Анонс


Т.Балықбаев: Өткен жылы 40-қа жуық ескерткіш зерттелді

Жексенбі, 24 Мамыр 2015 23:37
Т.Балықбаев: Өткен жылы 40-қа жуық ескерткіш зерттелді KAZMUSEUM.KZ -  

«Еліміздегі тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қазіргі жай-күйі» тақырыбымен өткен «Нұр Отан» партиясы «Мирас» қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев 2009-2011 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізілгенін атап өтті.

«Биылғы 2015 жыл ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі жеткен биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі жыл болып отыр. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен бүкіл ел болып Қазақ хандығының 550 жылдығын атап отырмыз. Бұл іс-шаралар еліміздің тарихын терең зерделеуді, жас ұрпаққа ғылыми негізде, тарихи дәлел-айғақпен санасына сіңіруді және оларда қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруды көздейді», - деді ведомство басшысы.

Cондай-ақ, ол Білім және ғылым министрлігінің осы тақырыпқа байланысты бірталай жұмыстар атқарып жатқанын айтты.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін зерттеу саласында іргелі зерттеулер жүргізу үшін 2009-2011 жылдары 274,8  млн.теңге қаржы бөлінді, сонымен қатар, «Мәдени мұра» шеңберінде 238,5 млн.теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде, 40-қа жуық ескерткіш зерттеліп, «Есік», «Берел», Мерке-Жайсаң тарихи-мәдени қорықтары құрылды», - деп түйіндеді ҚР Білім және ғылым вице-министрі.

Айта кетейік, іс-шара барысында арнайы әзірленген көрме ұсынылып, мәдени ескерткіштерді реставрациялау, консервациялау, қайтадан жасау жұмыстарының сапасы, қорық-музейлердің мәдени туризмді дамытуға қосар үлесі, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамалардың орындалуы мәселелері қаралды.

.

2388 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper