Анонс


Айғаным ханымнан қалған асыл мұра

Сәрсенбі, 14 Ақпан 2018 01:23
Айғаным ханымнан қалған асыл мұра KAZMUSEUM.KZ -  

Сан ғасырлық оқиғаға толы тарих қойнауына көз жүгіртсек  батыр апаларымыз бен ер жүрек қыздарымыз аз болмаған. Сол асыл аналарымыз Мұхтар Омарханұлы айтқандай «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен»-деген болатын. Соның бір жарқын дәлелі. Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың кемеңгер әжесі Айғаным ханша.

Шоқан Уәлиханов жайлы Ә. Марғұланның зерттеулерінде атап көрсетілгендей, Шоқанның әжесі Айғаным (1783-1853 жж.) көптеген шығыс халықтарының тілдерін білген, олардың бай ауыз әдебиеті үлгілерінің бірталайын жатқа айта алған, орыс мәдениетінің маңызын қазақ әйелдері ішінде бірінші болып түсініп, баласы Шыңғысты 1827 жылы Сібірдегі әскери училищеге оқуға берген, орыс-қазақ достығын жақтап, аулына келген орыс зерттеулеріне қолайлы жағдайлар туғызып отырған, жас Шоқанның оларға еліктеуіне, сөйтіп өнер жолын қууына ешбір шектеу жасамаған, қайта баланы ойшылдыққа баулыған, алдыңғы қатарлы мәдениет пен ғылымды жоғары бағалап, немересі Шоқанның рухани өсуіне үлкен жағдай жасаған [1, 11-12б].

Айғаным немересі Шоқанның бала тәрбиесіне де ерекше көңіл аударған. Ол туралы Жарылқап Бейсенбайұлы «Уәли ханның бәйбішеден туған бас мұрагері Абайділда орыс үкіметі ұсынған аға сұлтандықты менсінбей, бұлғаққа бейім боп шеттетіңкіреп жүрген кезде, Тобыл мен Омбы ұлықтары патша әкімшілігі мен Абылайдың қара шаңырағы арасындағы байланысты Уәлидің кіші әйелі Айғаным арқылы жүргізіп отыруды да назарда ұстағанды жөн көрген еді. Оны сол шақтағы ресми қатынас қағаздарында: «Аса құрметті ханша Айғаным Уәлиева» деп жазылатын құжаттар ауанынан да байқау қиын емес.

Ханымның арғы тегінің өзі де Абылай ханның бір қайын жұртына жатады. Шежіре деректері Абылайдың бір әйелі Айбаршаны-Көлденең Есіл бойын жайлайтын атығай-қарауыл руларының бас имамы болған Сарғалдақ қожаның қарындасы еді деп көрсетеді. Ал Айғаным – сол  Сарғалдақтың баласы Қожахметтің қызы. Уәли оған жасы алпысты алқымдаған кезде үйленген. Жастайынан қожалар отбасының тәрбиесіне сай, мұсылманша хат таныған, араб, парсы тілдерінен хабардар, кітаби тілдегі діни қиссаларды оқып өскен, әр нәрсеге көзі қарақты Айғаным өзінің ақылдылығымен аз уақытта-ақ Уәлиді билеп алған көрінеді. Соның бір белгісі, оның бәйбішеден бөлек тұрамын деп қарт күйеуі Уәлиді әкесі Абылайхан ордасы тігілген Бурабайдағы Ханның Қызылағашы деп аталатын қара шаңырағынан қозғап, өз төркініне жақын Сырымбет тауының баурайына көшіріп әкелуі» [2, 39б]. Осының жарқын мысалы бола алды. Айғаным тоғыз құрсақ көтерген алтын құрсақты ана болған.      

1822 жылдың күзінде-ақ Айғаным сол кезде орталығы Тобыл қаласы болған Батыс Сібір өлкесінің бас басқармасына өз қарамағындағы жұрттың көші-қондық жерлерін заңдастырып бөліп беру және Сырымбеттегі қонысында жеке үй мен мешіт тұрғызуын сұраған өтініш білдіреді [2, 39-40б]. Ол өтініштің қабыл алынғаны туралы С.Бегалин еңбегінде «Осы жерлерді сол болыстардың иелігіне бөліп беру туралы айтылған өтінішті қанағаттандырудың ыңғайлы әрі пайдалы екенін мойындай отырып, генерал-губернатор Қайсақ даласында тәртіп орнатуға 1823 жылы бөлінген 62 мың сомның қалдығынан бес мың сомға Уәли ханның жесірі мен оның отбасы үшін шағын үй және мешіт тұрғызу туралы шешімді бекітуіңізді сұрайды. Осы ұсынысты қарастыра келе, Сібір комитеті оны келтіретін пайдасы зор іс ретінде үлкен құрметпен қарауға лайық деп, оны толығымен бекітуді жөн санайды, бұған жоғарғы жақтың мәртебелі рұқсатын сұрайды.

Сібір комитеті мүшелерінің қойылған қолымен куәландырады

   Растаймын: коллеж хатшысы (қолы) - деп жазылған. [3, 13б].  Шоқан Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Бесінші том. Алматы, –  2010 ж. 

Айғанымның ел басқару ісіндегі көрегендігін П.П. Семенов-Тян-Шанский Уәлиханның орысқа бағынуын өзге туыстары, Уәлиханның балалары мен інілері, мойындағысы келмегенде, Уәлиханның жесірі Айғаным өзінің балаларымен бірге Россияның айнымас адал досы болып қалғандығын  арнайы тоқтала жазған [4,14б].

Осыдан кейін-ақ Айғанымның ықпалы қара шаңырақ қана емес көрші орыс әкімшілігімен де өзара қарым-қатынас орнатқаны туралы  білеміз.

 Қай істің де ығын дұрыс пайымдай білетін ақылды ханым бас ордадан ұласқан билік тізгінін өзінен өрген ұрпаққа мирас етіп қалдырудың бірден-бір жол – орыс әкімшілігімен тығыз байланыс құру екендігін де тап басып аңғара білді. Осы бағыт – хан  билігі жойылғаннан кейін де оның Абылай көтерген қара шаңырақ тізгінінің ықпалын біраз уақыт өз қолынан шығармай ұстап тұруына септесті.

Отбасы ошақ қасы ғана емес саясатпен де айналысқанын мына төмендегі хаттардан анық байқауға болады.

«Айғаным Уәлиева ханшаның Көкшетау округтік приказына жолдаған үндеу хаты»

1830 жылғы 16 наурыз, №2, Сырымбет шатқалы

Ресей үкіметіне адал берілген менің ұлым, сұлтан Шыңғыс Уәлиев, ресейше оқу, жазуды және саясатты үйренгісі келеді. Менің өтінішіммен облыс бастығы оны Омбы училищесіне қабылдауға келісім бергендіктен, оған Омбыға келуге ауызша және жазбаша түрде рұқсат етілді. Жүк арбаларын Омбыға дейін жеткізіп алуға рұқсат ету туралы облыс бастығына бір бұйрықпен ұсыныс жасауыңызды бас ие отырып өтінемін, сіздің хабарыңызды асыға күтудемін.

Сізге барлық жақсылықтар болсын деген тілекпен.

Ханша Айғаным Уәлиева» – деп  жазылған  [3, 15б].

Осындай толассыз хаттардан орыс әкімшілігінің Айғанымға деген оң ниетін анық байқауға болады. Сондай-ақ Айғанымның бала тәрбиесі мен отбасына көп көңіл бөлгені белгілі. Ас – адамның арқауы деген дана халқымыз. Осы принципті ерекше ұстанған дана Айғаным ханша тамаққа ерекше көңіл бөлген. Тамақтану арқылы адам ағзасы өзіне керекті заттарды алады. Адам ағзасына құнарлы астың тигізер пайдасы мен шипасы мол. Соның бір айқын дәлелі «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы бойынша келіп түскен Айғаным қыстауының ас үйі тегенесі. Тегене дегеніміз – ағаштан ойып жасалған шұңғыл тік жиек ыдыс. Көшіп-қонуға ыңғайлап жасалған ыдыс түрі. Тегенені ҚР Ұлттық музейінің қорына Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің қорларды жинақтау секторының маманы А.С. Жусупова тапсырды. Бұл тегене музей қорын толықтырып қана қоймай тарих қойнауынан сыр шертеді. Тегене қайта қалпына келтірілген. Диаметрі 30 см, іші шұңғылдау болып келген.

Түпсіз терең тарихы бар ежелден мекендеген қазақ жері қашан да тарихи оқиғаға толы болған және бола бермек. Қазақ елі әрқашан да қиын қыстау кезеңдерінде де елі мен жері үшін атқа қонған аяулы аруларымыз бен мейірімді әйел аналарымызға кенде болған жоқ.   Қашан да қазақ әйелдерінің рухы биік болсын!

 

 Меруерт Оразбайқызы Амирова,

Астана қ., Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі,

ғылыми қызметкер, тарих магистрі 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

  1. Қанафияұлы Н. Шоқан – әдебиетші, публицист: Зерттеу, –Алматы, Қазақстан, 1998ж. –184 б.
  2. Бейсенбайұлы Ж. Шоқан: – Алматы: «Қазақстан», 2009. – 608 бет.
  3. Шоқан Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. Бесінші том. Алматы, –  2010 ж.  
  4. Мұхтарұлы Сейсен Шоқан және Өнер: түсініктемеге негізделген иллюстрациялы ғылыми-публистикалық кітап. Алматы: Өнер, 1985. –310 бет.
4548 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper