Анонс


«Қорқыт Ата» мемориалды музейінің археологиялық экспозициясы (ФОТО)

Сәрсенбі, 12 Шілде 2017 03:06
«Қорқыт Ата» мемориалды музейінің археологиялық экспозициясы (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстандағы киелі мекендердің қатарын толықтыратын «Қорқыт ата» кешені 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізіліп, кешенімен бірге музей ғимараты жаңадан салынып, толыққанды реэкспозиция жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда музей экспозициясынан Сыр өңірінің ежелгі дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі тарихынан толыққанды мәлімет алуға болады. Музей экспозициясынан археология, Қорқыт Ата мұралары, ұлттық музыкалық аспаптар және сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалармен таныса аласыз. Назарларыңызға музей экспозициялары туралы материалымызды ұсынамыз.

Археологиялық экспозициясының мерзімдік шеңбері Шірік-рабат (б.з.д. ІҮ-ІІ ғғ.), Жетіасар мәдениеттеріне (б.з.д. І мж аяғы - б.з. І мж), ортағасырлардағы оғыз-қыпшақтар дәуіріне бөлінген (ҮІІ-ХІ ғғ.).

Шірік-Рабат мәдениеті

Сырдария сақтарының мәдениеті б.з.д. I мыңжылдықтың екінші жартысында гүлденген деңгейге жетіп, қалалар пайда болды. Бұл өркениет б.з.д. IV-II ғғ. қанатын кең жайып отандық тарихта шірікрабат мәдениеті деп аталды. Қармақшы ауданы аумағындағы Шірік-рабат қалашығы Сырдарияның көне арнасы – Жаңадарияның сол жақ жағалауындағы көлемі 850х600 м. болатын табиғи төбенің үстінде орналасқан. Ескерткіш мықты қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Төбенің төменгі етегінде қазылған ор бар. Оның бүгінгі таңдағы тереңдігі 4,5 метрге, ені 40 метрге жуық болса, ал одан шыққан топырақтан сыртқа дуал тұрғызылған. Сақталған биіктігі 3 метрді, тарабындағы ені 8-10 метрді құрайтын бұл бекініс дуалды қалашықты солтүстіктен және шығыстан қорғап тұрған. Қала жұртында халықтың қоныстануы бірнеше кезеңнен тұрды.

1946 жылы Шірік-рабат қалашығын алғаш рет Хорезм археологиялық - этнографиялық экспедииясы зерттеді (жетекшісі С.П.Толстов). 1948-49 жж., 1957-58 жж. археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді [1, 139 б.].  Одан кейін 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Шірікрабат археологиялық экспедициясының (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) зерттеу жұмыстары басталып, қазіргі уақытта жалғастырылуда.

Музейдің арнайы витриналарына Шірік-рабат оазисіндегі Шірік-рабат, Бәбіш мола, Баланды қалашықтары жайлы деректер, археологиялық ғылыми-зерттеу материалдары, қазба жұмыстары кезінде табылған экспонаттар (керамикалық ыдыстар, сақ адамының мүсіні) қойылған.

Жетіасар мәдениеті

Қызылорда облысындағы ірі археологиялық кешендердің  бірі – Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Жетіасар археологиялық ескерткіш кешені болып табылады. Бұл оазисте б.з.д. I мыңжылдықтың соңымен - б.з. І мыңжылдығында жалпы саны шамамен 50-ден аса қамал-қалалар бой көтерген. Оның 27-сі Жетіасар алқабында 5-7-ден топ-топ болып, Сырдарияның көне салаларының бірі Қуаңдария мен Ескідариялықтың ондаған ұсақ тарамдары бойына салынған. Олардың қазіргі үйіндісінің биіктігі 18-20 метрге жетеді. Асарлардың барлығы әртүрлі деңгейде жасалынған қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Қорған іші тұрғын үй, зәулім сарай және қолөнер шеберлері тұратын бөліктерге бөлінген. Жетіасар шатқалында ХАЭЭ алғаш рет археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді [2, 25-40 б.].

С.П.Толстовтың жетекшілігімен 1946 ж., 1948 ж., 1949 ж., 1951 ж., Жетіасар - 3 (Алтынасар), Жетіасар - 9, Жетіасар - 3 айналасындағы жеке қорғандарға, 1958 ж., 1962-1963 жж., 1966 ж., 1971 ж., барлау жұмыстары жүргізілді, 1973 жылы Жетіасар кешеніне Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы тарапынан қазба жұмыстары қайта басталды. 1976-1978 жж. Л.М.Левинаның жетекшілігімен Жетіасар - 2 кешеніне, 1978 - 1981 және 1983-1984 жж.  Жетіасар-12, 1986 жылы ауқымды түрде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, Жетіасар-3 (Алтынасар), Жетіасар-12 (Томпақасар), Жетіасар-11, 13 жақын орналасқан (Үлкен Қосасар, Кіші Қосасар) 700-ден астам ескерткішке қазба жұмыстары жүргізілді.

 Экспозицияда Жетіасар туралы материалдар және кешеннен табылған керамикалық ыдыстар (фляга, құмыралар т.б.) орналастырылған.

Оғыз-қыпшақ дәуірі

Сырдарияның төменгі ағысында қалалардың гүлденуі кезеңі оғыз-қыпшақ дәуіріне, яғни біздің заманымыздың ІХ-ХІ ғғ. сәйкес келеді. Оғыздар ІХ-Х ғғ. Орта Азия мен Шығыс Еуропадағы  тарихи  оқиғаларға ықпал етті. Орта Азия оғыздары түркі тілдес халықтар қатарына жатады. Көшпелі оғыздар Каспий, Арал маңы және Сырдарияның бойын мекендеді. Бұл аймақта мекендеген оғыз рулары  Х – ХІ ғғ. астанасы Жанкент қаласы болған жабғу мемлекетінің құрамына кіреді. [3, 6 б ]  

Оғыздардың мемлекеті туралы алғаш рет ІХ ғасырдың аяғы – Х ғасырдың басындағы араб саяхатшысы әл-Якубидің деректерінде айтылады. Бұл кезең оғыз мемлекетінің құрылып, нығайған кезеңі болды. Белгілі саяхатшысы Ибн әл-Факихтің (Х ғ.) жағрафиялық деректерінде ІХ-Х ғғ. оғыз тайпалары туралы мәліметтер береді.       Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент қалашығына 1867 жылы П.И.Лерх және геодезист М.Е.Приоров алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 1946 жылы ХАЭЭ С.П.Толстовтың жетекшілігімен алғаш әуеден суретке түсіріп, жоспарын жасайды. Қаланың көлемі 375х225 м., шығыстан батысқа қарай созыла орналасқан. Солтүстік-батыс бұрышында орналасқан цитаделінің көлемі 100 х100 метр, биіктігі 7-8 метр сақталған. Сыртқы қорғаныс қабырғасының сақталған бөлігінің биіктігі 8 м [4, 1б.]

2005 жылдан бастап ортағасырлық Жанкент қалашығының орнында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің, Ресей Ғылым Академиясы Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының және Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының біріккен археологиялық экспедициясы тұрақты түрде қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. 2014-2015 жж. Жанкент қалашығынан табылған керамикалық ыдыстар, культтық бұйымдар (қошқар бейнесіндегі керамикалар) экспозициядан орын алды.

Сығанақ қаласының халқымыздың тарихына қосқан үлесі өте зор. Сығанақ Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІІ ғғ.), Ақ Орданың (ХІV-ХV ғғ.), Қазақ хандығының (ХV-ХVІ ғғ.) астанасы болды. Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағының бойында орналасқан Сығанақ қаласы Шығыс пен Батыстың көптеген ірі қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды роль атқарды. Қала туралы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы “Худуд-әл-Әлемде” кездеседі. Қаланың Сығанақ деген атауы ХІ ғ. ортағасырлық атақты ғалым Махмут Кашқаридің «Түркі тілінің сөздігі» атты еңбегінде жазылған. ХІ-ХІІ ғғ. Қарахан мемлекеті кезіндегі жазба деректердің барлығында дерлік қаланың аты жиі кездеседі. ХІХ-ХХ ғғ. қаланы алғаш рет орыс ғалымдары П.И.Лерх, И.А. Кастанье, В.А.Каллаур, В.В.Бартольд, А.Ю.Якубовский, А.Н.Бернштам зерттеді. Алайда бұл кездегі зерттеулер толыққанды жүргізілмей тек қаланың сипатымен ғана тоқталды. ХХ ғ. ІІ-жартысында Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы К.Ақышевтің жетекшілігімен қаланы алғаш рет топографиялық жоспарын жасайды.

Қаланың жоспары бесбұрышты болып келген. Солтүстік бөлігі – 275 м, солтүстік батыстан, батысқа қарай – 175 м, оңтүстік-батыстан, батысқа – 190 м, оңтүстігі – 175 м, оңтүстік-шығыстан, шығысқа – 320 м, оңтүстік-шығыста орналасқан қала қақпасының дәлізінің аумағы – 20 м, қала бекінісінің кей жерлерінің бикітігі 6-7 м, шахристан мен рабаты бесбұрышты солтүстік бөлігі – 250 м, батыс бөлігі – 650 м, оңтүстік бөлігі – 250 м, оңтүстік-шығыс бөлігі – 450 м, солтүстік-шығыс бөлігі – 350 м [5,147 б.].

2003 жылдан бастап қала орнында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің профессоры, археолог-ғалым С.Жолдасбаевтың жетекшілігімен Сығанақ археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Экспозицияға Сығанақ қалашығы туралы деректер, қалашықтан табылған керамикалық ыдыстардың түрлері  (хум, құмыра, кесе т.б.), мыс теңгелер  орналастырылды.

Қорыта айтқанда, Қорқыт Ата музейі Сыр өңірінің археологиясынан мол мәлімет береді. Музей қонақтарын әрқашан ықыласпен қарсы аламыз!

 

 Олжас БЕГАЛИЕВ, 

«Қорқыт Ата» мемориалды музейінің ғылыми қызметкері

 

  

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 1. Толстов С.П." По древним дельтам Окса и Яксарта". Москва, 1962

2. Левина Л.М. "Керамика Нижней и Средней Сырдарьи в  І тысячилетие н.э". Москва, 1971

3. Агаджанов С.Г. "Очерки истории огузов и туркмен Средней Азии ІХ-ХІІІ вв". Ашхабад, 1996.

4.Аржанцева И.А., Рузанова С.А., Тажекеев А.А. "Археологические исследования городища Джанкент" // сайт Археология Средней Азий. 2012

5. "Свод памятников историй и культуры Республики Казахстан". Кызылординский область. Алматы, 2007

4117 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper