Анонс


Берел музейінде алғаш рет лэнд-арт симпозиум өтті

Сейсенбі, 21 Шілде 2015 11:16
Берел музейінде алғаш рет лэнд-арт симпозиум өтті KAZMUSEUM.KZ -  

 «Алтын Алтай - аймақ дамуының басты байлығы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі және Еуропалық комиссия, Махаон Интернешенел (Словакия) компаниясы арасында жасалған ауыл туризмін дамыту жөніндегі ынтымақтастық меморандумына орай Катонқарағай ауданындағы Берел қорық-музейінде «Көшпенділер» атты лэнд-арт симпозиум өтті.

Лэнд-арт атты өнердің ерекшелігі сол, бұл өнер табиғатпен, қоршаған ортамен біте қайнасқан. Бұл жанрды жанына серік еткен суретшілер тек қана табиғи дүниелерді пайдаланады. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен өткен шара барысында бес елден (Ресей, Белоруссия, Словакия, Словения, Қырғызстаннан) арнайы келген суретшілер Берел қорығы аумағында бір апта бойы жасаған туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Олар осы уақыт аралығында 14 нысанды тұрғызыпты.

- Бұл сапар барысында біз қорық аумағындағы қорғандар, онда жерленген адамдар, осы жерде табылған, сақталған құнды артефактілер туралы мол мағлұматтар алып, көшпенділердің өмірі, тыныс-тіршілігі мен әдет-ғұрпына тереңірек үңілуге мүмкіндік алдық. Мұнда келген суретшілер көргендері мен түйгендерін, алған мәлімет, жиған деректерін өне бойынан өткізіп, жан жүректерімен сезініп, нәтижесінде осындай тамаша туындыларды жасады. Жасаған туындыларымызға ағаш, тас, құм, саз, тері секілді табиғи дүниелерді пайдаландық. Біз табиғат пен адам, қоршаған орта мен жан-жануарлар арасындағы байланысты көрсеткіміз келді. Осыдан қаншама ғасыр бұрын осы жерді мекен еткен халықтар, тайпалар мен адамдар өмірін, олардың тіршілік салтын мүмкіндігімізше паш етуді мұрат тұттық, - дейді осы симпозиумның көркемдік жетекшісі, суретші-мүсінші, Ресейдің Дизайнерлер және Суретшілер одағының мүшесі Михаил Бекетов.

 Қолынан шыққан туындылары Литва, АҚШ, Жапония, Италия, Германия, Англия секілді елдердің музейлерінен орын алған суретші Қазақстанда дүниеге келген екен. «Туған жерім, кіндік кескен мекенім – Қазақстан. Менің жүрегім осында» дейді суретші. Бүгінде Ресейде тұратын болса да, бабаларының мекені, түбі бір түркі жұртының ғана емес, адамзаттың алтын бесігі саналатын төр Алтай төрінде осындай мәдени-тарихи мәні терең шараны ұйымдастырып, барын салып, басы-қасында жүргенін туған жер алдындағы парызын өтеу деп түсіндік. Суретшілердің қолынан шыққан 14 туындының, өздерінің тілімен айтсақ, 14 арт-нысанның сипаты әртүрлі болғанымен барлығының өзегі біреу - көшпенділер өмірі. Суретшілердің бірі сақ қорғандарынан табылған атты бейнелесе, енді бірі шамандардың тұрғын жайын, бірі жаугершілік заманда қолданылған дабыл қағатын орынды өз туындысына арқау етіпті. Қысқасы, 14 туынды 14 түрлі ойға жетелейді. Шеберлер арасында елімізге тұңғыш рет келіп отырғандары да бар. Соның бірі – Белоруссиядан келген Дмитрий Зайцев.

−Бір аптадан астам уақыт «Көшпенділер» деген тақырып аясында жұмыс істедік. Біз өз жұмысымызды осы өңірді мекен еткен, осы өңірден табылған, көшпенділер өмірінен сыр шертетін дүниелермен байланыстыруға тырыстық. Мен «Шамандардың тұрғын жайы» деген туындыны жасадым. Бұл бір жағынан, тұрғын жай, екінші жағынан, рәсімдерді атқаратын жер. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділер өмірін бейнелейтін символдарды бір жерге жинақтап, жиынтық образ ретінде көрсетуге тырыстық, - дейді суретші.

 

Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Мәткерімовтің айтуынша, бұл шараның басты мұраты – мәдени мұраларымызды насихаттау, ауыл туризмін дамыту. −Әлемнің көптеген мемлекеттерінде біз секілді тамылжыған тамаша табиғат жоқ болса да, жоқтан бар жасап, туризм саласын мықтап қолға алып отыр. Біз бар табиғатымыздың, бар байлығымыздың өзін ұқсата алмай отырмыз. Әсіресе, елімізде ауыл туризмі ақсап тұр. Бұл шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз – осы олқылықтың орнын толтыру. Бес елдің суретшілерін ерікеннен шақырған жоқпыз мұнда. Тарихымызбен таныссын, дәстүрімізге ден қойсын деп шақырттық. Ең бастысы, олардың қолынан шыққан дүниелер өзімізде, қорық аумағында қалады. Оны ертең осында келушілер, туристер көреді. Мұның бәрі ауыл туризмін дамытуға серпін беретіні анық, - дейді Қайрат Мәткерімов. Айтпақшы, бұл шараға тек шетелдік суретшілер ғана емес, Павлодар қаласының, Өскеменнің, жергілікті жердің қылқалам шеберлері де атсалысты. Шетелдік шеберлермен бірге жұмыс істеді. Сонымен қатар бұл күні қорық-музейге келушілер ұлттық бұйымдар жасаумен айналысатын шеберлердің туындыларын тамашалауға мүмкіндік алды. Жергілікті шеберлер ши тоқу, талқан тарту секілді ел арасында ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарымызды шетелдіктердің назарына ұсынып, қымыз бен құрттан дәм татқызды. Катонқарағайдағы мектептердің оқушылары да бұл күні тыным тапқан жоқ. Келушілерді қорық-музейдің тарихымен, мұндағы құнды жәдігерлермен таныстырды.

 

Азамат ҚАСЫМ

ШҚО, «Дидар» газеті.

 

Суреттер автордікі. 

 
5832 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper