Анонс


Ұлттық музей: «Елдестірмек елшіден» атты көрме ашылды

Сейсенбі, 10 Желтоқсан 2019 17:31
Ұлттық музей: «Елдестірмек елшіден» атты көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы жәрдемдестік қауымдастығы «Елдестірмек елшіден» атты дипломатиялық фотокөрмесін ашты. Фотокөрме ҚР Ұлттық музейінің 5 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Қазақстан халықаралық аренада тұрақтылықтың генераторы, мемлекеттік дамудың серпінді және өркендеуші моделі ретінде жоғары деңгейде  қабылданады. Біздің еліміз ядролық қарусыздандыру саласында көшбасшы ретінде және мәдени, діни, өркениеттік пікір алмасуда белсенді модератор деп танылды. Қазақстан қазіргі әлемнің аймақтық және жаһандық мәселелерін шешу бойынша тең құқылы қатысушы ретінде өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, бүгінде  экономика, мәдениет, ақпарат салаларында Қазақстан мен шет мемлекеттер арасындағы  қарым-қатынас қарқынды дамуда.

ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Айбар Касеналин: «Бүгінгі көрме Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай және Ұлттық музейдің 5 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Фотокөрменің атауында үлкен мағына бар. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген қазақтың сөзі бар. Еліміздің сыртқы байланысында, өзге елдермен қарым-қатынас барысында елшілердің ықпалы ерекше. Мұнда ұсынылған суреттердің астарында тарих жатыр, саясат та бар, мәдени байланысты да көруге болады. Аталған көрме баршаңызға қызықты болады деген ойдамыз»,- деді.

ҚР Ұлттық музейінің 5 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл фотокөрмеге  Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Морокко, Кувейт, Индия, Корей, Беларуссия мемлекеттері арасындағы тарихи кездесу сәтінен түсірілген  фотосуреттер қойылды. Және елшіліктер дайындаған бейнероликтер  көрсетілді.

Көрменің ашылуына ҚР Сыртқы істер министрі, шетелдік дипломатиялық, елшілік өкілдері мен депутаттар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері  қатысты.        

3310 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper