Анонс


Тарихтың түпқазығы - Таңбалытас

Бейсенбі, 11 Желтоқсан 2014 09:20
Тарихтың түпқазығы - Таңбалытас KAZMUSEUM.KZ -  

«Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады», – деп дана халқымыз айтпақшы, Алматы облысының, Жамбыл ауданы аумағында орналасқан ашық аспан астындағы Таң­балы Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі қазақ халқының ғана мақтанышы емес, ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген аса құнды жәдігерлеріміз сақталған киелі тарихи мекен.

Таңбалы археологиялық кешені жоғалып кеткен дала өркениетінің ерекше куәгері, қоршаған ортаға бейімделудің төтенше жоғарғы деңгейі, табиғатпен үндесу және табиғи ландшафты экологиялық заласыз пайдалану оның маңызды сипаттық белгісі болып табылады. Мұнда республикалық маңызы бар ескерткіштер саны, 100-ге жуық. Атап айтқанда, шатқал іші археологиялық қорғандар, қорымдар мен қоныстарды құрайды. Ашық аспан астындағы қорық-музейіндегі ерекше қорғалатын ортаңғы аймақта 5000-ға жуық жартас суреттері (петроглифтер) кездеседі.

Экскурсияны жүргізу тау алды жазық­тығында орналасқан «қола дәуірі» (б.з.д. XII-X ғғ.) жататын Қарақұдықтан басталады. Әрі қарай экскурсия бағыты бес топқа бөлінген жартас суреттерінің көпшілік мөл­шерде шоғырланған орны және қола дәуірінің Таңбалы-II қабіріне баратын қо­рық-музейдің орталық бөлігі бойынша өтеді.

Жалпы алғанда, жүзге тарта әртүрлі уақытқа жататын ескерткіштерден – б.з.д. ХIII-ХIV ғасырдың ортасынан бастап ХІХ-ХХ ғасырларға дейінгі кең аралықтағы кезеңдерге жататын қоныстар, қорымдар, ежелгі тас қашау орындары, жартас суреттері мен ғұрыптық құрылыстардан (құрбан шалатын жерлер) бейнеленген бейне тас­тар көрсетіледі. Ал мәні мен сыры көп ескерт­кіштерге баянды зерттеу жұмыстарын жүр­гізе отырып, тамыры тереңде жатқан тарихи мәдени мұрамызды республика жұрт­шылығына кеңінен насихаттау музей ұжы­мының тікелей жұмысы.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1052 қаулысымен 2003 жылдың 14 қа­занында Алматы облысында Таң­балы Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі құрылды. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.

Таңбалы қорық-музейі Алматы облы­сының Жамбыл ауданындағы Мәті­бұлақ селолық округі аумағында, Алматы қаласының солтүстік-батысынан 170 шақы­рым жерде, Қарабастау ауылының сол­түстік-батысына қарай 4 шақырым өңірде орналасқан. Бұл қорық аумағының жалпы ауданы 3800 гектар жерді құрайды.

Таңбалы шатқалының аумағында жүзден астам әртүрлі уақыттағы археологиялық ескерткіштер орналасқан. Атап айтқанда – қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі XIV-XIII ғасырдың ортасынан XIX-XX ғасырлар аралығын қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас суреттері (петроглифтер) және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) орналасқан. Олардың бәрі бірігіп үш мың жыл бойы біздің еліміздегі ертедегі және қазіргі кездегі көптеген халықтардың тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешенді құрайды.

Кешеннің I-V топтарындағы барлық кезеңдердегі негізі жартастарында 3000-ға жуық жартас суреттері сақталған архео­логиялық ландшафты болып табылады. Жартас суреттері белгілі бір бағытта орналасқан жазықтық жартас бетіне ойып жазылған. Аңғардағы археологиялық әр­бір ландшафты жартастарының алдын­да қола дәуірінің барлық суреттері күрделі ком­позицияларға дәйектіліп біріге орналасқан және бір мезгілде көрінетін орындары бар. Таңбалы жартас суреттер жыйынтығы қола дәуіріндегі тайпалардың ертедегі мифология­сы негізінде көркем хикаяны нақтылы түрде анықтап көрсетеді. Қола дәуіріндегі Таң­балының көптеген жартас суреттері Ор­талық Азияның жартастағы өнеріндегі бірегейі деп саналады.

Астананың символына айналған мәуелі бәйтерек б.з.д XII-X ғасырлардағы қола дәуірі кезінде Таңбалыдағы жартасқа салынған құнды жәдігерлердің бірі. Шатқалдағы мәуелі бәйтерек суреті сол кездің өзінде-ақ құндылығы жоғары болғандығы анық.

Таңбалы Орталық Азиядағы жартас өнеріндегі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алғашқы «Архео­логиялық ланд­шафтының петроглифтері» республикалық ескерткіші болып табы­лады. Қазақстанның көп ғасырлық тари­хындағы бұл қорықтың мәнділігі, қола дәуірінің суретшілері алғаш рет құдайға антропоморфтық кескін бере отырып, оның көріп білуге болатын бейнесін жаса­ғандығымен мәнді. Таңбалының әлемдік мәні, адам (суретші) ашық аспан астында Күн ордасын жасай отырып, ландшафтың табиғи өзгешелігімен өзінің шығармашылық даналығын біріктіре білген. «Азия даусы» фестивалінің эмблемасына айналған Күн басты құдайдың суретінің орналасқан жері Таңбалы шатқалы, тек Орталық Азия көлемінде ғана емес, ғаламдық көлемдегі ең маңыздылардың бірі болып табылады. Бұл зерттеліп жатқан және қорғалатын адамзаттың тарихи-мәдени мұрасы болып табылатын кешен.

Осы жартастағы суреттер біздің сана­мызға әсер ете отырып, ғасырлар арқылы сәлемдеме түрінде бізге жеткендей. Таңбалы жартас суреттері жүйелі түрде, белгілі дәйектілікпен орналасқандығын және бел­гілі экспозициядағы ғана жартастағы жа­зықтықты алып жатқандығын байқаймыз.

Қорық-музейінің аумағы тәулік бойы күзет қызметімен бақыланады. Оның аумағындағы тарихи-мәдени құндылықтарды қорғауды жүзеге асыру үшін атты қарауыл ұйымдастырылған.

Жартас суреттерінің бірінші тобы қола дәуірінің эскиздері және аяқталмаған суреттер, жануарлардың жеке кескіндерін өте үлкен мөлшерде, 60-70 см.-ге дейін болатын 111 жартас суреттерінен құралады. Екінші тобы – ең анық сымбатты, көрікті жартастағы суреттер. Мұнда ежелгі 432 жартас суреттері орналасқан. Қола дәуірінің суреттері өте ірі, терең және мұқият қашап салынған. Тек осы жерден ғана «бетперде киген» адам бейнесін көруге болады. Осы топта орта ғасырлық және қола дәуіріндегі жартас суреттері басым. Олар Таңбалы жартастарындағы суреттердің өте ежелгі және ең мәнерлі жиынтығын құрайды.

Жартас суреттерінің үшінші тобы қола дәуірінің 444 жартас суреттерінен құралған, алайда, олардың елеулі бөлігі келесі ғасырларда жаңаланған. Ертедегі композициялардың көпшілігі сақ дәуірінің және орта ғасырдың жартас суреттерімен толық­тырылған. Осы топтың жартас суреттері кеңістіктік шешу галерея­сына ыңғайланып орналаса отырып, қарама-қарсы жағынан оларды бақылауға қолайлы жасалған. Суреттердің төртінші тобы қасиетті орынның мәндік және композициялық орталығын түзеді. Мұнда 700-ден астам жартас суреттері бар, олар ерте темір дәуіріне, орта ғасырларға және жаңа уақыт кезеңіне (XVII-XIX ғасырлар) жатады. Қола дәуіріндегі бірегей пантеон айрықша құндылыққа ие, онда белгілі тәртіппен және әрқайсысы өзінше ертедегі адамдардың табынушылықтың 7 діни кейіпкерлерімен бейнеленген, ал төменірек 10 жауынгер, жас босанған әйел және дұғаға қолдарын жайып отырған адамдар көрінеді.

Жартас суреттерінің бесінші тобында 1000-нан астам жартастағы суреттер бар. Қола дәуіріне жататын жануарлар (денесінде жолақтары бар бұқалар, қабан-шошқалар, аттар және басқалар) бейнеленген бірнеше ірі панно, түйе жегілген сәнді арба, жүк таситын арба, сондай-ақ, шоқпарлылар және «күнбастылар» бейнелері жатады. Жалпы алғанда, жартастарда 11 құдайдың бейнесі сақталған, алайда, оның бәрі төртінші топта бейнеленген пантеонның бас кейіпкерінің бейнесін қайталайды.

Дүниежүзінде мәдени тарихи мұраларға қызығушылық артқандықтан мәдени саяхаттар дамуда. Тасқа салынған суреттер туристерге бәрінен де қызықтырақ, себебі, олар басқаларына қарағанда анық көрініске ие болған. Сонымен қатар, тастағы суреттер ашық аспан астында орналасқан, олар табиғи және басқа факторлардың кесірінен жиі өзгерістерге ұшырап отырады. Негізінен Таңбалы тек жартас суреттері ғана емес, сонымен қатар, жерлеу орындары мен тұрақтар да туристердің қызығушылығын тудырады. Таңбалының көріністері арқылы, біздің заманымызға дейін өмір сүрген адамдардың кешенді қалай пайдаланғандықтарын анық көруге болады.

2014 жылы 7 шілдеде Таң­балы Мемлекеттік тарихи-мә­дени және табиғи қорық-музейі археологиялық ландшафты петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгеніне 10 жыл толды. Осыған орай ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген жар­тастағы тарихи ескерткіштерді зерттеу шараларын жандандырып жаңадан ашылатын төртінші топқа туристік жолдар жасалып, экскурсия бағыттары дайындалды. Жартастағы суреттер ғылыми тұрғыдан зерттелді. Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және спорт министрлігімен келісілді. Таңбалы орталығына келген туристерге ортаңғы аумақтың туристік картасы бойынша, ақпараттық жарнамалық құралдарды негіз­ге ала отырып, экскурсиялар жүргізіледі. Дәл осы топта Түркі дәуі­рінің ту ұс­таған атты адам бейнесі кез­деседі. Таңбалы қола дәуірінен түркі дәуіріне дейінгі бабалардың «Мәң­гілік Ел» орнату жолы бейнеленген рәміздер жүйесі деуге болады. Мысалы, жартастағы бөрілі байрақ көтерген, ту желбіреткен салт атты бір топ жауынгерлер елдіктің, ерліктің, Отан үшін күресін жас ұрпаққа паш етіп тұрғандай. Негізгі жартас суреттері 250 тасқа қашалған суреттерден құралады. Қазіргі кезде Таңбалыдағы жаңа туристік бағыттың дамуы, ашық аспан астындағы тарихи мұралар құндылығының алдыңғы орында тұруы бүгінгі күннің басты талабы.

Ерлік Әлімқұлов, 

Таңбалы Мемлекеттік мәдени тарихи-мәдени және табиғи-қорық мұражайының директоры. Алматы облысы.

Егемен Қазақстан

6583 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper