Анонс


Ежелгі көшпелілер қолданған қару (ФОТО)

Сенбі, 16 Мамыр 2020 04:00
Ежелгі көшпелілер қолданған қару (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Шақан – ерте темір дәуірінде Қазақстан, Сібір, Алтай жалпы Еуразия континентін мекен еткен сақ тайпалары қолданған қарудың бірі. Соққы жасау мен түйреуге арналған суық қарудың бұл түрімен жауынгерлердің жақын қашықтықта айқасқаны белгілі.

Б.з.д. VІІІ-VІІ ғасырларға жататын қоладан жасалған өте көне ұңғымалы шақандар скифтердің, пазырық және анандық мәдениет өкілдерінің әскери-көшпелілер обасынан кездеседі. Шақан екі бөліктен тұрады: шақанның өзі, яғни зақымдайтын бөлігі және ұстап жүретін сабы немесе тұтқасы. Кейінгі қола дәуірінде Орта Азия мәдениетінде қанжарға ұқсас, дөңгелек түтікшелі, екі жағында да жүзі бар, берік болу үшін күшейтілген қола шақандар болған.

Ұңғыма тұсынан жүзіне қарай сәл иіліңкі болғандықтан сүйір ұшы сапқа қарай бұрыштана иілген шақанның соққысы дәл тиетіндіктен және кері серпу күші аз болғандықтан балта ретінде де қолданысқа ие болған. Бастапқыда ғалымдар жерлеу орындарынан табылған шақан мен қанжарларға қарап, жаяу әскердің қару-жарағы деген пікірде болған. Бірақ кейінгі зерттеу нәтижелері шақанды жаяу әскер мен бірге атты әскердің қолданғанын анықтады. Өйткені жерлеу кешендерінен шақанмен қатар жебе ұштары да жиі кездесті.

 

Қазақстаннның ерте темір дәуіріне жататын жерлеу ескерткіштерінде шақан сирек кездеседі, көбіне кездейсоқ жағдайларда табылады. Қазіргі уақытта бізге Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстандағы ескерткіштерден табылған, б.з.д. VІІ-VІ ғғ. тән бірнеше шақан белгілі. Жартас беттерінде кескінделгені болмаса, басқа аймақтардан бұл қарудың түрлері көп кездеспейді.

Алайда Жетісу өңірінен табылған екі бірдей шақан бүгінде «Есік» қорық-музейінің экспозициясынан орын алған.

Алғашқы шақан 1985-1986 жылдары Шұбарат-1 қорымының №12 қорғанынан табылған. Темірден жасалған саңылаулы шақанның сүйір бөлігінің ортаңғы бөлігі жуандау болып келгенімен, ұшына қарай жіңішкере түседі. Шақан ұңғысы – балға тәріздес. Зақымдайтын бөлігі мен ұңғымасы тысқары орналаспаған бұйымның саңылауы жіңішке. Шақанның саңылауы сабы мықты болуы үшін есептеліп жасалған. Бұйымның жалпы ұзындығы 23 см. құрайды.

Ал екінші «Есік» қорық-музейінің ғылыми жобасы аясында 2015 жылы Өрнек қорымының екінші тізбегіндегі №5 қорғаннан табылды. Темірден жасалған шақанның даттанып,  шіри бастағанына қарамастан негізгі кескінін анық байқауға болады.

 

Біраз зерттеушілердің тұжырымына қарасақ, шақанды қолдану аясы тек соғыс жағдайымен шектелмей, сонымен бірге ғұрыптық жоралғыларды жасау барысында да қолданған. Дәлел ретінде жоғары бөлігіне арқардың және басқа да аңдардың бейнесі орнатылған, яғни аң стилінде сомдалған шақандармен қатар, петроглифтердегі кескіндерді және жерлеу кешендеріндегі шақан соққысы әсерінен болған жамбас, маңдайында жарықтары бар бассүйектерді келтіруге болады.

Дегенмен сақ дәуірінен сыр шертетін ғұрыптық бұйымдармен қатар қару-жарақ түрі де құрбандық шалу үрдісінің сонау ертеден бастау алатындығының куәсі.

Пішіні мен көркемдік стилистикалық ерекшеліктеріне және әмбебаптығына қарай отырып, ғұрыптық қару-жарақтың бір түрі болып саналатын шақанның археологтар үшін де орны ерекше. Себебі жерлеу ескерткіштерінің нақты қай кезеңге жататынын анықтайтын артефактілердің бірі екені белгілі.

 

Эльмира АЙТҚҰЛОВА, «Есік» қорық-музейінің ғылыми қызметкері

171 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper