Анонс


Алматыда тағам ретінде пайдалануға болатын "жәдігерлер" көрмесі ашылды (ФОТО)

Сәрсенбі, 23 Қыркүйек 2015 10:29
Алматыда тағам ретінде пайдалануға болатын "жәдігерлер" көрмесі ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде шоколад көрмесі ашылды. Бір қызығы, ондағы жәдігерлердің барлығы шоколадтан жасалған, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік тур аясында «Nikolya шоколад музейі» авторлық көрмесі бұған дейін ТМД елдерінің 40-қа жуық қаласында болған. Бүгінгі көрмеге 300-ден астам жәдігерлер қойылды. Олардың ішінде Қазақстанға арналғандары да бар.

«Жәдігерлердің азғантай бөлігін дайын күйінде алып келдік. Бірақ, негізгі бөлігі осы жерде, яғни музейде бір ай көлемінде жасап шығардық.  Солардың ішінде әсіресе қазақ қыздарының басына киетін сәукеле мен «Алтын адамның» дулығасын жасап шығару маған қиынға соқты», - деді көрменің авторы, ресейлік талантты шоколатье Николай Попов.

Оның айтуынша, көрмедегі жәдігерлердің барлығының салмағы 700 келіден асады. Ал жәдігерлердің өзі шоколадтан жасалып, марципанмен және тағамдық бояғыштармен әрленген.

Шоколадтан жасалған карта

«Бұл жәдігерлер бір жылға дейін сапасын жоғалтпайды. Яғни жеуге жарамды. Ал бір жылдан кейін дәмі өзгереді. Бірақ көрмелерге екі жыл көлемінде қоюға болады», - деді Н. Попов.

Тағам ретінде жеуге жарамды жәдігерлер

Сонымен қатар, көрме барысында ниет білдірушілер Николай Поповтың шеберлік сыныбына қатыса алады. Ал көрме алдағы қараша айының ортасына дейін жалғасады. Кейін ол, еліміздің басқа да қалаларында жұртшылық назарына ұсынылады.

 

 

5258 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper