Анонс


ШҚО өнер музейінің қорындағы картиналардың каталогы жарық көрді

Сейсенбі, 21 Сәуір 2015 16:19
ШҚО өнер музейінің қорындағы картиналардың каталогы жарық көрді KAZMUSEUM.KZ -  

Өскемен қаласындағы «Рекламный Дайджест» баспасынан Шығыс Қазақстан өнер музейі қор коллекциясының каталогы басылып шықты. Осы өнер ордасының іргетасының қаланғанына ширек ғасыр толуына арналып шығарылған бұл каталогта музейде  сақтаулы тұрған 221 суретшінің кескіндемелік туындылары қамтылған.

Қазақ КСР Министрлер кеңесінің шешімімен 1990 жылғы 1 маусымда ашылған өнер музейінің негізін облыстық сәулет-этнографиялық музейінің қорларынан алынған 65 кескіндемелік туындылар  топтамасы құраған еді. Қазір бұл топтама 1231 туындыны құрап отыр.

Кеңес Одағында көркемсурет туындыларына басты тапсырыс беруші және оларды сатып алушы – мемлекет болғандығы мәлім. Музей тарихындағы қысқа ғана кеңестік кезеңде оның қызметкерлері сол ескі жүйені пайдалана отырып, КСРО Мәдениет қоры, Е.Вучетич атындағы Бүкілодақтық көркемсурет-өнеркәсіптік бірлестігі (Мәскеу),  Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің Көркемсурет көрмелері дирекциясы арқылы кеңестік республикалардың жетекші суретшілері жұмыстарының жақсы топтамаларын қалыптастырып үлгерген еді.

Өңірдің «кескіндеме» тарихы ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталды. Өскеменде тұрған және жұмыс істеген алғашқы кәсіби суретшілер – В. Титов, Г. Рычков, В. Истомин, А. Паньшиннің жұмыстары негізінен кеңес реалистік мектебінің үздік өлшеміне сәйкес келді. 1960-80 жылдары мұнда Л. Агейкин, Н. Аштема, Н. Джуган, В. Подкидышев, А. Коробков сияқты жаңа әйгілі есімдер пайда болды. Осы қатарда Л. Агейкиннің  орны ерекше, ол – Тәңірінің өзі таңдаған суретші ғана емес, сонымен қатар сол кездері жас болып, қазіргі күні танымал болған көптеген суретшілерге игілікті ықпал еткен хас шебер.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жария еткеннен кейін, көптеген суретшілер шығармашылықтарына жаңа көзқараспен қарап, Отан тарихына терең үңіле отырып, жаңа тақырыптарды іздестірді және дәстүрлі өнерге жаңаша қарады. Бірақ, бірен-сараны ғана реалистік кеңістік шегінен шығуға бел буа алды. М.Смаилов, Т.Татиев, В. Шмидт, О.Махно, Қ.Қадырбеков, А.Шоқанов, Б.Морозов құрған шығармашылық дербес әлемдер бейнелеу өнерін дамытуға қосқан күмәнсіз үлес болып табылады.

Өнер музейіндегі кескіндеме жиынтығының басым бөлігі – шығысқазақстандық суретшілердің шығармалары. Алайда, мұнда жалпы қазақстандық өнердің топтамасын қалыптастыруға да аз көңіл бөлінбейді. Өнертанушылар Отанымыздың заманауи  бейнелеу өнерінде нышандық әдіс, тұжырымдамалық тәсіл және реализм сияқты үш бағыт дамып келеді деп санайды. Осы векторлардың әрқайсысы да музей қорының топтамасында көрсетілген. Суретшілер мен өнер зерттеушілері, сондай-ақ жалпы өнер сүйер қауым үшін музей директоры, өнертанушы Нұржази Қалиеваның редакторлығымен, музей мамандарының күшімен жарық көрген жаңа каталогтың берері мол деген тұжырым жасауға әбден болады.

 

Айтмұхамбет Қасымов,

журналист, ШҚ өнер музейінің қызметкері.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2754 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper