Анонс


Көкшетауда өңіраралық музей фестивалі өтті

Сәрсенбі, 17 Маусым 2015 19:37
Көкшетауда өңіраралық музей фестивалі өтті KAZMUSEUM.KZ -  

 Көкшетауда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ хандығына 550 жыл» атты өңіраралық музей фестивалі өтті, деп жазады inform.kz тілшісі.  

Фестивалдің шымылдығы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында  «Музей раритеттеріндегі Қазақ хандығының тарихы» ғылыми-практикалық конференциясымен ашылды. 

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Күміс Сейітова, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов және Италияның Болон университетінің профессоры Жан Лука Бонора, Венгриядағы «Мажар-Тұран» халықаралық қорының жетекшісі, жаратылыстану музейінің директоры Биро Андраш Жолт, республикалық және аймақтық музейлердің ғылыми қызметкерлері, Қазақстан мен Ресейдің ғалымдары мен тарихшылары, Ресей, Еуропа және Азия қару-жарақ жинағы мен заттары бойынша Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің сарапшысы Алексей Пастухов, Новосібір мемлекеттік университетінің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров сияқты шетелдік ғалымдар қатысуда. 

"Бүгін берекелі, сұлу Көкше жерінде үлкен тарихи оқиға болып отыр. Тарих біздің кешегіміз бен бүгінгімізді ұштастырады. Қазақстан үшін биылғы жылы ерекше мәдени шараларға толы. Биыл еліміз бойынша  Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы,  ҚХА және Ата заңымыздың 20 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Елбасы Н.Назарбаевтың арқасында сонау сақ, ғұн тайпаларынан бастау алатын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Бұл бізге үлкен мақтаныш. Ал, бүгінгідей шара халқымыздың тарихы тереңде жатқанын білдірсе, енді бір жағынан еліміздің келешек ұрпағын тәрбиелеуде маңызы зор. Сондықтан, осынау шараға бір кісідей атсалысып отырған адамдар мен қонақтарға шынайы алғысымды білдіремін", деді Н. Нұркенов. 
Сондай-ақ, конференцияда сөз сөйлеген Венгриядағы «Мажар-Тұран» халықаралық қорының жетекшісі, жаратылыстану музейінің директоры Биро Андраш Жолт бүгінгі қазақ халқы мен мадиярлар арасындағы тарихи байланыс бар екенін ғылыми түрде дәлелденгенін атап өтті. 
"Венгрия жерінде өмір сүрген мадиярлар мен қазақ халқы арасында жақын байланыс бары баршамызға белгілі. Кезінде қазіргі  Қазақстан аумағындағы мекендеген мадиярлардың ұрпақтары бүгінгі Венгрия жерінде өмір сүріп жатыр. Сондықтан қазақтар бізге өте жақын әрі ыстық көрінеді. Керек десеңіз тілдерінің өзінде өте жақын ұқсастық бар. Мен философ емеспін, дегенмен бізге орысшадан  гөрі қазақша сөйлеген жеңілірек. Ал, антропологиялық зерттеулерге келетін болсақ, біздің жаратылыстану музейімізде 40 мыңға жуық қаңқа сақталған. Олардың ішінде мадиярлардың бет бейнесі, дене бітімі, сүйектерінің орналасуынан-ақ, екі халықтың шыққан тегі бір екенін көруге болады", деп атап өтті Биро Андраш Жолт. 
Сонымен қатар, шара барысында бұдан басқа ғалымдар мен тарихшылар сөз алып, Қазақ мемлекетінің тарихнамасы мен Қазақ хандығының тарихы мәселелерінің өзектілігі, Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, қазақ халқының ұлттық тарихын кеңейту, халықаралық музейлік диалогты дамыту мен жаңашыл кезеңдегі музейлердің ғылыми қызметтік саласын кеңейту мақсатында тұшымды ойларын айтты. 
Мәдениет саласының дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Мәдениет саласының үздігі" құрмет белгісі және Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. 
Бұдан кейін шара «Қазына - Prezent» мультимедиялық музей жобаларының тұсаукесері мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің залдары бойынша театрландырылған экскурсияға ұласты. 
Сонымен қатар, фестиваль қатысушылары мен қонақтарына Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры алдындағы аллеяда Көкшетау қаласы мен облыстың әр өңірінен келген 90-ға жуық сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің «Өнер - Fest» көрме-жәрмеңкесі ұсынылып, Щучье-Бурабай курорттық аймағына арнайы саяхат ұйымдастырылды. Ал, кешке қарай Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Моңғолия, Башқұртстан, Алтай Республикасынан келген әлемдік деңгейдегі музыканттар мен фольклорлық ансамбльдердің қатысуымен Ақмола облыстық филармониясы ғимаратында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі өтті.  

 
1600 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper