Жұмыс мақсаты — б.з II-IV ғ. ғ. жерлеу-ғұрыптық кешендерін анықтау және тіркеу, осы кезең ескерткіштерінің шоғырлануы басым микроаудандарын анықтау.
Қорымдар қорғандар, гантель тәріздес және төртбұрышты құрылыстар т.б. тұрады. Қорымдардың көбі өзенді жағалай созыла орналасқан, нысандар шынжырлы реттілікті құрайды.
Аудандағы ескерткіштердің картографиялық зерттеуі барысында олардың Ойыл өзені мен салаларына байланысты екені анықталды. Аумақ картасындағы ғұн-сармат кезеңінін ескерткіштері төрт топты құрады. Негізгі ірі тобы Ақшатау, Көсембай және Қоңырат (Ойыл өзені) ауылдары аумағында орналасқан. Екінші топтағылар Қиыл өзенінің оң жақ бөлігіндегі Шиқұдық ауылында. Үшінші тобы Ойыл ауданының солтүстік бөлігінде, Жақсыбай өзені салалары мен сайларды бойлай топтасқан. Төртінші топтағы ескерткіштер биыл зерттелді және Ойыл ауданының батыс бөлігінде орналасқан.
Ойыл ауданы ескерткіштері Қазақстанның орталық аймағынан басталып, солтүстік-батыс бағыттай Орал өзеніне және батысқа қарай созылған ғұн-сармат кезеңінің ескерткіштерінің жалғасы екені белгілі. Бір қызығы, облысымыздың солтүстік және оңтүстік аудандарда бұл ескерткіштердің саны азаяды және қорғандар жеке өз алдына топтарды құрамайды. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында б.з II‑IV ғ. ғ. жататын ескерткіштер шоғырланған бірнеше микроаудандар белгіленген.
Ғарыштық фотосуреттерді бажайлау, аэрофотосуреттер мен қорым нысандарындағы қазба жұмыстарынан Батыс Қазақстан аумағында б.з II‑IV ғ. ғ. кейінгісарматтық аталатын өзіндік мәнге ие мәдениетті мұраға қалдырған ірі тайпалық одақтардың өмір сүрген орны екендігі анықталды.
Аслан МАМЕДОВ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог