Анонс


Ұлттық музейде сақталған хат 2041 жылы ашылатын болды Таңдаулы

Жексенбі, 18 Желтоқсан 2016 03:13
Ұлттық музейде сақталған хат 2041 жылы ашылатын болды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Республикалық жастар ұйымдарының ұйымдастыруымен «Болашаққа хат» капсуласы тапсырылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.  

Бұл «Болашаққа хат» капсуласында егемен еліміздің жастарының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай 25 хаты жазылып сақталған. Оның ішіндегі 16 хат еліміздің 16 өңірінен жолданған болса, 9 хатты республикалық әртүрлі жастар ұйымдары жазып табыстаған. Капсула бүгінгі жастардың Тәуелсіздігіміздің 50 жылдық мерейтойына сыйы болмақ. Яғни, 25 жылдан кейін ашылып, оқылатын болады. Ал оған дейінгі уақытта Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде сақталады.  

 Іс-шарада алғашқы болып сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар ісі департаментінің басшысы Ғабидолла Оспанқұлов:

«Бүгін Егемен еліміздің тарихында қалар елеулі күн болмақ. Бүгінгі жастар өздерінің ізгі тілектерін хатқа түсіріп, болашаққа, яғни, Тәуелсіздігіміздің 50 жылдық мерейтойына жолдамақшы. Бұл хат салынған капсула Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 50 жылдығында, 2041 жылы ашылады деген үміттеміз. Және сол жылдары еңбек етіп жүрген, өнер мен спорт саласында жүрген жастарымыз осы хаттарды ашып оқып, өздеріне артылған сенімдерін тереңірек сезінеді деп ойлаймын», - деп бұл капсуланың болашақтағы роліне тоқталып өтті.

ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай: «Қазақта айтатындай: «Бала әкеден бір мысқал кем туады десек те», арғы бабаларымыздан жеткен тағы бір сөз ойымызға маза бермейді. «Сен әкеңнен қанша жас кіші болсаң, сонша жас үлкенсің» дейді бұл даналық. Шындығында да ұрпақ алдыңғы буыннан артып тумаса, даму болмайды. Сондықтан, біз өскелең ұрпаққа сенім арта білуіміз керек. Оларға жауапкершілікті сезіндіре алуымыз керек. Және бүгінгі «Болашаққа хат» капсуласының Ұлттық музейде сақталуының өзіндік мәні бар. Өйткені, музей – ұрпақтар арасын дәнекерлеуші. Кешегі мен бүгіннің, бүгін мен болашақтың жалғастырушысы», - деп жастардың болашағына сенім артты.

 «Болашаққа хат» капсуласын Ұлттық Ұлан сарбаздары салтанатты түрде витринаға қойды. Алдағы 25 жылда бұл капсула ҚР Ұлттық музейінің «Тәуелсіз Қазақстан» залында сақталатын болады. 

3299 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper