Анонс


С.Жолдасбайұлы: Қазақ хандығының тарихын зерттеуге археология ғылымы мол үлес қосты

Сәрсенбі, 29 Сәуір 2015 21:18
С.Жолдасбайұлы: Қазақ хандығының тарихын зерттеуге археология ғылымы мол үлес қосты KAZMUSEUM.KZ -  

Алматыда VII Әбдіманап Оразбаев оқулары өтті. Жыл сайын белгілі археология мен этнология саласы мамандарының басын қосатын дәстүрлі шара биыл Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология, этнология және музейтану кафедрасы бірге ұйымдастырылды.

Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, тарих және қоғамтану ғылымдарының академигі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті Археология ҒЗО директоры Сәйден Жолдасбайұлы биыл тойланғалы отырған қазақ хандығының құрылу тарихын зерделеуде археология ғылымының қосқан үлесі зор екендігін жеткізді.
«Қазақ тарихының ортағасырлық дәуірі деген - өте үлкен мәселе. Оны археология саласымен байланыстыру ертеден басталған. Орта ғасырларды зерттеу мәселесі Отырардан басталды. 1968 жылы Кемел Ақышев бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы осы жұмысқа ден қойып кіріскен болатын. Зерттеу жұмыстары 50 жылдан бері жалғасып келеді. Қазақ хандығының құрылуында үлкен рөл ойнаған Түркістан, Сауран, Сығанақ қалаларын археологиялық зерттеу көптеген тың деректер берді. Қазақ хандығы алғашқы дәуірінде осы жердегі тайпалардың алғашқы астанасы Сығанақ қаласы болды. Қазір атаулы датаға байланысты Сығанақ қаласында үлкен қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ашық аспан астындағы музейге айналды. Жәнібек пен Керейдің ат басын бұрып тоқтаған, қазақ хандығының орталығына айналған Сығанақ қаласында мемлекет болып қалыптасу басталды десек қателеспейміз. Мемлекет болып қалыптасып, сырт елдермен байланысқа түсе бастады», - деді Сәйден Жолдасбайұлы. 

Сонымен қатар шара барысында қазіргі археологияның теориялық және методологиялық аспектілері, Еуразиядағы тас дәуірінің нәтижелері мен өзекті мәселелері, ежелгі және ортағасырлық көшпелілердің материалдық және рухани мәдениеті, сондай-ақ Қазақстанның ортағасырлық қалалары мен оған іргелес аймақтардың топтасуы және оқшауландырылуы, материалдық мәдениеті талқыланды.

2961 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper