Анонс


Музейдегі эпистолярлық мұра: Асқар Тоқмағамбетовтің Зейнолла Шүкіровке хаты

Сейсенбі, 05 Мамыр 2020 03:01
Музейдегі эпистолярлық мұра: Асқар Тоқмағамбетовтің Зейнолла Шүкіровке хаты KAZMUSEUM.KZ -  

Қызылорда облысы, Тереңөзек (Сырдария) ауданында 1905 жылы дүниеге келіп, 1983 жылы дүниеден өткен белгілі ақын-жазушы Асқар Тоқмағамбетовтың Зейнолла Шүкіровке жазған хаты:   

Зейнулла! Аман боларсың, Біз де аманбыз. Сенің «Корей қызы» деген поэмаңды мен өзім дұрыстап, аздап жөндеп, «Ленин жолы» газетіне бердім, жақында басылады. Ол қашан бітеді? Басқа не істеп жатырсың? Райком қандай жағдай жасады? Неге маған хатты аз жазып кеттің? Сенің жинағаныңды биыл ұсынуға келісіп отырмыз. Көктем туралы жаз. Хош, Асқар. 13.03.52. Газетке шыққан соң қалай жөнделгенін өзіңдегіні салыстыр».

          Асқар ақын тағы бір хатында былай дейді:

          «Зейнолла! Ден саулығың қалай? Біз де аман жүріп жатырмыз. Көптен бері хат та сала алмадым, оған толып жатқан себептер болды. Осы өткен февраль айында Чимкентке командировкаға барамын деп машина соқтығысу әрекетіне кез болып, әйтеуір өлмей қалдым. Бет-ауыз быт-шыт болды. 6 тіс сынып кетті. Сөйтіп Ташкентте бір ай больницада жатып тәуір болдым. Онан келісімен Алматыға кетіп, жақында келдім. Издательство сенің жинақтарыңды күтіп отыр. Мариям Хакимжанова өзіңе қайтарыпты да, оны ондағылар білмей қалыпты. Планда барсың, тілек жібер. Мен Ғабитте болғанда сенің курортың туралы сөйлестім, олар Алматы жанындағы «Аяқ қалған» деген ыстық сумен емдейтін курортты қолайлайды, оны алыс десе Жаңақорғанға жіберейік деп отыр. Соған тиісті документ, врачтардың заключениясы керек, әрі сенің неше айға, қайда баратыныңды айтқан арызың керек.

Ал, мотоколяска туралы және персонал пенсия туралы председатель президиума верховного совета – Ташеновпен сөйлестім, ол бұлар туралы жәрдем бермек болды, тек бізден я союздан қағаз керек екен, соны жіберу керек –деді. Соны жібердік.

Мұндағы өлеңдерің Шопашевтің тартпасында жатып қалған екен, соны жақында тауып (ол Алматыға қызметке кеткен еді) жіберіп жатырмыз.

Анәугі Б.Тоғысбаев сен туралы бір беттік очерк  жазған екен (Лениншіл жасқа). Мен оқып көріп қайта жазуға кеңес бердім, жақында шығып қалуы мүмкін. Басқа жаңалық жоқ. Өзің неге хат салып тұрмайсың. Жазғаныңды маған жібер. Жазушылар одағына мүшелікке алу жөнінде документтеріңді жөндеп жібердік. Кепілдемеші мен, Оңалбаев, Қуаныш берді. Жақында союзға мүше болып қаларсың. Сәлеммен, Асқар. 14.V.60»].

Хаттан мейірімге толы әкелік қамқорлық сезіледі. Әкесі сынды «Көктем туралы жаз» деп бұйырып, жинақтың жақында баспаға шығып қалатынын, оның ұсынылғанын жаттай емес, жақын адамындай жеткізген. 1960 жылы жазған хатында Асқар Тоқмағамбетов ақ көңілімен ақтарыла өзінің денсаулығын, басынан өткерген қиын күндерін баян еткен. Соның өзінде Зейнолланы қанатының астына алып, баспаның шығармаларын күтіп отырғандығын айтып, тез жіберуін сұрайды. Хаттан Зейнолланың Қостанай жерінің тумасы, ақын, ҚР Халық жазушысы Мариям Хакімжановамен таныс болғандығы, пікір алмасқындығы байқалады. Асқар Тоқмағамбетов 1960 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы қызметінде болған Ғабит Мүсіреповпен Зейнолланың шипажайы жайлы сөйлесіп, денсаулығына алаңдайтынын байқатады. Хатта Зейноллаға екі шипажайдың таңдауы ұсынылады. Бірі – Алматыдағы «Аяқ қалған» болса, екіншісі – Жаңақорған шипажайы. Сол жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшеновтен бауыры Зейнолланың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік беретін заманға сай мотоколясканың берілуіне және мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін дербес зейнетақы тағайындалуына көмек сұрайды. Асқар ақынның жасы кіші Зейнолланың алдында өбек қағып, жүгіріп, Тәшеновтің алдына өзі кіріп, келісімін алып, жазушылар кеңесінен керекті өтініш-қағазын жаздырып, тапсырған. Зейнолла сол жылдардағы қазақ ақыны, Сыр елінің тумасы Тілеген Шопашевпен, Бек Тоғысбаевпен әдеби байланыста болған. Бек Тоғысбаевтың 1960 жылдары «Лениншіл жас» газетінің бөлім меңгерушісі болып тұрған уақытта Зейнолла Шүкіров туралы очерк жазғандығы ақынға деген ілтипат деп білу керек. Жазушылық одағына кіруіне Зейнолла Шүкіровтің жерлестері – ақын-жазушылар Әбдікәрім Оңалбаев, Қуаныш Баймағамбетов және қамқор әкесіндей болған Асқар Тоқмағамбетовтер еңбек сіңірген.

 

Әйгерім БЕККУЛИЕВА,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі

 

 

АЛДЫҢҒЫ ХАТТЫ ОҚУ ҮШІН: СІЛТЕМЕ

6901 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper