Анонс


Белгілі қоғам қайраткерлері «Мәңгілік Ел» триптихын жоғары бағалады (ФОТО)

Сәрсенбі, 22 Шілде 2015 17:14
Белгілі қоғам қайраткерлері «Мәңгілік Ел» триптихын жоғары бағалады (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде халық назарына ұсынылған «Мәңгілік ел» триптихын елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдар жоғары бағалады.

Бұл триптихті белгілі суретші Ерболат Төлепбайдың жетекшілігімен  Ағымсалы Дүзелханов, Қазақбай Әжібекұлы, Айдар Жамхан, Айдос  Шахмардан сынды отандық суретшілерден құралған шығармашылық ұжым бір­­­неше жыл салды.

Белгілі ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбеков суретшілердің еңбегін жоғары бағалап, өз пікірін білдірді.

«Біз тарихымыздан ажырап қала жаздаған тіпті, ажырап қалған елдің қатарындамыз. Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында атқарылып жатқан шаралар шеңберінде халықтың оның ішінде жас ұрпақтың  санасында үлкен өзгеріс орын алып жатыр. Мұны өзгеріс емес, «төңкеріс» деуге де болады.

Елбасы біздің мемлекеттігіміздің тарихы тереңде жатқанын айтты. Тамырымызды ғұндардан таратып, Түрік қағанатымен ұштастырды. Алтын Ордамен жалғастырып, тәуелсіздікпен байланыстырды.

Шет мемлекеттердің астаналарындағы кез келген музейлерінің төрінде жақсы болсын, жаман болсын корольдері тұрады. Біз осыдан кезінде адасып қалдық. Бізді кім басқарғанын, қазақтан шыққан жақсылар кімдер екенін ұрпақ білген жоқ. Дұрысы білгізбеді, саясат сондай болды.

Мен бірталай суретшілерге Елбасының суретін салдырып көрген адаммын. Бірақ бұл кісінің келбетін келтіру қиын. Ерболат не деген бақытты адам десеңші! Елбасының бүкіл мінезін, салтанатын, парасатын, пайымдылығын, кісілілігін, ақылын, билігін бәрін түгел ашқан.

550 жылдық бұл қазақ хандығының тарихы. Біздің мемлекеттілігіміздің тарихы бұл емес. Біздің мемлекеттілігіміздің тарихы Елбасы айтып отырғандай тым тереңде жатыр. Сондықтан біз оны зерделеуді, зерттеуді жалғастыра беруіміз керек», - деді М.Жолдасбеков.

Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов та өз пікірімен бөлісіп, туындыныңкөркемдік жағына ерекше мән берді.

«Мәңгілік Ел» триптихының «Қазақ хандығы» атты бірінші бөлігі жігеріңді жанып, рухыңды асқақтатады. Патриоттық сезіміңді оятып, кеудеңе мақтаныш сезімін ұялады. Ұлан-ғайыр жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған бабаларымызға бас игізіп, тағзым жасатады.

Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту ретінде салынған сурет өзінің тарихи миссиясын мінсіз атқарып тұр деп ойлаймын.

Қасым, Есім, Тәуке хандардың тұсында шыққан керемет қағида бар. Онда «Хан болсын, ханға лайық заң болсын, Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын. Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын. Би болсын, би түсетін үй болсын» делінген. Демек мемлекеттің 4 қамал қорғаны бар. Ол: хан, абыз, батыр, би.

Ерболат Төлепбай бастаған суретшілер триптихтың екінші бөлігі «Жеті жарғыда»  бұрынғы заман мен бүгінгі заманды шебер сөйлеткен. Триптихтың дәл осылай аталуын заңдылық деп білемін. Себебі әз Тәуке «Жеті жарғыны» қалыптастырарда 40 биді таңдаған. Олардың арасында біздің ұлы билеріміз бен қарақалпақ пен қырғыздың билері Тоқым мен Сасық болған.

«Жеті жарғы» қазақтың құқықтық құжатына яғни, конституциясына айналып, «алтын билік», «алтын таразысы» атанды. Бұл құжат «арам жемейік, адал өлейік» деген ұстанымға негізделді. Мұнда ердің құны, жер мен жесірдің дауы әділ шешілді.

Триптихты Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың портретінің түйіндеуінде композициялық,  көркемдік және символдық мән бар.

Біз Ұлт Көшбасшысының туған халқына сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін жақсы білеміз. Соны сурет тілінде сөйлеткен өнер иелерінің шеберлігіне тәнті болмау мүмкін емес. Туындыгерлер Елбасының болмыс бітімі мен характерін дөп басып, дәл салған.

Тоқсан ауыз сөздің түйініне келетін болсақ, «Мәңгілік ел» триптихы біртұтас дүние ретінде біздің бір халық - бір ел - бір тағдыр екенімізді көрсетіп тұр», - деді С.Негимов. 

 
3141 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper