Анонс


«АЛЖИР» музей кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті

Жексенбі, 31 Мамыр 2015 20:48
«АЛЖИР» музей кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Ақмола облысындағы «АЛЖИР» музей кешенінде саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алуға арналған митинг өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Музей кешені өткізген еске алу шарасына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, қалалық Мәслихаттың депутаты Зәуре Жүсіпова, Целиноград ауданы әкімдігінің өкілдері және сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандар мен олардың ұрпақтары келіп қатысты.

Еске алу рәсімі азалы ескерткішке гүл қою рәсімімен басталды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтары атынан 1937 жылы саяси қуғынға ұшыраған Қазақстанның мемлекет қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың кіші інісі Құрман Сәдуақасұлы сөз алды.

«Құрбан болғандар 1957 жылы ақталды дегенімізбен, олардың еңбектері зерттеліп, аттары көп аталмады. Егемендік алғаннан кейін Президентіміз осы мәселеге бірінші көңіл аударып, зиялыларымыздың еңбегі халықтың ортасына қайтадан оралды», - атап өтті Қ.Сәдуақасұлы.

 «АЛЖИР» тұтқыны Шәкітай Тәтімованың немересі Сырым Ғаббасов та өз естелігімен бөлісіп, зұламат жылдардағы халықтың үрейі мен қорқынышы жайлы айтып берді.

«Бала кезімізде әке-шешелеріміз түнде жатқанның өзінде бірімен-бірі бақиласып жататын. Себебі Кеңес үкіметінің бір саясаты халықты үреймен басқаруға бағытталған болатын. Халық көп қырылды», - деді ол.

Еске алу митингісінен кейін келушілер музей қорынан ұйымдастырылған «АЛЖИР» музейінің бірігей жәдігерлері» атты көрмені тамашалады. Көрмеге қазақтың белгілі жазушысы Бейімбет Майлиннің зайыбы Гүлжамал Майлинаның фотосуреттері, Құсни Байғаскинаның фотосуреттері, Татьяна Афонинаның құжаттары және лагерьде тұтқында болған әйелдердің қолданған заттары қойылды.

 

2697 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper