Анонс


Кореялық бағдарламаның қазақстандық мамандарға берері көп (ФОТО)

Жұма, 02 Қазан 2015 10:38
Кореялық бағдарламаның қазақстандық мамандарға берері көп (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтіп жатқан ҚР Ұлттық музейінің Археология және этнография бөлімінің ғылыми қызметкері Айдана Көптілеуова кореялық бағдарламаның сырымен  бөлісті.

Айдана  қазіргі уақытта ACPCS (Asia Cooperation program on conservation science) Азия мемлекеттерінің мәдени мұра құндылықтарын сақтауға бағытталған ынтымақтастық бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтуде. Бұл бағдарлама Юңтүстік Корея республикасының Дэджон қаласында орналасқан Ұлттық мәдени мұраны зерттеу институтында (NRICH) жүзеге асырылады. 

ACPCS – 2005 жылы NRICH-тың Мәдени мұра ғылыми орталығының директоры Ким Ен Ханның бастамасымен қолға алынып, Кореяның Мәдени мұра басқармасы басшысының рұқсатымен жүзеге асырыла бастады. Алғашқы жылы Networking of East Asian Cultural Heritage (NEACH) атауымен ашылған бағдарламаға Мьянма мен Шри-Ланка мемлекеттерінен келген екі қатысушы мәдени мұра құндылықтарын сақтау шараларын үйренуге арналған үш айлық тағылымдамадан өтті. 2014 жылы бағдарламаның 10 жылдық мерейтойы атап өтілді. Статистика бойынша бүгінгі күнге дейін NRICH Азияның 21 мемлекетінен консервация ғылымы, материалдық емес мәдени мұра, тарихи өнер мұрасы, архитектуралық мәдени мұра және археология салалары бойынша 84 маманды тағылымдамадан өткізді. Мамандардың арасында Моңғолия мен Камбоджа мемлекеттерінің азаматтары басым. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы алғаш рет Қазақстан азаматтары да бұл бағдарламаның тізімінен табылды.

 

(сол жақтан бірінші Қайырмағанбетов Архат – Марғұлан ат. Археология институтының Астана қалалық филиалы, ғылыми қызметкер, бағдарлама бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан қазақстандық маман)

Бағдарламаға байқау қаңтар-ақпан айларында жүреді. Оған қатысудың (жоғарыда аталған сала қызметкерлеріне) негізгі шарты ағылшын немесе кәріс тілдерін жетік білу. Осы тілдің бірінде байқау жарияланғанда ұсынылған өтінішті толтыру қажет. Ол өтініштің маңызды бөлігі – сіздің аталған салада атқарған қызметіңіз, жүзеге асырған жобаларыңыз, жетістіктеріңіз және бағдарлама барысында жүзеге асыратын жобаңыз болып табылады.  Орын саны 9-10. Ақпан айының аяғында жеңімпаздар анықталып, шақыру хат жұмыс орнының басшысының атына жолданады.

Шақыру хат алғаннан кейін наурыз айында дайындық шаралары жүреді: медициналық анықтама алу және одан кейін сәйкесінше визаға өтініш беру мен барған кезде орындалатын презентация дайындау.

 

Кореядағы тағылымдама барысы

Алғашқы үш апта «orientation period» деп аталады, яғни дағдылану кезеңі. Осы уақыт аралығында тағылымдамашылар институттың әр саласының мамандарынан лекция тыңдап, институттың негізгі қызметімен, сонымен бірге Дэджон қаласымен, Корей елімен жақынрақ таныса алады. Алғашқы аптаның соңғы күні, әдетте, бірінші презентация күні болып саналады.

 

(ортада Көптілеуова Айдана – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, ғылыми қызметкер)

Айдың төртінші аптасында ғылыми зерттеу жұмыстары басталып, үшінші айдың ортасына дейін жалғасады, қатысушылар өз бөлімдеріне жөнелтіледі.

Керамика лабораториясында, жұмыс барысы 

Бағдарлама барысында Корей мемлекетінің тарихи-мәдени орындарымен танысуға арналған бірнеше экскурсиялар мен екі-үш күндік саяхаттар ұйымдастырылады, оның ішінде міндеттілері: Корей Ұлттық музейі, Корей Ұлттық сарай музейі, Корей халықтық ауылы бар.

Уолгеоңса тас ескерткіші, №48 ұлттық құндылық.

Үш айлық тағылымдаманың қорытындысы басылымда жарияланатын ғылыми есеп пен жүргізілген зерттеу жұмысының презентациясы болып табылады. Нәтижесінде Ұлттық мәдени мұраны зерттеу институтының Азия мемлекеттерінің консервация ғылымына арналған ынтымақтастық бағдарламасы бойынша үш айлық тағылымдамадан өткендігіңіз жайлы сертификат табысталады.

 

Қорытынды ғылыми жұмысты қорғау күні, 2015 жылғы 1 кезең қатысушылары.

Тарихи жәдігерлерді консервациялау және реставрациялау мамандығын оқытатын оқу орнының жоқтығын ескеретін болсақ, бұл қазақ жастары үшін үлкен мүмкіндік. 

 

Көптілеуова Айдана,

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі,

Археология және этнография бөлімінің ғылыми қызметкері

 

5947 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper