Анонс


Алтын және платинамен қапталған майолика бұйымдары Ұлттық музейге қойылды (ФОТО) Таңдаулы

Бейсенбі, 13 Қазан 2016 01:15
Алтын және платинамен қапталған майолика бұйымдары Ұлттық музейге қойылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде итальяндық мозаика мектебі шеберлерінің «Фриули мозаикасы» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмені Италияның Қазақстандағы Елшілігі мен Ұлттық музей бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты. 

Шараға Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, Италия мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі  Стефано Раваньян, Әбілхан Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінің директоры Есенова Ханзада және музей қонақтары қатысты.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Мозаика – көнеден, сонау антика дәуірінен келе жатқан өнер. XIV-XV ғасырдағы Қожа Ахмет Яcауи кесенесінде осы мозайканың шығыстық үлгісі бар. Осының барлығы бұл өнердің өте күрделі және көне өнер түрі екенін айғақтайды. Осындай керемет көрмені ұйымдастырған  Италия елшілігіне алғыс білдіргім келеді» деп ұйымдастырушыларға алғысын білдірді және де қонақтарды көрмеден рухани ләззат алуға шақырды.

Өз кезегінде Италия мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі  Стефано Раваньян: «Көрмені ұйымдастыруға жағдай жасаған Ұлттық музейге алғыс білдіремін. Бұл музей – біздің мозаикаларымызды көрсетуге таптырмайтын орын. Оның үстіне көрме  Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыстың арқасында жүзеге асып отыр. Бұл көрме бірлесіп жұмыс атқарудың алғашқы бастаулары. Ендігі жерде қазақстандық студенттер Италияға барып, мозаиканың қыр-сырын толықтай меңгере алады», деп бұдан ары өзара қарым-қатынастың беки түсетіндігін атап өтті. 

Көрмеге арнайы келген Италиядағы Cпилимберго қаласының мэрі Ренцо Франческони мырза: «Аталған экпонаттар – біздің мозайка мектебінің ең үздік туындылары. Және де барлығы біздің студенттердің қолынан шыққан. Студенттер өздерінің туындыларын әлемге таныту мақсатында бізге ұсынып отыр», деп көрменің маңыздылығына тоқталып өтті.

Көрмеге келушілер алтын және платинамен қапталған майолика бұйымдарымен танысты. Олардың қатарында түрлі өрнектермен безендірілген вазалар, табақтар, құмыралар, екі сапты графиндер, тегештер, үлкен шамдалдар, құмғандар, қобдишалар, барокко сағаттары сынды заттар бар. Қонақтар назарына барлығы 70-ке жуық керамика бұйымдары ұсынылды. 

Көрме 28 қарашаға дейін жалғасады.

6960 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper