Анонс


Музейдегі эпистолярлық мұра: Әбу Сәрсенбаевтың Зейнолла Шүкіровке хаты

Дүйсенбі, 16 Наурыз 2020 19:34
Музейдегі эпистолярлық мұра: Әбу Сәрсенбаевтың Зейнолла Шүкіровке хаты KAZMUSEUM.KZ -  

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музей қорында Атырау облысы, Құрманғазы ауданында 1905 жылы дүниеге келіп, 90 жасқа келгенде дүние салған (1995 жыл) ақын-жазушы Әбу Сәрсенбаевтың Зейнолла Шүкіровке жазған екі хаты бар. Бірі 1962 жылы, екіншісі 1972 жылы жазылған.

 

Әбу Сәрсенбаевтың 1962 жылы жазған хатында:

«Зейнулла, аманбысың, қарағым. Хатыңда өткен аптада алған едім. Кейбір жайларды анықтамақ болып жүргенде жауапты кешеуілдетіп алдым. Кешіре гөр. Ал, енді сол жайларға көшелік:

1. Жинағың одақта қаралып, баспаға ұсынылған. Редакторың Шамил екен. Асығыс бір жұмыстар кимелеп, редакциясын әлі аяқталмапты. Бірақ танысып шығыпты. Пікірі жақсы. Сейтжанға шақыртып, тез арада бітіру міндеттелінді. Шарт мәселесі содан кейін сөз болмақ. Тәкең сенің тілегіңді қостаймын деген уағыда берді.

2. Ақша жөнін анықтадым. 1136 сом алашағың бар көрінеді. Август айында Қызылордаға осының мың сомын көшірген екен, қайта оралыпты. Сондағы жігіттерді айтам-ау. Сенің жаңа адресің жібере қоюы керек еді. Ал, қазір бұлардың тырп етер шамасы жоқ. Директор жылап отыр. «30 мың борышымыз бар, бәрін сол қағаз борышына ұстап қалады. Қашан қаражатты боларымыз белгісіз» дейді.

3. «Тоғысқан тағдырлардың» өңделген данасын Хасеннің қолына келіп түскен көрінеді. Бірақ жұмыс басты болып әзірге қарай алмапты. Оқып шыққаннан кейін маған бермек. «Простор» да асықтырып жатыр. Жылдың жоспарында да тұр. Сондықтан Хасенді де асықтыруымыз керек.

Сұрақтарыңа жауап осылар. Ал, астанадағы достарың, қаламдастарың түгел аман. Бөтен өзгеріс жоқ. Жақында Ғабиден ақсақалдың 60 жылдығын өткіздік. Көңілді, жақсы өтті.

Әдебиетке күн сайын, ай сайын келіп жатқан жастар бар. Олардан Мұқаң мархом айтқандай әдемі бір көктем лебі сезілетін тәрізді. Ой сұлулығы, сезім сұлулығы бай. Мені осылардың сұлу сезімдері, әдемі бояулары сүйсіндіреді, үлкен үміт күттіреді.

Ақсудан Қанипа Бұғыбаева деген ақын қыз шықты. Жетім, мүгедек бала екен, 7 класты төсекте жатып бітірген. Сен жатқан госпительде операция жасатып, қазір біздің үйге тұрақтады. Өлеңдерін оқыған шығарсың. Өз басының жеке драмасы да бар, сезімге толы, әдемі өлеңдер. Жақында Есенби деген баланың өлеңін оқыдым. Ол да мөлдір.

Тек поэзия ғана емес, проза жанырынан да үміткерлер қосылып келеді. Мен алдыңғы күні ғана Қарауыл, Ерғали деген екі баланың бір тақырыпқа жарысып жазған әңгімелерін оқыдым. Неткен әдемі сезім, әсем сезім. Сөздік, көркемдік құралдары қандай бай. Осы екі баланың әңгімелерін «Жұлдызға» ұсынғалы отырмыз.

Міне, Сізде осындай жас қаламгерлер жетіліп келеді, сауатты, білімді қаламгерлер. Айтқандай сенің жіберген әңгімеңді оқып шықтым. Маған әбден ұнады. Рас өз өміріңе тым ұқсап кеткен екен. Айтар кеңестерім де бар еді. Қазір есіме түспей отыр. Жазбам қолымда жоқ еді. Әңгімеңді Сайын Мұратбековке бердім. Ол оқып шыққаннан кейін «Жұлдызға» ұсынбақпыз. Григорий Львович Эдельштейнге сенің атыңнан сәлем айттым. Жүз метрдей жүретін болыпты деп қуанттым. Өзің жіберген балықты силамақ болған едім. Алмады. Пара деп қорқама екен. Түсінбедім. Хат жаз ол кісіге. Госпитальдің адресіне жібер.

Інішегіңнің ауырып қалғаны қиын болған екен. Жазылып кетуіне тілектеспін. Ал сен жаттығуыңды қалдырма. Зорлансаң да үйрене бер. Аяққа басуға тырыс. Хош-сау бол, ұлым. Деніңе саулық, аяғыңа қуат, жұмысыңа сәттілік тілеймін. Бетіңнен сүйдім. Менің «Жазылмаған дастан» деген атпен екі дастаным шықты. Магазинге түскеннен кейін бірін өзіңе жіберемін. Құрметпен, Әбу, 6.ХІІ.62».

Ә.Сәрсенбаев пен З.Шүкіров осылайша хат алмасып тұрған. Зейнолла Қызылордада болса, Әбу ағасы Алматыдан жаңалықтар мен хабарларды жіберіп отырған. Жалпы, әдебиет тарихында астанадан алыста, шалғай шаһарларда тұрып, биік абыройға ие болған, көп оқырманы бар ақын-жазушылар аз, солардың бірі – З.Шүкіров. Ол – Аралдан алыс ұзамай, Қызылордадан әрі қия баспай, өнімді жұмыс жасаған қайраткер. Әдеби, мәдени ортада жүріп, жарыса шапқанды аңсамады дейсіз бе? Аңсады, дегенмен мүмкіндігі болмады. Бала кезінен жабысқан ауру тұрғызбай, төсекке таңды. Жүйріктердің жанында жүйріктер қоса шаппаса, тұлпардың қаны да қызбайды. Еш рекорд жасамайды. Дейтұрғанмен, осындай стимулсыз ортада ақындық қарқынын, жазушылық қабілетін жоғалтпай, жемісті еңбек еткен дарабоз – З.Шүкіров. Хатта Зейнолланың Әбу ағасына жазған хатындағы сұрақтарға жауап қайтарылады. Қуантатыны, Зейноллаға хат жазған қай қаламгер болмасын кітабын, тым болмаса шығармасын баспаға шығаруына атсалысқан. Шығармасының жарыққа шығатынына хаттарда уәде беріліп, Зейнолланы жігерлендірген, оған қанат бітірген. Шығармашылықпен алаңсыз айналысуына көмек көрсеткен. Оқырманның жақсы қабылдауын да айта кетіп, жігеріне жігер, шабытына шабыт қосқан. Ә.Сәрсенбаев та тілекші достар қатарында. Жалпы, Әбу ақын ақ көңілді, кең пейілді жан болған. Жас ақындарды көтеріп, әдебиет әлеміне қанатын қатайтып аттандырған. Сондай дарынды жастардың бірі – Қанипа Бұғыбаева болатын. Қ.Бұғыбаева дәл З.Шүкіровтей 7 жасында аяқтан қалып, ем алып, қатарға қосылған жас ақын. Өмірінің соңына дейін сылтып басты. Тәннің кемдігі емес, зерде мен жүректің кеңдігі сөз болмақ. Қанипаның аяққа тұруына Ә.Сәрсенбаевтың көп көмегі тиді, Зейнолланың жатқан госпиталінде емделгенін, өзінің үйінде тұрақтатқанын хатта баян етеді. Қанипа сынды жастардың өкше басып келе жатқанын айтып, өлеңдерінің мөлдірлігімен, әдемілігімен бөліседі. Хатта сонымен қатар, Сайын Мұратбековтің есімі аталады. 1962 жылдары, яғни хаттың жазылған уақыты С.Мұратбеков «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. Зейнолланың шығармашылығы ол кісіні де бей-жай қалдырмаған. Хатта Сайынның Зейнолла әңгімесін оқып шығу керектігі, артынша «Жұлдызға» басылу керектігі айтылады. 

Дәрігерге Әбу Сәрсенбаев Зейнолланың жағдайының жақсы екенін хабарлағанын, Әбу ағасына деп берген балығын ақ көңіл ақынның дәрігерге бергісі келсе де, сыпайылық танытып, дәрігердің алмағынын жазады. Ә.Сәрсенбаев Эдельштейнге госпитальдің мекен-жайына хат жазуын сұрайды, Зейнолланың ұлындай болып кеткен Алпысбай інісінің ауырып қалғанына қиналады. Ә.Сәрсенбаев Зейнолланың денсаулығына қатты алаңдайды. Дене жаттығуларын үзбей жасауын өтінеді. Хаттан мейірім мен ағалық қамқорлықтың лебі еседі. 

Әбу Сәрсенбаевтың 1972 жылы Зейнолла Шүкіровке жазған хаты:

«Зейнулла! Есен-саумысың? Қарағым, сені шешеден айырылды деген хабарды газеттен оқыдым. Одақтың көңіл айтуы бәрмізге ортақ қой. Ал жеке өз атымнан көңіл айтуға кезінде сөз таба алмадым. Не демек едім саған. «Жылама» демекпін бе? Олай деуге хақым жоқ! Шеше қай кезде де, жасқа да, егдеге де шеше! Әке мен шешеге өзгесін былай қойғанда тек, өмірге әкелгені үшін де мәңгілік борыштымыз ғой!

«Біраз суысын, өзіне өзі келсін!» деген ниетпен саған кешеуілдеп көңіл айтқалы отырмын. Бәрі бір көңіл айту деген көңілдегі жараны қайтадан жаңартады. Алайда амалсыз көндігеміз. Сен тағдыр деген мейірімсіздің мазағына көнбейтін, ешқашан тізерлемейтін, керек болса тағдырдың өзін мазақ етерлік құдыреті бар нағыз батыр адамсың. Қас батыр деген сөз біреу арналар болса менг алдымен, сол бір қасиетті атақты саған ғана арнар едім! Майдангер батырлардың талайын білеміз. Олардың жағдайы бір басқа. Біз кейде алтын жұлдыздыларды ғана батыр санаймыз. Ал жұлдызсыз батырлар қанша! Бауыржанды мен төрт рет батыр еткен болар едім. Сен анау өткен жыл қайтыс болған Мыңбаевты білесің. Екі қолсыз оралған еді ғой. Жақында маған Құсайын Өтешқалиев деген майдандасым келіп кетті. 1943 жылы, дәл жиырмаға толған күні екі аяқтан бірдей айырылған. Қазір тоқпан жіліктен қалған бір сүйем тұқылға жайдақ арба байлап, қолмен итеріп жылжиды.

Ал енді осы батырлардың қай-қайсысы да сендік биіктен жоғары ма екен? Жоқ, сен жеке шыңдасың! Әрине, деңгейлестірудің өзі де дұрыс емес! Дегенмен де сенің орның бөлек! Сен төсекте жатып мектеп бітірдің. Сенің білігің институт бітіргендердің көбінен жоғары! Алдымен, осылардың өзі ерлік! Ал, еңбектерің ше? Сен балықшымен бірге дүлей теңіз кешесің. Сен малшымен бірге шөл даланы, қарлы боранды кешесің. Сен студенттермен бірге биік армандарға самғайсың. Сен жасыл парктардарда таңғы шықтай мөп-мөлдірмахаббат кәусары боп ынтызарландырасың. Сен жас буындарды әсемдік әлеміне бағдарлайсың. Биік мақсатқа, адалдыққа, адамдыққа баулисың. Демек, сен қара күштің батыры емес, аса қиын еңбектің батырысың! Анығырақ айтқанда сен ұстаздық еңбектің батырысың! Әрине, өңіріңде алтын жұлдыздарға сен де ортақсың!

Демек, сенің бойыңдағы батырлық қабілет мынадай аса ауыр қаза кезінде де әлсіремейді, жасымайды деп сенемін! Анаңның топырағы торқа болсын, қарағым! Қынжыла тұрсаң да қасіретке бой бермеуге тырыс! Ана рухы алдындағы перзенттік борышың сенің творчествоға жаңа шабыт бергей! Абзал ана бейнесін шығармаңнан кездестіретін болайық! Биікке самға, қыраным!

Деніңе саулық, шабытыңа дауылпаз қанатын тілеймін. Құшағыма қаусырып, бетіңнен сүйдім, қарағым! Ағалық адал ниетпен, Әбу Сәрсенбаев. 13.4.71. Алма-Ата, 72. Интернациональная, 129, кв 1.»

Әбу Сәрсенбаев хатты әдетте «Зейнулла! есен-саумысың?» деп бастайды. Музей қорында сақтаулы 3 хаттың екеуі осылай басталған. Зейнолла Шүкіровтің анасы 1972 жылы дүниеден өтеді. Әбу Зейноллаға көңіл айту және анасының өлімі қажытпас үшін жігерлендіру сөздерін жазған. Ер басына күн туғанда, қараспаса дос дос, аға аға бола ма? Інісіне рухани тірек бола білген Әбу Сәрсенбаев темірдей берік төзімділік танытуын сұраған, сұрап қана қоймай, «алтын жұлдызды батырға» теңеген. Әбу Сәрсенбаев хатта Зейноллаға шексіз сенім мен өшпес үмітті сыйлағандай әсер қалдырады. Әбу ағалық ақ тілекпен Зейнолланы қас батырға теңеп, жас буынның Зейнолланың шығармаларымен суысындап жатқанын тілге тиек етеді. Әбу Зейнолланың халық үшін, әсіресе жастар үшін керек екенін аңғартады. Соғысқа барып, аяқ-қолсыз келген майдандас-замандастарының өмірге деген құлшынысын мысалға келтіре отырып, тулап жатқан өмір дариясында еш мойымай, өз әлінше құлаш сермеуге, алға қарай ұмтылуға жігерлендіреді. Өзіне қару болған ой-жарығының, сана-сезімінің биіктігі Зейнолланың өзі жазған шығармалар кейіпкерлерінің прототипімен бірге жүрмесе де, бірге болғандай әсер қалдырады. Аяғынан 7 жасында айырылса да, балалық және бозбалалық шағы теңізде балық аулаумен, жерде мал бағумен өткендей. Әлемді ой көзімен көру деген осы шығар. Шығармаларынан сондай шынайылықты байқаған Әбу Сәрсенбаев Зейнолла Шүкіровті «ұстаздық еңбектің батырына» балаған.

Хаттан ауыр кеселдің запыран-зәрін ішіп жатса да, күні-түні демей жазып, тағдырына бас имей, арпалысып, әр минуттық ғұмыры үшін тісін тісіне қойып, соңына дейін күресе білген қайсар жанды көруге болады.  Әбу Сәрсенбаев хатында Зейнолла Шүкіровті батырға теңей отырып, қайықтары желге өрлеп, өмір өзенінде үйректей жүзіп, қаздай қалқып, сау-саламат жүрген жандар оның жасап жүрген ісіне бара алмайтынын айтқысы келді. Өмірдің әрбір минутын босқа сарп қылмай, ел игілігіне жұмсап жатқан Зейнолланы мақтан етеді, жақын тартады.  Анасына көңіл айта отырып, шығармаларында ана образының болуын қалайтындығын білдіреді. «Деніңе саулық, шабытыңа дауылпаз қанатын тілеймін. Құшағыма қаусырып, бетіңнен сүйдім, қарағым!» дегенінен-ақ, ағалы-інілі жылы туыстық қатынас сезіледі. «Жақсылардың ақылы азық, сөзі сусын» демекші, Әбу Сәрсенбаевтың ағалық ақылы Зейнолла Шүкіровке күш-қуат бергендей көрінеді. Хатта панасына алып жүрген ағалық мейірім сезіледі.

 

 

Әйгерім БЕККУЛИЕВА, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі

3608 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper