Анонс


Шетел музейлеріндегі жәдігерлеріміз жайлы не білеміз? Таңдаулы

Бейсенбі, 24 Желтоқсан 2015 10:08
Шетел музейлеріндегі жәдігерлеріміз жайлы не білеміз? KAZMUSEUM.KZ -  

Ілгеріде Мәжілісте өткен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлының үкіметтік сағатында депу­таттар шетел музейлеріндегі қазаққа қа­тыс­ты құнды жәдігерлерді елге қайтаруды талап еткен еді.

Әсіресе, депутат Гүлнәр Ықсанова: «Әлемдегі көптеген музейлерде, мәселен, Лувр, Британ музейі, Британ кітапханасы, Метрополитен музейі, Эр­ми­тажда біздің мәдени құндылықтары­-мыз бар. Қазақ хандарының хаттары, руна жазбаларының ескерткіштері, қалалардың карталары, Кенесарының қылышы, Бөкей ордасы ханының суреті, Абылай ханның заттары секілді жәдігерлер шетелде қойыл­ған. Осы экспонаттарды біртіндеп қайтару бойынша стратегиялық жұмыс жүргізу қажет. Бұл біздің ұлттық идеямыз болуы тиіс» деген болатын. 
Шетелдегі музейлерде біздің талай құн­дылықтарымыз қайтарусыз жатқаны шындық. Егер біз ұрпағымыздың болаша­ғына алаңдаған, тарихтан тағылым алған ұлт болсақ, сол экспонаттарды сұратуымыз керек. Кезінде Эрмитаждағы Тайқазанды да елге қайтардық емес пе? Ендеше, елара­лық келісім жасап, жәдігерлерімізді неге алдырмасқа?
Шетелде біздің қандай құнды­лық­тарымыз бар? Алдымен АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында орналасқан Метропо­ли­тен музейінен бастасақ. Метрополитен – әлемдегі зиярат жасаушылары жөнінен төртінші орында тұрған атақты музей. Бүгінде музей топтамасында 2 миллионнан астам өнер туындасы бар, соның ішінде біздің тарихымызға қатысты мол дүние сақ­талған. Тікелей қазаққа қатысты бол­маса да, біздің бабаларымыздың тәбә­рік­тері бар. Сақтардан, ғұндардан, қыпшақ­тардан, алтынордалықтардан, моғолдар­дан, мәмлүктерден қалған мол дүние осы музейде сақтаулы тұр.

Осылардың ішіндегі ең құндысы – Алтын орданың билеушісі Жәнібек хан­ның дулығасы. Заманында бұл дулығаны еуропалық саяхатшылар Тибеттен әке­ліпті. Дулыға Тибетке қалай барған? Бұған қатысты да ғалымдардың болжамы бар екен. XVII-XVIII ғасырларда Қазақ дала­сы­на жоңғарлардың көз алартқанын біле­міз. Міне, осы кездегі қанды шайқастардың бірінде жоңғарлар ханның дулығасын қолды қылып, Далай Ламаға сыйға тарт­қан-мыс. Бірақ бұл да дәлелден­беген бол­жам ғана.


Тибеттен кейін дулыға Артур Окс Цульз­бергер деген америкалық коллек­ционердің қолына түскен. 2007 жылы Цульзбергер ханның дулығасын Метро­политен музейіне тапсырған. Дулығаны XIV ғасырда ордалық шеберлер жасаған. Негізін болаттан құйып, сыртын күміспен көмкерген. Биіктігі – 20-23 сантиметр, диа­метрі – 22 сантиметр. Үшкір төбесі өткір қырлы болып келеді. Төменгі жие­гінде араб қаріптерімен «Құрметті, қайы­рымды, ұлық, жеңімпаз, сұлтан Махмұд Жәнібек» деген күміс жалатыла ойып бе­дерленген жазу бар. Айтпақшы, Жәнібек хан туралы айтқанда мынаны білу керек, бұл дулыға Алтын орданың ханы Жәнібек Өзбекұлына тиесілі. Жәнібек хан – Шың­ғыстың ұлы Батудың ұрпағы. Жерленген жері – қазіргі Сарайшық. Сондықтан оны Қазақ хандығының негізін қалаған Жәні­бек Барақұлымен шатыстырып алмайық. 


Метрополитен музейінде сақталған тағы бір құнды жәдігер – қыпшақтан шық­қан мәмлүктердің 18-әміршісі Қайт­бай сұлтанның тостағаны. Биіктігі – 12,7 сан­тиметр, диаметрі – 36,8 сантиметр. Тостаған 1468 жылы жезден жасалған, күміс жалатылған. Бастапқыда тостаған қыпшақ сәулеті бойынша жасалған, 1517 жылы оны түріктер қолды қылып, аздап өрнектерін өңдеген екен. Бұл жәдігерді Артур Мур деген коллекционер сақтап келіпті. Метрополитен музейіне жәді­герді 1891 жылы өткізген. 

Қайтбай сұлтан Қыпшақтың (қазақ­тың) шеркеш руынан шыққан. Бейбарыс бабамыз секілді Қайтбай да жиырма жасында мысырлық саудагерге сатылған. Кейін әскери қимылдарымен көзге түсіп, сарай күзетінің мүшесі, мәмлүктердің мың­басысына дейін көтерілді. 1468 жылы сұлтан тағына отырып, 1496 жылға дейін Мысыр мен Шамды (Сирия) билеген. Ме­трополитеннен басқа да музейлерде Қайт­байға қатысты жәдігерлер көп сақ­талған. Түркияның Топқапы сарайында Қайтбай сұлтанның сауыты бар. Ал Вашингтон музейінде сұлтанның кілемшесі тұр. 
Атақты Британ музейінде де қазаққа қатысы бар жәдігерлер жетерлік. Соның ең негізгісі – Бейбарыс сұлтанның алтын­нан жасатқан динарлары. Әр жылдары, әртүрлі пішінде шыққан динарлар музей­дің тиындар қорында сақтаулы тұр. Ал Британ кітапханасында Бейбарыс сұлтан жасатқан көне Құран бар.
Ресейдің Петербор қаласындағы І Петр атындағы Антропология және этно­графия музейі (Кунсткамера) қазақтың қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттарына бай. Музей қорындағы фото­мұрағаттың өзі бір төбе. Әсіресе, сурет­шілер А.Померанцев (1851 жыл) пен Па­вел Кошаревтің (1856 жыл) салған сурет­тері, генерал-адьюдант Константин Фон Кауфман құрастырған «Түркістан аль­бомы» (1871-1872 жылдар), этно­граф­тар Самуил Дудин (1899 жыл) мен Клавдий Щенниковтің (1908 жыл) фото­коллек­цияларында қазақтың бай тарихы тұнып тұр. Осылардың түпнұсқасын бол­маса да, сапалы көшірмелерін елге әкел­сек, та­рихымыз үшін мол олжа болар еді.
Бұл музейде қазақ тұлғаларының жә­дігерлері де жетерлік. Музейге орыс кол­лекционерлерінен бөлек әр жылдары Шың­ғыс Уәлиханов (Ақмола облысы), Лайымжан Беркімбаев (Торғай облысы), Хасан Имамбаев (Торғай облысы), Расул Мұхаммедов (Маңғыстау облысы), Борис Балмұқанов (Алматы облысы), Нұржақып Нұрсейітов (Ақмола облысы), Нұрилә Шаханова, Қабиден Жайбосынов секілді қазақ коллекционерлері өздері жинаған жә­ді­герлерді өткізіп отырған. Соның бірі – Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиха­нов­тың пышағының қыны. Жалпы ұзын­ды­ғы – 42 сантиметр, пышағының ұзын­дығы – 26 сантиметр. Соған қарағанда, пышағы да болған болуы керек. Өкінішке қарай, сақталмаған екен. 
Академик Әлкей Марғұланның жа­зуына қарағанда, Шыңғыс қазақ даласы­нан көптеген этнографиялық экспонат жи­напты. Онысын Мәскеу өнеркәсіп көрмесіне ұсынған. Кейін профессор В.В.Григорьевтің өтінішімен бұлардың біразын Петербор, Мәскеу музейлеріне алып қалған. Петерборда өткен «Үшінші халықаралық шығыстанушылар конгресі» көрмесіне арнап Шыңғыс Абылай мен Уәли хандарға тиесілі бірқатар жеке бұйымдарын жіберген. Олардың арасында ең сапалы ер, тастан қашалған көне бұ­йым­дар, білтелі мылтық, алтынмен әдіп­телген, күміс, асылтастармен көмкерілген қорамсақ, күміспен жиектелген былғары қынды алмас қылыш болған. Бұл экспо­нат­тарды сол кезде П.П.Семенов-Тяньшанский жоғары бағалаған екен. Өкінішке қарай, солардан сақталғаны осы пышақ қыны ғана. Кім біледі, бәлкім, ниет қойып іздесек, басқа музейлерден табылып қалуы да мүмкін.
Лайықжан Беркімбаев пен Хасан Имам­баев музей қорына жүздеген жәді­-гер өткізген. Сол коллекциялардың ара­сында сондай сапалы етіп жасалған кісе белдік бар. Белдіктің анықтамасында «Жинаушының берген мәліметіне сенсек, бұл белдік сұлтан Кенесарының ағасына тиесілі болған» деген жазу бар екен. Соған қарағанда, кісе белдік Саржан сұлтанның меншігі болуы әбден мүмкін. 
...Енді Кенесарының өзіне тоқталсақ. Ресейдегі Омбы мемлекеттік тарихи-өл­кетану музейінде Кенесарының мылты­ғы сақталған. Мылтықтың бұл музейде тұр­ғанына ендігі ғасырға жуықтады. Оны Кенесарының қайтқанына 35 жыл толған 1882 жылы М.Дүсентаев деген қазақ гене­рал-губернатор Г.Колпаковскийге сыйға тартыпты. Колпаковский сұлтанның мыл­тығын Императорлық орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөліміне тап­сыр­ған. Сол жерден Омбы музейіне қойылған. 
Ал Кенесарының бассүйегі әлі еш жер­ден табылмай тұр. Ел аузында бас сүйектің Эрмитажда, Кунсткамерада, ҒЗИ мұра­ғатында сақталғаны айтылғанымен, әлі күнге шейін бір хабары жоқ. Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы РФ Федералды қауіп­сіздік қызметі мұрағатындағы Андрей Па­лашенковтың жеке қорынан сарғайып кеткен қағаздарды тапқанын сүйіншілей жазған еді. Міне, осы қағазда «Уақыттан сарғайып кеткен адамның қатты бас сүйе­гі, оның маңдайында қазыналық мөр бас­тырылған екен. Бұл – Абылай ханның немересі, сұлтан Кенесары Қасымұлының бас сүйегі…» деген жазу бар екен. Соған қарағанда, бас сүйек орыс музейлерінің бірінде жатқаны сөзсіз. Осыдан біраз уақыт бұрын ҒА Музейлер қорының бұрынғы директоры Юрий Хорошилов та: «Кенесарының басы кеңестік кезеңде КСРО-ның Гохранасында (Федералды қазыналық мекеме) сақталып жатқан, ал қазір Ресейдің Гохранасында сақталуда» деген әңгіменің шетін шығарды. Алайда Гох­рана қорындағы экспонаттар арасы­-нан да бас сүйек табылмай тұр.
«Іздеген жетер мұратқа» деген. Бірігіп іздесек, сұратсақ, алдырсақ, талай тарих­тың беті ашылары сөзсіз. Сондықтан та­рихшылар, музей қызметкерлері болып жат жерде қал­ған тарихи тұлғаларымыздың жәді­герлерін жинауымыз керек. 
ҚР Ұлттық музейінің директоры Дар­хан Мыңбай Астанада өткен бір дөңгелек үстелде: «Ұлттық музей ашылғалы бері Ресейдің музейлерімен келісімшартқа отырдық. Бұл жұмыстардың бәрі де өз тарихымызды түгендесек, өшкенімізді іздесек деген мақсатта жасалуда. Кезінде шетке шығып кеткен дүниелеріміздің кө­шірмесін алып елге таныстырсақ, ол хал­қымызға тарихты таныту үшін жасалған үлкен жетістік болар еді» деген болатын. 
Рас, шетелдердегі қазақтың құнды­лықтарын қайтару күн тәртібіндегі мәселе болуы керек. Сол сияқты, ел арасында сақталған бабалардың бұйымдарын жинап музей төріне ұсыну – біздің міндетіміз. Осы бағытта «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы жүріп жатыр. Акцияның арқа­сында мыңдаған құнды жәдігер музей­лерге табысталды. Енді әлі күнге дейін ұр­­пақтарының қолында жүрген Бөген­бай батырдың дулығасын, Қабанбай ба­тырдың найзасын, Ақтамберді жыраудың сауытын, Абайдың бәкісін де мемлекет өз мойнына алып музей төріне қойса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Серікбол ХАСАН,

АЙҚЫН газеті.

 

Басты суретте: АҚШ-тың Метрополитен музейі 

7209 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper