Анонс


«Қазақстан музейлері: бүкіләлемдік пандемияның әсері және жаңа дағдылар» Таңдаулы

Сенбі, 23 Қаңтар 2021 01:23
«Қазақстан музейлері: бүкіләлемдік пандемияның әсері және жаңа дағдылар» KAZMUSEUM.KZ -  

Мақалада COVID-2019 бүкіләлемдік пандемиясы кезіндегі Қазақстан музейлерінің 2020 жылғы наурыз-шілде аралығындағы қызметі баяндалған. Автор Қазақстан музейлерінің пандемия кезіндегі қызметін алыс-жақын шет елдермен салыстырып, жетістіктері мен проблемаларын атап көрсетеді.    

   Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылғы 11 наурызда COVID-2019 жаңа коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялады (4). Осыған байланысты Қазақстан Республикасында пандемияның алдын алу үшін 2020 жылғы 16 наурыздан 15 сәуірге дейін елде төтенше жағдай режимін енгізді. Сонымен қатар, 2020 жылғы 16 наурыздан 11 мамырға дейін және екінші рет 2020 жылғы 5 шілдеден бастап екіапталық карантин бекітіліп, кейіннен 2 тамызға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.

   Осыған сәйкес, ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 наурыздағы №63 бұйрығымен мәдени ұйымдар, оның ішінде музейлер мен көрме орталықтары, галереяларда қоғамдық шаралар өткізуге тиым салынды (17). Бұл тиымнан соң дәстүрлі форматта өткізетін шараларды online-да өткізуге тура келді. Интернет ресурстарды толығымен игере қоймаған Қазақстан музейлері үшін бұл күтпеген жағдай болды.

  Қазақстандағы музейлердің штат кестелерінің үлгілері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылғы 31 наурыздағы №121 бұйрығымен бекітілген. Республикалық (ҚР Ұлттық музейін қоспағанда – Авт.), облыстық, қалалық және аудандық музейлердің штат кестелерінің үлгілерінде музейлердің қоғаммен байланысын ұйымдастыратын, интернет ресурстарды музей игілігіне пайдаланатын мамандардың лауазымдары белгіленбеген. Бұл проблеманы әрбір музей өзінше шешіп, штаттан тыс қызметкер алу немесе өзге мамандарға қосымша жүктеу немесе басқа қызметкердің лауазымдық міндеттерін өзгерту арқылы реттеп келеді. Осыған қарамастан Қазақстан музейлері өздерінің жұмыс жоспарларына өзгерістер енгізіп, пандемия кезінде интернет ресурстар арқылы жұмыс істеуді қолға алды.

  Музейлер тарапынан ең алғаш рет қолға алынған жұмыс сайттарындағы 3D және виртуал турларды әлеуметтік желілер арқылы насихаттай бастады. Қазақстандағы 3D тур және виртуал экскурсия ұсынатын бірнеше музейдің тізімі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми интернет ресурсында және kazmuseum.kz сайтында жарияланды (11). Бұл тізімге Қазақстандағы музейлердің 10%-ке жуығы ғана енді. Өзге музейлер 3D тур және виртуал экскурсия ұсынуға дайын болмай шықты. Оның үстіне көпшілікке үнемі бірқалыптағы 3D тур немесе виртуал экскурсияны ұсыну мүмкін емес болатын.

    Төтенше жағдай және карантин режимі енгізілген соң елдегі барлық музей әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы online режимде жұмыс істейтінін хабарлады. Бұрын мұндай тәжірибесі, арнайы әдістемелік нұсқаулығы жоқ, интернет ресурстары дамымаған қазақстандық музейлердің әрі қарай қалай жұмыс істейтіндігі туралы осы жерде заңды сауал туындады. Музейлердің интернет ресурстары арқылы тұрақты түрде online шаралар өткізу тәжірибесі әлемге танымал Метрополитен, Лувр, Британ музейі, Эрмитаж тәрізді ірі музейлер үшін аса таңсық емес еді. Аталған музейлер осы уақытқа дейін көрмелердің ашылулары мен дәрістерді, музейлік кездесулерді online-да өткізетін. Бірақ, online-ға түбегейлі көшу ірі музейлер үшін де тосын жағдай болды.

  Қазақстанмен көршілес Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі интернет ресурстар арқылы осыған дейін өткізген және әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, музей мамандарына арнап, culture.ru порталы арқылы online режимде интернет ресурстармен жұмыс істеу тәртіптерін түсіндірді (20). Қазақстанда осындай әдістемелік көмектің қажеттілігі сезілді. Музей саласында мұндай әдістемелік қолдаудың жоқтығына қарамастан, Қазақстан музейлері online режимде жұмыс істеуді бастады.         

  COVID-2019 бүкіләлемдік пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде Қазақстан музейлерінің ішінен Абайдың Жидебай-Бөрілідегі қорық-музейі алғашқы болып online режимдегі жұмысты қолға алып, мектеп оқушылары үшін сабақ ұйымдастырды. Карантин кезінде алғаш рет өткізілген бұл сабақ Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналды. Музейдің сол кездегі директоры Жандос Әубәкір online режимде Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Абай мектеп-лицейінің «Абайтану» кабинетінің ашылуына қатысып, оқушылар мен педагогтарға Абайдың шығармашылығы мен музейдегі экспонаттары туралы лекция оқыды (5).

    Ал, бұл кезеңдегі ірі жоба ретінде Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің «Қазақстан музейлерінің мамандары үшін біліктілік арттыру курсы» атты жобасын атауға болады. Музей мамандарына арналған ақпараттық-әдістемелік бағыттағы kazmuseum.kz сайты арқылы ұйымдастырылған бұл жоба 2020 жылғы 29 сәуірде басталып, аяқталуы 3 маусымға белгіленгенмен, қатысушылардың сұранысына орай, 15 мауысымға дейін жағасты. Online режимде өткен курс 10 видеолекциядан тұрады. Олардың қатарында «Көркемөнер музейінде музей заттарын сақтау ерекшеліктері», «Мүмкінігі шектеулі азаматтар үшін музейдің қолжетімділігі», «Картина сюжетінің атрибуциясы», «Туризмнің дамуындағы музейдің рөлі» атты видеолекциялар бар. Курсты Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінің директоры, профессор Гүлмира Кенжеболатқызы Шалабаева, музейдің тіркеу және сақтау бөлімінің жетекшісі Ирина Арьевна Школьная, қолөнер бөлімінің жетекшісі Гүлайым Мұсағұлқызы Жұмабекова, музей қызметкері Бейбіткүл Әженқызы Абирова, шетел өнері бөлімінің жетекшісі Галина Николаевна Сырлыбаева тәрізді тәжірибелі мамандар жүргізді. Жоба Қазақстанның 10 облысынан 107 маманды қамтыды. Біліктілік арттыру курсының қорытындысы ретінде тестілеуден сәтті өткен 57 қатысушыға куәлік тапсырылды (8).

  Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі мұнымен қатар, online режимде  «Рустам Хальфин. Айнасыз автопортрет» көрмесі, «Азия аспаны астында» көрмесі, «Ценный Дар Нормана Х.Толмана» вернисажы және 18 мамыр – Музейлердің халықаралық күніне орайластырылған «Музейдегі түн» online жобасын және бірнеше лекция мен online экскурсияларды ұсынды. Ерекше атап өтерлігі, «Музейдегі түн» online жобасы аудиториясы ең көп жоба болды.  «Музейдегі түн» жобасына Facebook әлеуметтік желісінде 230-дан астам қолданушы лайк басып, 120 рет бөлісіп, 6 мыңнан астам көрілім, 60-тан астам пікір жинаған. Ұзақтығы 9 минут 55 секунд болатын видеода музей қорындағы картиналардың «тірілуін» көрсеткен. Көпшілікке режиссерлік шешімі, музыкасы, сценариінің сәтті болуымен ұнады.

 ҚР Орталық музейі карантин кезеңінде дәрістер ұйымдастарды. Дәрістер негізіне музей мамандарына бағытталды. Олардың қатарында музей директоры Нұрсан Әлімбайұлы Әлімбайдың «Қазақтың тарихи этнографиясының музейдегі деректік негізі һәм негіздемесі», музей директорының орынбасары Ғалия Теміртонқызының «Ғылыми-зерттеу жұмысы музей қызметінің негізгі бағыты ретінде (ҚР Орталық музейінің ғылыми жұмыстары негізінде)» атты видеолекциялары бар. Лекциялар кейіннен kazmuseum.kz сайтына орналастырылды.

  Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі online режимде ұйымдастырған біліктілік арттыру курсы қатысушылар санымен және географиясымен ерекшеленсе, ҚР Орталық музейінің музей мамандары үшін ұйымдастырған видеолекциялары интернет ресурстардағы көрілім санымен алдыңғы қатарда болды. Музей директоры мен оның орынбасарлары, бөлім жетекшілері ұйымдастырған видеолекциялардың kazmuseum.kz сайтындағы көрілімі 1 мыңнан 2 мыңға дейінгі аралықта болды. Бұны Қазақстан музейлері үшін жоғары көрсеткіш ретінде бағалауға болады.

  Қазақстандағы ірі музейлердің бірі – ҚР Ұлттық музейі COVID-2019 бүкіләлемдік пандемиясы жарияланған сәттен бастап online режимде өткізетін шараларының жоспарын жариялады. Олардың қатарында «Біздің музей» (сарапшылармен сұхбат), «Жәдігер» (музей заттары мен көрмелері туралы сұхбат) және видеоэкскурсиялар бар. «Біздің музей» жобасының алғашқы сұхбаты Instagram әлеуметтік желісінде өтіп, көрілім саны 340 қолданушыны қамтыды. Көрілім санының аз болуына сұхбаттың аудиториясының дұрыс таңдалмауы себеп болды. Сұхбат беруші ретінде таңдалған музейтанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Ғалия Файзулиннаның пікірі қазақстандық  музейлердің мамандары үшін өте қызық. Сондықтан сұхбатты ұйымдастырушы ҚР Ұлттық музейі қазақстандық музей мамандарына арналған ресурстардың бірін пайдалануы қажет еді. Ал, Facebook әлеуметтік желісінде ұйымдастырылған «Жәдігер» жобасында Ұлттық музейдің экспозициялары, музейлік заттары және қор сақтау жұмыстары туралы лекциялар мен сұхбаттар ұйымдастырылды. Көрілім саны жағынан 900-2100 қолданушыны қамтыды. Жобаға тікелей эфирде кезінде сұрақ қоюшылар мен пікір білдірушілердің саны өте аз болды.

  Карантин кезінде ұйымдастырылған жобалардың ішінде Ұлттық музей мен Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі балаларға арналған тұрақты жобаларымен ерекшеленді. Қазақстан музейлері карантин басталған сәттен бастап балалар аудиториясын «ұмытқан» болатын. Бұл олқылықтың орнын осы екі музейдің мамандары толтырды. Олардың  ұсынған контент сапасы да балалардың жас ерекшелігіне, интернет ресурстар арқылы қабылдауына ыңғайлы болды. Көрілім саны жағынан Ұлттық музейдің балаларға арналған контенттері Facebook әлеуметтік желісінде 230 -1200 қолданушыны қамтыса, Ә.Қастеев атыдағы Өнер музейі ұсынған бейнелеу және қолөнер сабақтарын 200-1400 аралығында қолданушы тамашалаған.

  Республикалық дәрежедегі музейлердің ішінде «Отырар» қорық-музейі көпшілікке реставрация жасау әдістерін таныстырса, «Әзірет-Сұлтан» қорық музейі, «Бозоқ» және «Сарайшық» музейлері ғылыми тақырыптардағы лекцияларды жиі ұсынды.

  Облыстық және қалалық, аудандық музейлер бұл кезеңде қиындыққа тап келді деуге болады. Республикалық ірі музейлерге қарағанда техникалық тұрғыдан жабдықталуы жеткіліксіз және контенттерінің интернет ресурстарға, оның ішінде online форматқа лайық болмағаны байқалды. Көптеген музей карантинге дейін бірнеше жыл бұрын түсірілген TV форматындағы деректі фильмдерді, сұхбаттарды әлеуметтік желіге жариялады. Кейбір музейлердің әлеуметтік желілердегі парақшаларында көлемі бірнеше баспа табақ болатындай ғылыми, танымдық мақалалар жарияланды. Мұндай мақалалардың жариялануын музей басшылары мен мамандары өздерінен жоғары тұрған мекемелердің тапсырмасы бойынша «карантин кезінде тұрақты түрде әлеуметтік желіге материал жариялау қажет» болған соң жариялағанын айтады.

  Облыстық музейлердің ішінде жақсы тәжірибе көрсеткен музейлердің қатарында Қарағанды облыстық Бейнелеу өнері музейі, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі, Павлодар облысының Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейі, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі бар. Бұл музейлер негізінен өз қорларынан музей заттары туралы тұрақты түрде видеороликтер ұсынды. Қазақстан музейлерінің ішінен алғашқы болып, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі online режимде халықаралық ғылыми-тәжірибелік  конференция өткізгенін атап өту қажет (7). Online режимдегі ресми шаралар қатары кейіннен ҚР Ұлттық музейінің отандық музей мамандары арасында өткізген «Қазіргі кезеңдегі музейлердің қызметі: жаңа талаптар мен мүмкіндіктер» атты форумымен толықты. Форумға музейлерден 20-дан астам маман қатысып, жергілікті музейлердің жетістіктері мен проблемалары жөнінде пікір алысты (14).

  Аудандық музейлердің ішінен І.Есенберлиннің Атбасар қаласындағы мемориалдық музейі, Қызылорда облысындағы Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі, Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық музейі, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейі, Қарағанды облысының Нұра аудандық тарихи-өлкетану музейі Instagram және Facebook әлеуметтік желілері арқылы музей қорындағы заттарға экскурсия жасады. Бұл музейлер ұсынған контенттердің көлемі және ақпараттарды ұсыну әдістері әлеуметтік желілердің шарттарына сай келеді.

  Карантин кезінде лекция, сұхбаттармен қатар, әлем музейлері Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде хэштегтер арқылы челлендждер ұйымдастырды. Олардың ішінде ең танымалы Италияның Польди Пецолли музейі бастаған #NomiCoseNeiMusei хэштегімен танымал болған челлендж бар (9). Челлендждің міндеті – музей қорынан тұлғаларға, қала тарихына  байланысты мәліметтерді алып, гүл мен музейлік өзге затпен төртеуінің тарихын байланыстырып коллаж жасау. Instagram және Facebook әлеуметтік желілері арқылы бұл челленджге әлемнің 100-ден астам музейі қатысты. Олардың қатарында қазақстандық Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі, Серікбол Қондыбайдың мемориалдық музейі, Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі, Д.Қонаев музейі, Дәстүрлі музыка орталығы, Н.Тілендиев музейі, Музыкалық аспаптар музейі, Алматы тарихы музейі бар.  

   Осы кезеңде шетелдің өзге музейлерімен online режимде бірлескен жобалар қолға алына бастады. Мұндай бастаманы Қазақстан музейлері арасынан алғаш рет Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі Әзірбайжанның Ұлттық өнер музейімен бірлесіп жүзеге асырды. «Алматы. Баку. Көктем» атты online режимдегі көрмеде Қазақстан мен Әзірбайжан суретшілерінің еңбектері ұсынылды (10).

   Offline-нан online режимге бірден өту Қазақстан музейлері үшін үлкен тәжірибе болды. Әлеуметтік желілерде осыған дейін анонс немесе пресс-релиздер ғана жариялап келген музейлер интернет ресурстардың мүмкіндіктерінің мол екенін түсінді. Интернетке арналған контентті құрылымы, көлемі, мазмұны өздері ойлағаннан мүлде басқаша екенін байқады. Бірақ көптеген музейдің ұсынған контент түрлері бірізді, креатив жағы шектеулі болғаны жасырын емес. Карантин уақытында видео және мәтін түріндегі контентке баса мән берген музейлер қазіргі уақытта кеңінен таралған аудиоподкаст тәрізді өнім ұсынбады. Әдістемелік нұсқаулықтың немесе кеңес беретін мамандардың болмауынан online режимде лекция өткізу, экскурсия жүргізу кезінде біршама кемшілік байқалды. Олардың қатарында көрермендермен кері байланыс орнатпау, тікелей эфирде немесе одан кейін де сұрақтарға жауап бермеу, лектордың немесе экскурсоводтың сөздерінің тым күрделі болуы тәрізді кемшін тұстары бар.

  Контент ұсыну кезінде техникалық тұрғыдан да бірнеше музей мүмкіндіктерінің шектеулі екенін және смартфондардың функцияларын дұрыс пайдалана бермейтінін көрсетті. Техникалық мүмкіндіктердің болмауы немесе оны дұрыс пайдаланбауы салдарынан тікелей эфир кезінде дыбыстың ұзаққа уақытқа дейін болмауы, видеоны түсіру кезінде камераны көлденеңінен қойып түсіру, жүргізуші мен сұхбаттасушының бет-бейнесін тым алыстан немесе камера бетін толық алып көрсету сияқты қосымша кәсіби білікті талап ететін жағдайлар жиі кездесті. Мұндай олқылықты болдырмау үшін музейлерде штатив, жеке веб-камера, сымсыз және ілінетін микрофон, түсірілімге арналған зона, жылдамдығы жоғары интернет сияқты техникалық құралдар мен мүмкіндіктер және видео түсіруге, түсірілім пультін басқаруға машықтанған мамандар (режиссер) болуы тиіс.        

  Видеолекция оқыған музей қызметкерлерінің ғылыми, тым күрделі мәтінді  жалпыға бірдей етіп оқуы аудиторияны жоғалтуға себеп болады. Видеода тек музей қызметкерінің көрінуі де көпшілікті жалықтырады. Сондықтан лекторлар, сұхбаттасушылар өздері пайдаланып отырған ресурстың қосымша мүмкіндіктері арқылы слайдтар, фотосуреттер, ұзақтығы бірнеше секунд ғана болатын видеолар ұсынғаны жөн.

  Балаларға арналған контенттің аз болуы музейлер үшін сын ретінде қабылдануы тиіс. Музей педагогикасының Қазақстанда жеткілікті дамымауы, бұл бағыттағы баспа өнімдерінің шықпайтыны осы кезеңде анық көрініс берді. Карантин кезінде ауладағы ойын алаңдарына тиым салынып, балалар үйде отыруға мәжбүр болды. Оларға музейлер тарапынан тұрақты түрде ұсынылған контент өте аз екені байқалды. Балалар әдетте ежелгі дүниеде өмір сүрген динозаврлар, батырлар, жануарлар, өсімдіктер туралы тамашалағанды ұнатады. Бұл кейіпкерлер өлкетану музейлерінде болғанына қарамастан, мамандар балаларға ұсынуға асықпады.   

  Карантин уақытында Қазақстан музейлері дайындаған контенттер әлеуметтік желіге бағытталып, оның посткарантиндік «тағдырына» ҚР Ұлттық музейі мен Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінен басқа музейлер мән бермеді. Әлеуметтік желілерге салынған немесе тікелей эфирде жарияланған контентті интернеттің «шахтасына» түсіп кетті деп айтуға болады. Мүмкіндігінше сапалы дайындалған контентті музей сайтына немесе Youtube видеохостингінен арнайы канал ашып, бір ресурсқа орналастырған жөн. Бір ресурсқа жинақталған контент посткарантиндік уақытта да қызмет ететіні сөзсіз.

  COVID-2019 бүкіләлемдік пандемиясы музей саласында жаңа дағдыларды қалыптастыруға мәжбүр етті. Интернет ресурстарды жаппай пайдалануға көшуден басқа мүмкіндік болмады. Бұл жағдай музейлердің жоспарын ғана өзгертіп қоймай, оларды сынақ алаңына да айналдырды. Музейлер жан-жақты амал қарастырып, интернеттегі аудиторияны игеруге кірісті. Еуропа музейлері ішінен online форматтағы шаралардың ішінде Рейксмузейдің видеотур арқылы ойын ұйымдастыруы (3), Нельсон-Аткинстің Өнер музейінің зоопаркпен бірге жасаған «Үш пингвин оқиғасы» интернет қолданушыларын тәнті етті. Бұл жоба 350 мыңнан аса интернет қолданушыны қамтыды (2). АҚШ-тың Метрополитен музейінің Instagram әлеуметтік желісіндегі контентінің сапалы болуы себебінен қолданушылар саны карантин кезінде 200 мыңға көбейді (15). Алайда, мұндай мүмкіндіктерге қолжеткізу барлық елдің музейіне тән емес еді. Қос Америка мен Еуропа және Азия музейлері интернет ресурстар арқылы жұмыс істеуді бастағанда, Африка елдерінің музейлерінде мұндай мүмкіндік болмады. Африкадағы музейлердің небәрі 5%-і ғана интернет ресурстар арқылы жұмыс істей алатындығын көрсетті (1). Қазақстан музейлері арасында интернет қолжетімді болғандықтан, бұл проблема байқалмады. Бұл кезде қазақстандық музейлер әлемнің өзге музейлері секілді жаңа дағдыларды игеруге кіріскен еді. 

   Ендігі ретте көптеген музейді «посткарантиндік кезеңде қалай жұмыс істейміз? Карантиннен қалай шығамыз?» деген сауалдар мазалайды. ЮНЕСКО мен ICOM-ның бірлескен баяндамасына жүгінсек, әлемдегі әрбір 8-інші музей, яғни музейлердің 13%-і пандемиядан соң қайта ашылмайды (1). Баяндамада айтылған бұл цифр Қазақстан музейлеріне қатысты емес деп санауға болады. Қазақстандағы музейлердің түгелге дерлігі мемлекет есебінен қаржыландырылатындықтан музейдің қаржы-материалдық ресурстарында қиындықтар бола қоймады.

    АҚШ, Еуропа елдерінің және көрші Ресейдің музейлері пандемияның салдарынан кіріс көзі мүлде азайғанын айтады. Мысалы, Вена Өнер музейі, Рейксмузейум, Амстердамның қала музейі аптасына 100 мыңнан 600 мың € дейінгі аралықта кіріс көзінен айырылған. Ресейлік Эрмитаж жартыжылдық кіріс көзінен, яғни 2,5 млрд рубльден айырылып қалуы мүмкін екенін жариялады. Пандемия әсерінен мүлде табысынан айырылған музейлер де жоқ емес. Атап айтсақ, Камбоджаның Ангкор-Ват мінәжаттық кешенінің 2020 жылғы сәуір айында табысы бірден 99%-ке азайған. Америка музейлері альянсы АҚШ музейлері күн сайын $33 млн табысын жоғалтып отырғанын жариялаған (6). ICOM-ның пайымдауынша, музейлер мемлекет қолдауынсыз пандемия әкелген зардаптардан шыға алмайды. Осы орайда Ұлыбритания үкіметі мәдениет мекемелеріне $2 млрд (12), АҚШ үкіметі $100-150 мыңның арасында жекеленген суретшілер арасында бөлсе, музейлерге $2-5 млн көлемінде қолдау білдірді (13). Мұндай қолдау Ресейде де болып, елдің Мәдениет министрлігі 2020 жылғы мамыр айында карантин әсерінен табысын жоғалтқан театрлар мен музейлерге министрлік тарапы қаржылай қолдау білдіретінін хабарлады (19).   

   Қазақстан музейлері тұрақты түрде мемлекет есебінен қаржыландыруына байланысты, карантиннен тәжірбие жинап, жаңа дағдыларды игеріп шығатыны анық. Мысалы, The art newspaper Russia басылымы «карантиннен Мәскеу музейлері жаңа идеялармен шықты» деп жазады (22). Басылымның атап өтуінше, Мәскеу музейлері бұл уақытта посткаратиндік көрмелерге, жаңа жобаларға дайындық жасаған.

    Әлем елдері ішінде карантиннен соң алғашқы болып есігін ашқан – Қытай музейлері. 2020 жылғы 20-21 мамырда Пекиннің бірнеше музейі мен галереялары көпшілікті қабылдады. Кейіннен Италия, Германия, Швейцария музейлері қайтадан ашыла бастады. Аталған елдерде музейлерге кіру тәртібі өзгерді. Қытай музейлері өзге елдер секілді келушілердің температурасын өлшеп кіргізгенімен, келушілерге анкета толтыртып, олардың жеке дербес мәліметтерін де алады. Еуропада маска тағу тәртібі сақталып, тек электронды билеттер ғана қабылданады. Италияда музейлер белгілі уақытта белгілі мөлшердегі адамды ғана қабылдайтынын жариялады (16).  Ресейде де музейге кіру тәртібі өзгеріп, карантинге дейін 10-15 адамнан тұратын топпен кіруді 5 адамға дейін азайтты. Экскурсия қызметі де тек 5 адамнан аспайтын топқа ғана көрсетіледі. Залдарда 1,5 шаршы метрге 1 адам есебімен кіргізу міндеттелді. Кейбір музейлерде вендинг аппараттары қойылып, келушілерге маска және резина қолғап ұсынуды қолға алды. Келушілердің музейге кіру интервалын бұрынғыдай бірден кіретіндей етіп емес, 20 минут сайын етіп бекіткен музейлер де кездеседі. Бұл тәртіп келушілер арасында қашықтықты сақтауға ықпалын тигізеді. Ресей музейлері санитарлық нормаларға да ерекше мән беріп отыр. Құрғақ және дымқыл тазалық шаралары, қолданылатын химиялық сұйықтықтар мөлшері, желдеткіштерді қолдану тәртібі, дезинфикциялау жолдары туралы нұсқаулық шығып, 2020 жылғы 10 маусымда бекітілді (21). Нұсқаулықта гардероб, экспозиция алаңдарын қолдану тәртібі, музейдің ашу кезінде жасалатын міндетті шаралар да көрсетілген. Пандемиядан кейін Ресей музейлеріндегі маршруттар да өзгергенін атап өту керек. Залдарда адам тығыз болмауы үшін музейге кіру және шығу екі бағытта ұйымдастырылып, артқа қайтып аралау мүмкіндігі шектелген.

 ҚР Үкіметінің мәліметінше,  2020 жылғы 20 шілдеден бастап, Қазақстанда инфекция жұқтырған азаматтар саны азайып келеді (18). Министрлік коронавирустан жазылған азаматтардың көп екенін де хабарлады. Мемлекетте оптимистік жаңалықтың болуы барлық салаға мүмкіндігінше оң әсерін тигізетіні анық. Қазақстан музейлері де осы уақытта посткарантиндік жобаларды жоспарлауымен қатар, шетел тәжірибелері негізінде карантин уақытында жасаған контентін одан әрі дамытуды, музей қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ойластыруы тиіс.

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, музеология магистрі

 

Мақала 2020 жылғы 20-қарашада өткен «I-Есік оқулары: Алтын адам және Еуразияның дала белдеуінің көшпенділер археологиясының мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясының жинағында жарияланған. 

 

ФОТО: Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі (көрнекі сурет)

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН РЕСУРСТАР

  1. COVID-19:   UNESCO and ICOM concerned about the situation faced by the world's museums [Электронды ресурс] / «ЮНЕСКО-ның ресми интернет ресурсы». – Электрон.мәлімет. – Париж. – 2020. –    URL: https://en.unesco.org/news/covid-19-unesco-and-icom-concerned-about-situation-faced-worlds-museums (қаралған күні 04.08.2020).
  2. Penguins Visit Nelson-Atkins Ahead of Kansas City Zoo Opening [Электронды ресурс] / «Нельсон Аткинстің Өнер музейінің ресми сайты». – Электрон.мәлімет. – Канзас. – 2020. –   URL:  https://nelson-atkins.org/nelson-atkins-at-home/look-at-home/ (қаралған күні 03.08.2020).
  3.  Rijksmuseum Masterpieces Up Close [Электронды ресурс] / «Rijksmuseum музейінің ресми сайты». – Электрон.мәлімет. – Амстердам. – 2020. –   URL: https://www.rijksmuseum.nl/en/masterpieces-up-close (қаралған күні 03.08.2020).
  4. WHO Director-General's opening remarks at the media briefing on COVID-19 [Электронды ресурс] / «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының интернет ресурсы». – Электрон.мәлімет. – Женева. – 2020. –   URL: https://www.who.int/director-general/speeches/detail/who-director-general-s-opening-remarks-at-the-media-briefing-on-covid-19---11-march-2020  (қаралған күні 01.08.2020).
  5. Абай қорық-музейі интернет ресурстар арқылы қызмет көрсете бастады [Электронды ресурс] /«Қазақстан музейлерінің ақпараттық-әдістемелік kazmuseum.kz орталығы». – Электрон.мәлімет. – Нұр-Сұлтан. – 2020. –   URL: http://kazmuseum.kz/muzej-menedzhmenti/item/1912-abaj-koryk-muzeji-internet-resurstar-arkyly-kyzmet-korsete-bastady (қаралған күні 01.08.2020).
  6.  Авдеева А. Выживут только гиганты: как коронавирус уничтожает музеи [Электронды ресурс] / «РосБизнесКонсалтинг» ақпараттық агенттігі. – Электрон.мәлімет. – Мәскеу. – 2020. –   URL: https://trends.rbc.ru/trends/social/5ee0b1539a79479db40e0452?fbclid=IwAR3LzHF5aC1_8lx5yo_vooD9fci6NDrueu9amAIIWrKwSvHjJZLC9EXrryk (қаралған күні 05.08.2020).
  7. «Алтын Орда кезеңі: уақыт пен кеңістік аясында» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция [Электронды ресурс] / «Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ресми сайты». – Электрон.мәлімет. – Атырау. – 2020. –   URL:  http://atyrau-museum.kz/index.php/kz/murazhaj-turaly/madeni-is-sharalar/1976-altyn-orda-keze-i-ua-yt-pen-ke-istik-ayasynda-khaly-araly-ylymi-praktikaly-konferentsiya (қаралған күні 02.08.2020).
  8. Ә.Қастеев атындағы Өнер музейі мен Kazmuseum.kz қоры біліктілік арттыру курсының қорытындысын жариялады [Электронды ресурс] //«Қазақстан музейлерінің ақпараттық-әдістемелік kazmuseum.kz орталығы».  – Электрон.мәлімет. – Нұр-Сұлтан. – 2020. –   URL: http://kazmuseum.kz/biliktilik-arttyru-kurstary/item/1976-a-kasteev-atynda-y-oner-muzeji-men-kazmuseum-kz-kory-biliktilik-arttyru-kursyny-korytyndysyn-zhariyalady (қаралған күні 01.08.2020).
  9. Әлем музейлері арасында жаңа челлендж басталды (ФОТО) [Электронды ресурс] / «Қазақстан музейлерінің ақпараттық-әдістемелік kazmuseum.kz орталығы».  – Электрон.мәлімет. – Нұр-Сұлтан. – 2020. –   URL:  http://kazmuseum.kz/lem-muzejleri/item/1933-alem-muzejleri-arasynda-zha-a-chellendzh-bastaldy-foto (қаралған күні 02.08.2020).
  10.  Бабаева Д. Алматы-Баку. Весна. Евразийский союз искусства [Электронды ресурс] / «Trend» халықаралық ақпараттық агенттігі». – Электрон.мәлімет. – Баку. – 2020. –   URL:  https://www.trend.az/life/culture/3241041.html (қаралған күні 02.08.2020).
  11. Виртуал тамашалауға болатын Қазақстан музейлерінің тізімі [Электронды ресурс] / «Қазақстан музейлерінің ақпараттық-әдістемелік kazmuseum.kz орталығы». – Электрон.мәлімет. – Нұр-Сұлтан. – 2020. –   URL: http://kazmuseum.kz/ekskursiya-yzmeti/item/1917-virtual-tamashalau-a-bolatyn-kazakstan-muzejlerini-tizimi (қаралған күні 01.08.2020).
  12.  Грудницский С. Правительство Великобритании выделяет почти $ 2 млрд для помощи учреждениям культуры [Электронды ресурс] / «Беларусь сегодня» ақпараттық порталы. – Электрон.мәлімет. – Минск. – 2020. –   URL: https://www.sb.by/articles/pravitelstvovelikobritaniivydelitpochti2mlrddlyapomoshchiuchrezhdeniyamkultury.html?fbclid=IwAR0gIuQ6ztwMj0N28mVwAiL0vC1dJGxE8GNbQLOZWrdNXDOZfcsF7c2HFQ (қаралған күні 05.08.2020). 
  13.  Дафое Т. (Taylor Dafoe). Jeff Koons, Gagosian Gallery, and Many Other Blue-Chip Art Operations Received Millions of Dollars in Government Stimulus Money [Электронды ресурс] / «Artnet» порталы». – Электрон.мәлімет. – Нью-Йорк. – 2020. –   URL:  https://news.artnet.com/art-world/jeff-koons-gagosian-millions-ppp-loans-1892828#.X7o-35PeTgo.twitter (қаралған күні 05.08.2020).
  14. «Деятельность музеев в современных условиях: новые вызовы и возможности» [Электронды ресурс] / Youtube платформасы. –   Электрон.мәлімет. – Нұр-Сұлтан. – 2020. –   URL: https://www.youtube.com/watch?v=2uIlLqK_HIk (қаралған күні 02.08.2020).
  15.  Доусон Э. Как Метрополитен-музей в пандемию увеличил число подписчиков в соцсетях на 200 тыс. [Электронды ресурс] / «The art newspaper Russia» интернет ресурсы. – Электрон.мәлімет. – Мәскеу. – 2020. –   URL:  http://www.theartnewspaper.ru/posts/8125/?fbclid=IwAR3hgaJTBll2RNvFqRk_c1a0-A9wyAiglkdGHUFX0pF0hgfy9PcZmXgkR54 (қаралған күні 04.08.2020).
  16.  Кан А. Музеи возвращаются. Не сразу и не все. Как они выглядят после карантина? [Электронды ресурс] / «BBC орыс қызметі». – Электрон.мәлімет. – Нұр-Сұлтан. – 2020. –   URL:  https://www.bbc.com/russian/features-52731813 (қаралған күні 05.08.2020). 
  17.  ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 наурыздағы №63 бұйрығы: Ч. 1: ресми мәтін: 2020 жылғы 01 тамыз. – Нұр-Сұлтан: ресми хабарлама, 2020.
  18.  ҚР-да COVID-19-ға қатысты жағдай тұрақталды: күн сайын ауруды жұқтырғандар азайды, емделіп шыққандардың саны артты [Электронды ресурс] / «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы». – Электрон.мәлімет. – Нұр-Сұлтан. – 2020. –   URL: https://primeminister.kz/kz/news/reviews/kr-da-covid-19-ga-katysty-zhagday-turaktaldy-kun-sayyn-aurudy-zhuktyrgandar-azaydy-emdelip-shykkandardyn-sany-artty-2165654 (қаралған күні 06.08.2020).    
  19.  Лебедева Н. Ольга Любимова рассказала, как культура будет выходить из карантина [Электронды ресурс] / «Российская газета». –Электрон.мәлімет. – Мәскеу. – 2020. –   URL:   https://rg.ru/2020/05/21/olga-liubimova-rasskazala-kak-kultura-budet-vyhodit-iz-karantina.html (қаралған күні 05.08.2020).
  20. Прямые трансляции [Электронды ресурс] / «Портал Культура.РФ» – Электрон.мәлімет. – Мәскеу. – 2020. –   URL: https://www.culture.ru/live (қаралған күні 01.08.2020).
  21.  Рекомендации по проведению профилактических мероприятий  по предупреждению распространения новой коронавирусной инфекции (COVID-19) в музеяхмузеях-заповедниках, дворцово-парковых музеях: Ч. 1-4: ресми мәтін: 2020 жылғы 6 тамыз. – Москва: База Rospotrebnadzor, 2020.
  22. Савицкая А. Российские галереи вышли из самоизоляции с новыми идеями [Электронды ресурс] / «The art newspaper Russia» интернет ресурсы. – Электрон.мәлімет. – Мәскеу. – 2020. – URL:  http://www.theartnewspaper.ru/posts/8221/ (қаралған күні 05.08.2020).

 

 

 

5046 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper