 2010, 97б).

  Шебер Қуандық Жұбаниязовтың жасаған кебежесі де (НҚТ–12261) формасы жағынан жоғарыда аталған кебежеге (ҚҚТ–5780) ұқсас жасалған. Алдыңғы бетіне орналасқан 3 бөлік тақтайшаларына оймыштау тәсілімен қошқар мүйіз, толқын тәрізді өрнектер түсірген. Төрт жақтау қазығының ұшар басы дөңестеліп, бетіне толқын тәрізді өрнектер бейнеленген. Кебеженің ұзындығы – 85 см, биіктігі – 60 см.

   Музей қорындағы ағаш бұйымдары коллециясының ауқымды бөлігі шебер Айдос Мұратовтың жасаған заттары. Солардың арасындағы құнды жәдігерлердің бірі асадал сақталған.

   Музей қорында биіктігі 165 см, ені 89 см болатын Айдос Мұратовтың асадалы қазіргі буфет тәрізді жасалған. Тік орнатылған асадал үш бөліктен тұрады. Үстіңгі бөлігіне үлкен 1 тартпа, шағын 1 тартпа орнатылған. Ортаңғы бөлігінде айқара ашылатын есігі бар. Төменгі бөлігінде үстіңгі бөлігіндей етіп тартпалар орнатылған. Асадал есіктерінің бетіне өсімдік тектес өрнектерді ойып, оларды жасыл, қоңыр, сары, қызыл түстерді үйлесімді етіп бояған. Жоғарғы және төменгі бөліктеріне геометриялық өрнектер бейнеленген. Асалдың жиектері гүл, ромб өрнектерін сары түспен безендірген. Асадал бүгінде музей қорының құнды жәдігерлерінің бірі болып табылады. Асадал 1989 жылы № 47 қабылдау актісімен НҚТ–11493 тіркеу нөмірімен қабылданған. Шалқар қаласының тұрғыны А. Сисеновадан 180 рубльге сатып алған (АКТ приема экспонатов, протоколы фондово-закупочной комиссии, 1989, 108б). Асадал – ыдыс-аяқ және азық-түлік сақтап қоюға арналған ағаш жиһаз. Асадалды Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі атаулары кездеседі. Ақтөбе өңірі асадалды сапаяқ, Көкшетау жақта бөгіребас деп атайды (Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен, 2011, 219б).Белгілі этнограф Х.Арғынбаев өзінің еңбегінде асадалдың ең көнесі қазіргі уақытта тумбочка тәрізденіп енінен биіктігі артық болып жасалса, екінші түрінің ені мен биіктігі шамалас келеді. Үшінші түрінің биіктігі кебежедей ғана болады. Ал төртінші түрі буфет тәрізденіп жасалған асадалдар деп жазады (Арғынбаев Х.А., 1987, 44б).

  Музей қорында түрлі ағаштан жасалған жиһаздар сақталған. Солардың ішінде барша қазақ елінде ерекше құндылығы бар Батыс Қазақстанға тән жастық ағаштардың орны ерекше. Музей қорында бірнеше жастық ағаш сақталған. Жастықағаш жатқанда бастың биік болу үшін және арқа тіреп отыруға арналған жиһаз. Жатқанда адамның бас жағына қойылып, жұмсақ болуы үшін үстіне жастық төселеді. Дәстүрлі ортада жастықағашты көбінесе оң жақта отырған қызға арнап жасатқан. Оны бірнеше ағаштан қиюластырып, ою-өрнектер салып сырлайды. Жастықағаш төңкеріп қойғанда жүк жинайтын жүкаяқ қызметінде атқаратындай есеппен жасалған (Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен.,2012, 246б).Музей қорында сақталған ХХ ғасырдың басына жататын НҚТ–10702 нөмірлі жастықағаш музей қорына тұрақты сақтау үшін 1986 жылдың № 43 қабылдау актісі бойынша келіп түскен. Тапсырған Ақтөбе қаласының тұрғыны Н. Бариева. Жастықағаш беті ерекше көркем өрнектермен безендірілген. Жастықағаштың екі жақтауы, арқалығы бүтін тақтайдан жасалып, құлаққа (төрт қырлана келген) сұғындырылып бекітілген. Ал шабақ ретінде салынған үш тақтай, екі жақтау астындағы ұзынынан қағылған ағашқа бір шеті арқалықпен жымдастыра шегеленген. Арқалығының екі жалпақ ағашының арасына 6 бөлікті дәнекер ағаштарын әсемдеп бекіткен. Жастықағаш биіктігі 40 см, ені 35 см, ұзындығы 95 см. Бұл жастық ағаштың тап осындай түрі Х. Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері» еңбегіне енген ҚРМОМ қорынан алынған жастық ағаш. Және осы еңбекте жарияланған оюланған суырмалы асадалдың (Арғынбаев Х.А., 1987,49–50б) АОТӨМ қорындағы төсекағаштың беттеріне бедерленген өрнектерінің әрбір нүктелеріне дейін ұқсас жасалынған (М.Н. Дүйсенғалидің жалпы редакциясымен, 2013, 18–21б). Екі жастықағаштың айырмашылығы Арғынбаевтың еңбегіне енген жастық ағаштың беткі сұлбасындағы ашық саңылау екі қатар болып жасалса АОТӨМ қорындағы жастықағаштың саңылауын бір қатар етіп жасаған. Екі жастықағаштан да бір қолдың таңбасын анық байқауға болады. Осы дерек Х. Арғынбаевтың: «Жастық ағаш тек Қазақстанның батыс аймақтарында ғана жасалып, оның өзге өңірінде болмаған сияқты» деген пікірін қуаттай түседі (Арғынбаев Х.А., 1987,40б).

  Сонымен қатар музей қорында айналы жастықағаштың түрі сақталған. Оны 2004 жылы музей қорына Аманшиев Сисенбай тапсырған. Шебері Аманшиев Темірғали (1904–1981жж.). Жастықағаштың ортасына айна орнатып, «1956 Өркен» деп ақ сырмен жазылған. Жастықағашқа өсімдік тектес біркелкі өрнектер ойылып, жасыл, ақ, қоңыр сырлармен боялған.

   Үй жиһаздарының ішінде көлемді әр үйдің төріне қойылатын төсекағаштардың музей қорында бірнеше түрі сақталған. Төсекағаш – төсек салып тынығуға, ұйықтауға арналған киіз үйдің ағаш жиһазы, керует. Төсекағашты ел арасында төсағаш, ағаштөсек, кереует, ал екі басының көтеріңкі келген пішініне байланысты қайқыбас төсек деп те атайды. Төсекағашты жасау үшін оның бөліктерін қайың, қарағай, кейде жеміс ағаштарын беттеп шабу арқылы жалпақ тақтай пішініне келтіріп алған. Алдыңғы беті екі бас, екі аяқ және бет тақтайдан тұрады. Бұларды жинақтап бетағаш деп те атайды. Жалпы Қазақстанның өңірлерінде 7 түрлі төсекағаш түрлері ғылыми тұрғыда дәлелденген (Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен, 2014, 480б).Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде сол 7 түрлінің Ақтөбе өңіріне тән бастары түзу ағаштан сәл ғана шалқақ пішінде жасалған төсекағаш түрлері сақталған Музей қорына 1947 жылықабылданған төсекағаш (НҚТ–409) белгілі этнограф, ғалым Х. Арғынбаевтың «Қазақ халқының қолөнері» кітабына енген. Төсекағашқа автордың берген сипаттамасында: «Төсекағаштың ұзындығы – 2 метр, ені – 115 см, ал басының биіктігі – 60 см. Төсекағаштың екі басындағы тақтайларының ішкі жақтары өте шебер оюланған. Төсекағаштың екі басындағы ағаштың бет жағына өсімдік сабағындай ойылған өрнек, ал оның үш жерінен қысқа сабақты гүл шоқтары өрбіген. Орта ағаш пен екі бастағы сүйініштерінің ішкі беттері төрт басты қошқар мүйіз оюы, ромбы және сегіз бөлекті дөңгелек жұлдыздармен безендіріледі. Ағаштың табиғи түсіне ұқсас ақ сары бояумен боялған мінсіз бедерлі оюлар қара түрдің бетінде тым әсем жарасымдылық табады» деп көрсеткен. Х. Арғынбаев 1972 жылы кезіктірген төсекағаш бүгін де өз қалпын жоймаған. Төсекағаштың жасалу технологиясы, қолданған материалы, өрнектерінің орналасуы АОТӨМ қорындағы НҚТ–10702 тіркеу нөміріндегі жастықағашпен ұқсас келген. Екі жәдігердің де шебері белгісіз. Төсекағаштар коллекциясының қатарында әсем безендірілген ХІХ ғасырға жататын НҚТ–16742 нөмірлі төсекағаш та ерекше. Мұндағы өсімдік тектес өрнектер мен сырланған қанық бояуы бір-бірімен үйлесім тапқан. Төсекағаштың ұзындығы – 163см, ені – 90см, биіктігі – 62 см шамасында. 2010 жылы Ыбыраев Рау тапсырған. Музей қорының ағаш бұйымдар топтамасында ақ тарының атасы Шығанақ Берсеевтің (1881–1944 жж.) қолданған келісі, басқа да келі-келсаптар, құран кітабын қоюға арналған лауықтар, шебер ұста Қ. Басшиннің көрігі, 1940 жылы жасалған зергер-ұста К. Танаұлының (1966 жылы қайтыс болған) үлкен көрігі сақталған.

   Халқымыздың тұрмысында өткеннен бүгінге дейін сақталып келген ұлттық бұйымдар, ұлттық қолөнердің озық үлгілерінің бірі ағаштан жасалған ыдыс бұйымдар.

  Музей қорында қазақтың ұлттық ыдыс-аяқтары арасында қымыз пісетін піспек, ағаш ет табақ, сусын ішуге арналған ыдыстар жиынтығы сақталған. Ел Тәуелсіздік алған жылдары музей қорын этнографиялық заттармен толықтыру мақсатында қолөнер шебері ҚР суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мәдениет қайраткері ағаш шебері Қуандық Жұбаниязовқа (1949–2008 жж) арнайы тапсырыспен жасатқан ағашқа сүйектен өрнектермен әшекейлеген піспек, саба аяқ, жүкаяқ, төсекағаш, бесік, кебеже, сандықтар тағы басқа ауқымды топтама алынған.

   АОТӨМ қорында сақталған Қ. Жұбаниязовтың қолынан шыққан сабаяқтың (НҚТ–13401) жасалуы ерекше көз тартады. Музей қорына 1996 жылы № 23 қабылдау актісімен шебердің қолынан шыққан бірнеше ағаштан жасалған заттары қабылданған. Саба аяқ бетіне өсімдік тектес өрнектер оймыштап жасалған. 4 ағаш жақтау өзара көлденең бекітілген ағаштармен бекітілген. Ол жақтаулар шығыңқы орналасып, оны сүйірлеп әшекейлеген. Сабааяқтың өлшемі 48 х 68 см. Сабааяқ – сабаның астына қою үшін жасалған бұйым. Сабааяқ сабаны күтіп ұстау үшін қолданатын жиһаз болып табылады. Сабааяқты халық арасында орындық деген де аты бар. Мәселен, жырларда орындықты қарасаба –деп келетін жолдар кездеседі(Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен, 2014, 118б).

  Музей қорының этнографиялық топтамасында ағаштан жасалған бесіктердің бірнеше данасы сақталған. Бесік – қазақы ортада нәрестені бөлеуге арналып жасалған ағаш төсек. Бесік ертеде көшіп-қонуға ыңғайлы, алмалы-салмалы етіп талдан жасалған. «Тал бесік» деп аталуы осыған байланысты. Бесік құрама бөліктерден тұрады. Белағаш – бесік арқалығы, бесіктің негізгі екі басы бөген деп аталады. Бөген жас талдан иіп жасалады, оны арқалық ағаш жалғастырып тұрады (Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен, 2011, 488б). Музей қорында ғылыми анықтама берілген қазақтың тал бесігі сақталмаған. Бірақ ХХ ғасырда дайындалған нағыз ағашқа өрнек салып, көркемдем дайындалған ағаш шеберлері Қ. Жұбаниязовтың, Н. Жақыбаевтың қолдарынан шыққан бесіктері ағаш бұйымдарының бір бөлігі табылады.

   Ағаш бұйымдарының ішінде музыкалық ұлттық аспаптар коллекциясының үлкен шоғыры орналасқан. Қазақ халқының музыкалық аспаптарының негізінен көпшілік бөлігі ағаштан жасалатыны белгілі. Солардың ішінде сонау көне замандардан қалпын жоймай сақтап келген домбыра мен қобыздар да, сыбызғы да, аса таяқ та музей қорында сақталған.

   Домбыра – қазақ халқының шекті, көп пернелі ұлттық саз аспабы. Шеберлер домбыра жасауға үйеңкі, алма, алмұрт, долана, өрік сынды ағаштар таңдаған. Жұмсақ ағаштан жасалған домбыра дауысы шықпайды деп, қарағай, қарағаш, балқарағай сияқты тығыз ағаштардан да шауып жасаған (Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен, 2011, 647б). Қазақ домбырасы, негізінен екі не үш ішекті болған. Оның басына ішек бұрайтын екі құлақ, кіші тиек орнатылады. Шанақ бетінің ортасынан әр түрлі – дөңгелек не үш бұрышты дыбыс ойығы жасалады. Домбыра шанағының сыртын оюлап, сүйектеп те көркемдейтін болған. Кейде домбыра мойнының бет жағы, құлақтары түгелдей сүйектеледі. Домбыра шанағы әр түрлі формада: бірде сопақ, бірде үш бұрышты, енді бірде түзу бұрышты болып шебердің қиялына қарай жасала береді (Арғынбаев Х.А., 1987,47б).

  Музей қорында сақталған домбыралардың қатарында шанағы өрнектермен безендірілген қалақша домбыра (НҚТ–12115) сақталған. Домбыра 1991 жылы қала тұрғыны Б. Нұрымбаевтан қабылданып, № 21 актпен тіркелген. Шебері Үсен. Домбыра ағаштан қалақша пішінді жасалған. 19 пернелі. Домбыраның мойны шалқақ, құрама және шабу тәсілімен жасалған, басы мен мойны тұтас ағаштан шабылған, бетқақпағы жұқа ағаштан салынған. Әсіресе домбыраның шанағына салынған өрнектер ерекше көз тартады. Шанағы тегіс шабылып, шанақ бетіне оймыштау тәсілімен мүйіз өрнектері түсірілген және шанақтың ортасына шеңбер ішіне арабша және сандармен «1988» деп жазылған. Домбыраның шанағы мен бетқақпағын қосып тұрған бөлігінде де мүйіз өрнектері түсірілген. Домбыраның ұзындығы – 92 см, ені – 23 см шамасында (АКТ приема экспонатов, протоколы фондово-закупочной комиссии 1991, 46б).

  Қалақ домбыраның қатарында № 52 актпен тіркелген домбыраға (НҚТ–12158) тоқталуға болады. Домбыра тұтасымен ағаштан шабылып жасалған. Домбыраның шанағында ою-өрнектер бедерленген. Ұшар басындағы өрнектер де ерекше бедерленген. Қалақ домбыраны жасаған шебері Жәмеков Жетес.

  АОТӨМ қорындағы домбыралардың көпшілік бөлігі жекелеген әнші, күйшілердің өздері тұтынған домбыралары. Қазақ күйшілік дәстүрінің өзіндік мектебін қалыптастырған Қазанғап Тілепбергенұлының күй мұрасын насихаттаушы шәкірттері Б. Басығараевтың, А. Шәріповтың, Б. Сарыбаеваның өздері ұстаған домбыралары, белгілі сатирик, жазушы Үмбетбай Уайдиннің, қазақтың тұңғыш генерал-лейтенанты Жансен Кереевтің домбыралары сақталған. Сонымен бірге шебер Қ. Басшиннің қолынан шыққан домбыраның (НҚТ–11146) жасалу формасы өзгеше. Бұл домбыраның бетқақпағы жеті қырлы етіп жасалған. Қақпағындағы ойығынан бөлек төрт кішірек тесіктер түсірілген. Домбыраның қақпағы қызыл сырға боялған. Музей қорындағы ағаштан жасалған бұйымдардың қатарында қобыздардың да бірнеше түрлері сақталған. Қазақтың өте көне музыкалық аспабының бірі осы қобыз. Прима қобыз, қыл қобыз және Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы сақтаулы дәстүрлі қазақ мәдениетінің этнографиялық бұйымдар каталогына енген ХІХ ғасырға жататын көбіне бақсылар қолданатын нарқобыз тұтас ағаштан ойып жасалған (Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен., 2014, 35б). Нарқобыз 2015 жылы сұраныс бойынша Астана қаласындағы Ұлттық музей қорына берілген.

  Негізгі қордың 578-ші нөміріндегі қобызға тоқталып кетуге болады. Белгілі күйші, Қазанғап күйлерін насихаттаушы Ысқақ Райымбергеновтың тұтынған қобызы. Қобыздың негізгі пошымы жіңішке сопақша етіп жасалған, үш ішекті болып келеді. Қобыздың тиегі тұратын жерін сыртына шығыңқы етіп жасаған. Сырты күрең қызыл түспен боялған.Шебер Мамытовтың қолынан шыққан ағаштан жасалған асатаяқ (НҚТ–12506) түрі де кездеседі. Асатаяқтың арнайы жалпақтау етіп жасалған тұсына әртүрлі дыбыс шығарып тұратын металдар орнатылған. Екінші жақ бетіне қоңыр түсті сырмен мүйіз оюлары салынған. Сабының да жоғары және төменгі тұсына сырмен оюлар салынған. Асатаяқтың ұзындығы – 53 см шамасында. Асатаяқты негізінен көне діни музыкалық аспап ретінде пайдаланған. Ертеректе асатаяқ тәңірлік дін өкілдері бақсылардың аксесуарының ең маңызды компонеттерінің бірі болған. Жасалу тәсілі әр түрлі болғанымен, атқаратын функциясы біреу – бақсы «жынының» құдыретін әсірелейтін құрал болып есептелген. Ал, мұның музыкалық аспап ретінде қолдануы туралы белгілі музыка аспаптарын зерттеуші Б. Сарыбаевтың зерттеулерінде кездеседі (Қорға қабылдау, сатып алу комиссиясының актілері, хаттамалары, 2010, 218б).Шебер Мамытовтың қолынан шыққан музыкалық аспаптың тағы бір түрі – сылдырмақ (НҚТ–12505). Сілкемелі аспаптардың қатарына жататын көне музыкалық аспаптың түрі. Ол үйеңкі, емен, шырша сияқты ағаштармен қатар металдан да жасалады. Ол қоңырау, сақпан, асатаяқ сияқты сілкіп ойналатын аспап. Сылдырмақтың үн үйлесіміне байланысты күлдіреуікті, сәлпеншекті деген түрлері кездеседі. АОТӨМ қорындағы Мамытовтың қолынан шыққан сылдырмақтың формасы жоғарыда аталған асатаяқ тәрізді жасалып, жалпақша келген тұсына жүрекше тәрізді саңылаулар қалдыру арқылы оған жоғарыдан төмен қарай 7 дана жез қоңыраулар тағылған. Сонымен қатар музей қорында ұрмалы аспаптың түрі сақпан сақталған. Сақпан – сабынан ұстап айналдырғанда немесе сілкіп екінші қолдың алақанына соққанда дырылдаған дыбыс шығаратын көне музыкалық аспаптың түрі. Халық тілінде сақпанды «зырылдауық» деп те атаған (Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен, 2014, 137б).

   АОТӨМ музейі қорындағы сақпан аспабы (НҚТ–12500) ұстайтын тұтқасы бар қорапша ретінде жасалып, оның ішіне жанындағы екі құлақшасына соғылып дыбыс шығаратын 7 дана тілшелер түскен. Сақпанның ұстайтын сабына айналдыра қатарынан 3 ойық сызықтар түсірілген. Ұзындығы – 33 см, шебері Иманбаев.

   Бұл мақалада Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақталған әртүрлі кезеңдерде келіп түскен, түрлі шеберлердің қолынан шыққан нағыз өнер туындылары ағаштан жасалған бұйымдар мұқият қаралып жазылды. Қарастырылған қолөнер бұйымдарының бір-бірінен жасалу жағынан, қолданған материалдары жағынан ерекшеліктері байқалып тұрды.

   Жоғарыда қарастырылған музей қорында сақталған қолөнер түрлерінің көбісі жергілікті шеберлердің қолынан шыққаны сөзсіз. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей бұл қолөнер туындыларына ұқсас немесе бір қолдан шығуы мүмкін заттар еліміздің әр жерінде, музей қорларында, жеке адамдарда сақталуы сөзсіз. Сол себептен де, бұл тақырыпта егжей-тегжейлі, талдап-жүйелеп зерттеу жүргізу алдағы уақыттың еншісінде.

 

Б.С. ЕСІРКЕПОВ, тарих магистрі, АОТӨМ археология және этнография ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1. АКТ приема экспонатов, протоколы фондово-закупочной комиссии 1989 год.

2. АКТ приема экспонатов, протоколы фондово-закупочной комиссии 1991 год.

3. АОММ – 13 қор, 1 тіркеу, 3935 іс.

4. АОТӨМ қорында сақтаулы дәстүрлі қазақ мәдениетінің этнографиялық бұйымдар каталогі / М.Н. Дүйсенғалидің жалпы редакциясымен. – Ақтөбе, 2013.

5. Арғынбаев Х.А. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы, 1987.

6. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Т 1. / Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен. Энциклопедия. – Алматы, 2011.

7. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі.Т 5. / Н. Әлімбайдың жалпы редакциясымен. Энциклопедия. – Алматы, 2014.

8. Қорға қабылдау, сатып алу комиссиясының актілері, хаттамалары 2010 жыл.

2677 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper