Анонс


Депутаттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнің жағдайына алаңдаушылық білдірді

Сәрсенбі, 13 Мамыр 2015 14:11
Депутаттар Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнің жағдайына алаңдаушылық білдірді KAZMUSEUM.KZ -  

 Бүгiн ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында депутат Розақұл Халмұрадов Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтың атына жолдаған депутаттық сауалында Қожа Ахмет Ясауи кесенесiнiң апаттық жағдайына назар аударды. Депутаттың пiкiрiнше тәуелсiз комиссия құрып, оның қорытындысы бойынша кесененi жөндеу жұмыстарын жүргiзу қажет, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi. 

«Түркiстан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесi – елiмiз тарихындағы таңдаулы жәдiгерлердiң бiрi. Түркi дүниесiнiң тұмарына айналған осы ғимараттың жай-күйi бүгiнгi күнi нашарлап, апатты жағдайға жетiп отыр. Бұл жөнiнде бұқаралық ақпарат құралдары дабыл қағып келедi», - дейдi Р. Халмұрадов. 

Депутат атап өткендей, осы мәселенi көтерген Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары Үкiметке бiрнеше депутаттық сауал жолдаған, бiрақ тиiстi нәтиже болған жоқ. 

«Кесененi қалпына келтiру жұмыстары «Қазреставрация» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнына тапсырылады. Бұл ұйым жобаны өзi жасайды, әрi оны жүзеге асырады және атқарылған жұмыстарды өздерi қабылдап алады. Тәуелсiз ғалымдардың жүргiзген сараптамасы бойынша бұл ұйымның атқарған жұмыстары тиiстi талаптарға сай келмейдi екен. Бұл жөнiнде «Егемен Қазақстан» газетiнде жарияланған «Кесененiң күрделi күйi», «Киелi кесене сынақ алаңына айналмауы тиiс» деп аталған мақалаларда баяндалған», - дедi халық қалаулысы. 

Оның пiкiрiнше, осы мәселенi шешу үшiн тәуелсiз комиссия құру қажет. 

«Осыған байланысты Қожа Ахмет Ясауи кесенесiне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, сараптама жасау үшiн елiмiздiң бiлiктi сәулетшiлерi мен құрылысшыларын және осы кесене сияқты ғимараттары бар мемлекеттерден шетелдiк сәулетшiлердi, ғалымдарды, реставрация мамандарын тарта отырып, тәуелсiз комиссия құру қажет деп санаймын. Осы комиссияның қорытындысы бойынша кесененi жөндеу және қалпына келтiру жұмыстары жүргiзiлетiн болса, қазiргi апаттық жағдайдан құтылар едiк», - деп есептейдi Розақұл Сатыбалдыұлы.

Айымгүл ӘБІЛЕВА

 

 

2022 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper