Анонс


Қаздыарал-І орнындағы апаттық зерттеулер

Сәрсенбі, 10 Ақпан 2021 02:30
Қаздыарал-І орнындағы апаттық зерттеулер KAZMUSEUM.KZ -  

Ескерткіш Ойыл өзенінің сол жағалауында, Қаратал ауылынан 1,9 шақырым оңтүстік-батыс бағытта орналасқан. Құмның қалдықты төбелерінде тас ғасыры мен ортағасырлық түрлі заттарымен бірге табылды.

Жұмыстың басты мақсаты — Қаздыарал-І орнындағы апатты жерлеулерді зерттеу. Алғаш рет ескерткіш 2012 жылы анықталды. Қаратал ауылының тұрғындары аудандық музей қызметкерлеріне мүрде сүйектері мен археологиялық заттардың табылғанын айтып, хабар берген. Сол жылдың сәуір айында облыстық тарих, этнография және археология орталығы және Ш.Берсиев атындағы аудандық музей қызметкерлері бірігіп, аумақты қарап табылған заттарды жинау жұмыстарын жүргізді.

 2020 жылы Қаратал ауылының тұрғындары тағы мәрте заттарды, соның ішінде сүйір түбі бар қыш ыдыс табылды. Осы жылы шілде айында облыстық тарихи-өлкетану музейі мен аудандық музей қызметкерлерінің бірігуімен аумақта тағы да тексеру жұмыстарын атқарды. Нәтижесінде ескерткіш орнында жаңадан археологиялық заттар және түрлі уақыттағы бейітүсті құрылыстары жоқ жерлеу орындары жер бетіне шығып, ашық күйде бұзылу процесіне ұшырағаны анықталды. 

 2020 жылдың қазан айында облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған археологиялық экспедиция нәтижесінде түрлі хронологиялық шеңбердегі бірнеше жерлеу орындары зерттеліп, тасымалданатын заттай жәдігерлер жинап алынды.

 Археологиялық тас олжалар түрлеріне қарап ескерткіш орналасқан аумақтың неолит дәуірінде игерілгенін айтуға болады.

 Ескерткіш аумағында б.з.б III мыңжылдықта бірінші жерлеу орындары пайда болған. Оған солтүстік-батыс бөлігіндегі жұптық жерлеу орны мысал бола алады. Жерленген сүйек шалқасынан, аяқтарын бүгіп, бастары солтүстік-шығысқа бағытталып жатыр. Қанқа жанында мүйізді ұсақ мал сүйектері табылды.

 Қаздыарал-І орнындағы б.з.б ІІ мыңжылдыққа тән жерлеудің орналасу ерекшелігі бар. Құмды алаңның орталық бөлігінде қола дәуірінің жерлеу орны орналасқан. Пішіні (дөңгелек, төртбұрышты) мен бағытталуы әр түрлі. Өкініштісі, табиғи бұзылу мен қарақшылық тонау әсерінен археологиялық олжалар аз, бірнеше сүйектер мен қыш ыдыстар қалдықтары ғана табылды. Солтүстік-батыс бөлікте тағы бір жерлеу орны табылды. Қанқа сүйектерінің сақталуы өте нашар. Жерленген сүйек маңында қола пышақ, шекеліктер, қыш ыдыс қалдығы мен моншақ бар.

 Ерте темір мен орта ғасырларға жататын жерлеу орындары солтүстік-шығыс бөлікте орналасқан. Бұл кезең бейіттері құмды топырақта немесе қабір шұңқырында кездеседі. Заттары алуан түрлі: қола және темір жебе ұштары, ыдыс немесе оның қалдықтары, шекелік әшекейлер, т.б.

 

 Аслан МАМЕДОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог

 

1570 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper