Анонс


Арқалық музейіндегі экспонаттар қала тұрғындарының сарайларында жатыр

Бейсенбі, 07 Сәуір 2016 12:21
Арқалық музейіндегі экспонаттар қала тұрғындарының сарайларында жатыр KAZMUSEUM.KZ -  

Музей — көненің көзінен жеткен құнды жәдігерлердің мекені. Ата-бабаларымыз ұстап, тұтынған тарихи бұйымдардың қай-қайсы болмасын — баға жетпес құндылық. Салт-дәстүрімізді паш етіп, рухымызды асқақтатып тұратын осынау ен байлыққа қауіп төніп тұр. Арқалық қаласындағы "Дала өлкесі тарихы" облыстық музейі бүгінгі таңда адам төзгісіз жағдайды бастан кешуде. Музейді мұндай мүшкіл халге түсірген төбесінен аққан тамшы. Тас мүжіп, темір тескен тамшының ырық бермегені сондай ғимарат төбесінің сау тамтығы қалмаған, деп жазады «Қостанай таңы» газеті.

"Дала өлкесі тарихы" облыстық музейі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің №88-р Жарлығымен 1972 жылдың 4 ақпанында құрылды. Халық батыры А. Имановтың туғанына 100 жыл толуына орай, 1973 жылдың 28 шілдесінде алғашқы көрермендерін қабылдаған. Музейдің негізін қалап, қалыптасуына мол еңбек сіңірген мәдениет пен өнердің жанашыры, ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібеков, сол кездегі облыс басшылары Сақан Құсайынов, Юрий Трофимов және Айдархан Сәрсенов секілді біртуар азаматтар еді. Музейдің ашылу салтанатына Республика басшысы Д.А.Қонаев қатысқан. Сондай заңғарлардың қолымен ұлт болашағы үшін тірнектеп жиналған құндылықтарымыз ешкімге керек болмай қалған сияқты.
Тарих пен мәдениет ескерткіші болып табылатын музей алдындағы алаңда орнатылған А. Иманов пен Ә. Жанкелдиннің стелласы, алғаш рет боксит кенін қазған эксковатор шөміші мен алғашқы боксит түйіршігі, ғарышкерлердің қону аппараты Торғай өлкесінің өткені мен бүгінін және болашағының тығыз байланысып жатқанын көрсетеді. Музей үш қабатты үйге орналасқан. Жалпы аумағы 1365 шаршы метр. Он бір көрініс залы бар. Келушілер осы өңірдің тарихы мен мәдениетін, экономикасын сипаттайтын археологиялық коллекциялармен, табиғаты, жан-жануарлары, басқа да өлке тарихын баяндайтын құнды деректермен таныса алады.

Гүлбану Елтебаева, облыстық "Дала өлкесі тарихы" музейінің директоры, Арқалық қалалық мәслихатының депутаты:
— Музей ғимараты сонау 1987 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Жыл сайын жамап — жасқағанымыздан нәтиже шығар емес. Жылу жүйесінің де тозығы жеткен. Қыста +7, +9 градусқа түсіп кетеді. Жаз күндері керісінше қажетті мөлшер +18,+25 болса ол +35 ке дейін шарықтайды. Салдарынан көріністе тұрған мүсіншелердің майы бетіне шығып, ыстыққа шыдамай құлап қалады.
Соңғы екі жыл көлемінде төл мерекеміз 18 мамыр — Халықаралық музей күнінде өткізілетін тамаша танымдық, ойын — сауық бағдарламамызды да өткізе алмай отырмыз. Былтырғы жылы далада өткіземіз бе деп дайындалып едік жауын жауып кетіп, ол жоспарымыз орындалмай қалды. Жалпы, бұл музей орналасқан ғимарат сонау 1963 — 64 жылдары салынған. Кезінде аудандық партия ұйымының үйі болған. Оразалы Қозыбаев, Барлық Садықов сынды қоғам қайраткерлері қызмет істеген. Музейдің 76 мыңнан астам бай жәдігерлер қоры бар. Келушілерге экспозиция бойынша экскурсиялар, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, қызықты кездесулер, танымдық сағаттар мен өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады.
Қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Республикалық, облыстық музейлер байқауларынан жыл сайын жүлделі ораламыз. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласы мен Ақтөбе облысына көрме апарылды. Жыл ішінде музей қызметкерлері 67 көрме ұйымдастырды. Музей бойынша 353 шолу экскурсия жүргізіліп, көрмелер бойынша 99 лекция оқылып, 55- іс-шара өтті. Жыл бойы музейге келушілер саны-12857. Жәдігерлердің санын ұлғайтуға да шектеу қойдық. Музейде бос орын жетіспейді. Небары 43 шаршы метр. Қордағы мүліктердің орналасу тығыздығынан олардың сапалы сақталуы да алаңдатушылық туғызады. Мемлекеттік атестациялық және ревизиялық комиссияның анықтамасында қорға қажетті орынның талапқа сай еместігі жазылған. Музейде кемінде 200 — 300 шаршы метр орынжай қажет. Тарихи құнды заттар елдің қолында жетерлік. Оны дер кезінде сақтап қалмасақ түп — тұқиянымен жойылып кетеді. Мысалы, 1950 жылы жасалып шығарылған этажерка орын болмағандықтан музейдің баспалдақтар дәлізінде тұр.


Ахмет аталарымыздың заманындағы мүліктерді біреулер сарайларына шығарып тастаған. Оларға бұлай неге жасадың дей алмаймыз. Өзімізге алайық десек орын жоқ. Музей ғимаратының нақ артында бір қабатты нысан бар. Оны облыс жабылғанда өзге мекеменің құзырына қаратып жіберген. Егер, осы нысанды өзімізге қайтарып берсе қор сақтаудағы мәселелеріміз әжептәуір жеңілдеп қалар еді. Облыстық Дала өлкесі тарихы музейінде құнды жәдігерлер аз емес. Кенесары Қасымовтың ұлт — азаттық көтерілісіне қатысқан Сары Қошқар батырдың сауыты, Шоңның Жүсібінің кісе белбеуі,ерекше шеберлікпен жасалған қыз баланың белдігі,торғайлық Дәметкен Смағұлова тапсырған асадал мен төсеніш және Өмірбеков Сүлейменнің алты қанатты киіз үйі музейдің бағалы жәдігерлері.
Алматы қаласының тұрғыны, шебер Алтынбек Қырымбековтың қолынан шыққан қыз сәукелесі ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі қолданылып келген Торғай дәстүрі негізінде Өзбекәлі Жәнібековтың жобасымен жасалған. Сәукеле Астана қаласының тұсаукесер салтанатында шақырылған қонақтардың назарына ұсынылды және өнертапқыштар тарапынан жоғары бағаланды. Музей экспозициясының маңызын ашуда тарихи оқиғаларды көрсететін диорамалардың маңызы зор. Алғашқы адамдар қауымдастығының үңгірдегі тірлігі, Аңырақай соғысы, татыр шайқасы, Әліби Жанкелдиннің "Қызыл керуені",соғыстан зардап шеккен Украинаға мал айдау сапары, Арқалықтан алғашқы кен алған сәт бәрі де барынша нанымды бейнеленген. "Арқалық ғарыш айлағы экспозициясынан ғарышкерлердің жеке заттарымен, ғарышта қолданатын құрал жабыдықтары мен тағамдарымен таныса алады. Табиғат бөлімінің экспозициясынан өлкенің сан алуан өсімдіктері мен жан жануарларын көруге болады. "Сарықопа" қорығының понрамасынан қорықта мекендейтін елік, қабан, ақбас тырна, үкі,қоқиқаз және сұңқылдақ аққу секілді сирек кездесетін жануарлар мен құстарды көре алады. "Қолөнер бұйымдары" бөлімінде осы өңірге белгілі ұсталар Бектепберген Үдербаев, Сәдуақас Көгентаев, Сұлтан Ниязов, Аяған Кенжетаев, Мырзахмет Елікбаев және Мұхаметжан Оспановтың шебер қолдарынан шыққан бұйымдар музейдің аса құнды жәдігерлері болып табылады.

Зәмзәгүл Мергенова, музей директорының орынбасары:
— Музейдің мүшкіл халін жеткізгіміз келеді. Қазіргі таңда ауа райының жауын-шашынды күндері экспонаттардың үстінен тамшы ағып жатыр. Шарамыз таусылғасын облыстық мәдениет басқармасына жағдайды баяндап хат жазып, суреттер мен бейнебаянды да қоса жолдадық. Нәтиже болады ғой деген ойдамыз.

Рая Хасенова, музейдің бас қор сақтаушысы:
— Музейде істегеніме жиырма жыл болды. Осы уақыт ішінде қысы — жазы қиындықтың куәсі болып келемін. Киіз үй мен көрік тұрған лашықтың үстінен су аққанда жыларман халге жеттік. Тайлы-таяғымызбен жабылып, музей мүлкін сақтап қалуға күшімізді салдық. Жыл сайын жөндеу болады деп үміттеніп күтеміз. Жарқырап тұрса екен дейміз. Бірақ, ол тек үміт болып қана келе жатыр. Төбені жөндейді. Алайда, нәтижесесі болмайды. Музейдің ішкі атмосферасы талапқа сай келе бермейді. Мысалы, демікпемен ауыратын, алергиясы бар адамдар болады. Жаз болмай жағдайымыз қиын. Өйткені, ылғал толық кеппейді. Жұрт көктен жаңбыр тілейді. Ал, біз болсақ өкінішке орай тілемейміз.

Батырлан Сағынтаев, музейдің ғылыми қызметкері:
-Музей ғимараты ескі болғандықтан ауа — райының бұзылған күндері, әсіресе жауын — шашынды күндері қиынға түседі. Төбеден су ағады. Оның ақыр аяғы халқымыздың мәдени мұрасына қауіп төндіріп, көптеген жәдігерлеріміздің бұзылуына алып келеді. Бұл келеңсіз көріністер өңірдің ғана емес, жалпы халқымыздың тарихына, мәдениетіне келген зиян деп білемін. Сондықтан, музейге жөндеу қажет. Жоғары жақ осыған көңіл бөліп жатса жөн болар еді.

Музей қызметкерлер жауынмен жаумен шайқасқандай арпалысуда. Жәдігерлердің үстіне су өткізбейтін жабынды жауып, қолға түскен ыдыс — аяқтың бәрін тамшының астына қойып тыным таппайды. Тіпті, музейде тұрған құнды жәдігер тайқазанның өзін кәдеге жаратуға тура келіпті. Алайда тілсіз жау өз дегенін жасап та үлгерген. Төбе — қабырғалар суланып, сылақтары қопсып түсіп жатыр. Су болған киіз үйдің туырлықтарын кептіру үшін, жылы ауа айдағыш пен қысқа толқынды пеш қосуға тура келген.

Жауын — шашынды күні музейге халық кіргізілмейді. Электр желісі тұйықталып, апатты жағдай орын алуы мүмкін. Қызметкерлер электр жарығын қолдарына қолғап киіп қосатын болыпты. Әрине, бұл да қарапайым сақтық шараларының бір түрі болғанымен, су тиген желілердің кез келген уақытта бұрқ ете қалмасына ешкім де кепіл бола алмайды.
Музей осылайша мұңын шағады. Төбесінен су ақса, жертөлесі де суға толып кетеді. Көлік те ескі. Тіпті оның қосалқы бөлшектері қазір шығарылмайтын көрінеді. "Асты тас, үсті тас, ортасында піскен ас" деп тапа нанды жұмбақтағандай асты су, үсті су, ортасында ен байлық сақталған музейдің бүгінгі сиқы осындай. Ата — бабаларымыз елді жерді жаудан қорғағанда, мәдени құндылықтарымызды жауыннан қорғай алмай отырғанымыз өкінішті — ақ.  

Мұрат Жүнісұлы,

 Арқалық қаласы.

4381 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper