Анонс


Қой жүнінен жасалған картиналар көпшілік назарына ұсынылады

Бейсенбі, 17 Наурыз 2016 13:04
Қой жүнінен жасалған картиналар көпшілік назарына ұсынылады KAZMUSEUM.KZ -  

Қостанай облыстық көркемсурет галереясында «Дала желі» атты көрме өтеді, деп жазады «Тобыл-Торғай» сайты.  

– Даланың желімен Қорқыт қобызының үні, Құрманғазының күйі, жыраулардың сарыны бізге жеткен. Кең байтақ далада көшпелі қазақтың өзіндік дүниетанымы, ерекше материалдық және рухани құндылықтары қалыптасты. Бұл ерекшеліктер ұлттық фольклорымызда, ою-өрнектерімізде, төрт түлігімізде көрініс тапты. Осылардың бәрін бір ұғымға сыйғызуға тырыстық. Көркемсуреттердің ішінен қазақтың аңыздарын, ертегілерін, кең жазиралы даласын, көшпелі өмір салтын, ділі мен ұлттық ерекшеліктерін білдіретін бейнелерді таба аласыз, - дейді көрме ұйымдастырушысы Б.Аңқауов.

Көрмені ұйымдастырушы мүмкіндігі шектеулі ағайынды төрт жігіт бүгінде өңір жұртшылығына ғана емес, шет елдерге де танылып қалды. Тағдыр олардың денсаулығын шектегенмен, дарынын шектемепті. 2011 жылы студия ашты. Ағайындылардың үлкені Сәрсен – экономист, студияның есеп-қисабын жүргізеді. Одан кейінгі Дәурен ұйымдастыру жұмыстарына көмектеседі. Ал үшінші ұл Арлан – дизайнер-суретші. Кішісі Бағлан – филолог. Іс-қағаздарды реттеу соның мойнында. Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс, іс-қағаздарын жүргізу де Бағланның міндеті.

Көрмеге қойылатын туындылардың авторы – Арлан. Ол көркемсурет жасаудың айрықша технологиясын меңгерген, қой жүнінен картиналар салады. Өнерін кәсіпке айналдырған, патенті бар. Шебер интерьер дизайны жобаларын да жасайды. Студиясында балалар мен ересектерге қолөнерінің қыр-сырын үйретіп жүр.

Аңқауовтар былтыр қараша-желтоқсан айларында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында көрме өткізіп келген болатын.

Көрме 25 наурыз күні ашылады. 

4974 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper