Анонс


Роза Бағланова – ән өнерінің падишасы

Сәрсенбі, 20 Сәуір 2022 00:28
Роза Бағланова – ән өнерінің падишасы KAZMUSEUM.KZ -  

Аты аңызға айналаған әнші 1922 жылы 1 қаңтар күні Сыр бойындағы Қазалы өңірінде дүниеге келген. Әншінің азан шақырылып қойған есімі – Үрбибі. Күллі әлемге Роза есімімен танылған. Қазақтың ән өнеріндегі бірінші талантты, дарынды әнші.

Көркі гүлдей жайнаған талантты әнші өнерге жастайыннан құштар болған. Роза Бағланованың әнге деген ықыласын алғаш байқаған Күндей әжесі еді. Әжесі салған халық әндерін жатқа айтқан. Осындай немересінің қабілетін байқаған әжесі Роза немересін «Менің қызым әнші болады» деп, мақтап қанаттандырып қоятын. Анасы Ақкүріш те тамылжыта ән салатын қабілетті жан еді. Роза Бағланованың балалық, бойжеткен шағы ашаршылық пен аласапыран жылдары кезінде өтті. Сол қиын қыстау кезде отбасылық әдемі әшекей бұйымдар, күмістен дайындалған ыдыстар күн көріс үшін тамаққа айырбасталды [Абдухалимов, 2021: 8 б.].

Мектеп бітірген кейін 1939 жылы әнші Қызылорда педагогика институтына түседі. Әкесі қайтыс болған соң ол отбасының асыраушысына айналады. Күнкөнріс мақсатымен 1940 жылдары әнші Ташкент қаласына көшіп барған. Ерекше талантымен көзге түскен күміс көмей әншінің өнер жолы осы қаладан бастау алды. Роза Тәжібайқызы Ташкент филармониясындағы ән – би ансамблінде өнер көрсетіп, біраз уақыттан кейін ұйымның бас солисі дәрежесіне көтеріледі. Әнші даусына тәнті болған бірінші хатшы (Усман Юсупович) жас қызға Ташкент шаһарының орталығынан пәтер беріп, тіпті Мәскеудегі концерваторияға да жолдама береді. 1941 жылы 22 маусымда ойда – жоқта басталған сұм соғыс өнер әлеміне енді ғана қадам басқан Розаның да үмітін үзгендей болды. «Жақсы ән – жан азығы» – деген халық даналығын терең ұққан Роза көп ұзамай филармония әртістерімен бірге майдан шептеріндегі әскерлерге өнер көрсету үшін 19 жасында аттанып кетеді [Иманбай, 2007: 11 б.].

Роза Тәжібайқызы 1941 жылдан бастап соғыс аяқталғанға дейін оқ пен оттың ортасында ән шырқап, патриоттық әндерімен жауынгерлерге рух берген. Роза Бағланова өнерімен сарбаздарды жігерлендіріп, 20 шақты тілде ән шырқаған. Әнші Панфилов дивизиясының әскерлері, Орта Азия әскери округтінің майдан шебіндегі сарбаздары үшін, сондай – ақ солтүстік және батыс майдан шептерінде, Варшава әскери бөлімінде, Калинин, Минск, Киев сияқты және т.б қалаларда айлап жүріп, өнер көрсеткен. Ол майдан даласында жүріп, Отанды қорғау үшін әнімен қызмет етті. Роза Тәжібайқызы соғыс алаңында тек өнер көрсетіп қана емес, медбикелермен бірге жаралы солдаттарға жәрдемдесіп, қолдан келген көмектен аянып қалған жоқ. Өзі де майдан даласында жүріп, ауыр жарақат алған. 1944 жылы снарядтың жарықшағы көзіне ауыр зақым келтірсе де, ол артқа шегінбейді. Сол ансамбльмен Роза Бағланова Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамыр Жеңіс күнін «Мәскеудің офицерелер үйі» қонақ үйінде қарсы алды. Осындай қайсарлығымен ерекшеленген Роза Бағланова Кеңес одағында «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен 2 рет марапатталған жалғыз әнші [Тоғысбаев Б. Сужикова А., 2009:135 б.].

Роза Тәжібайқызы 1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің ІІ– конкурсының дипломанты. Роза Бағланованың Өзбекстаннан Қазақстанға келуіне тікелей себепші болған – ақын Жұбан Молдағалиев еді. Москвада Жоғары партия мектебінде оқып жүрген ол Өзбекстан атынан ән салып жүрген қазақ қызы бар деп естіп, арнайы іздеп барған. Жұбан ағаның қолдауымен 1949 жылы елге келді. Әкесіндей қамқор болған біртуар азаматтың жақсылығы мол. Будапештте өткен ән жарысына Роза Бағланованы қосқан да Жұбан Молдағалиев болатын. 1949 жыл әншінің жұлдызы жанған жарқын кезең болды. Роза Бағланованың даңқын асқақтата түскен «Әлем жастарының дүниежүзілік фестивалі», осы 1949 жылы өткен болатын. Венгрияның астанасы Будапешттегі фестивальде 80 мемлекеттің өнер тарландары сайысқа түсті. «Березка» жастар ансамбілімен сол кезде аттары кеңге жайылған Петров, Далуханова, Измаилова, Плисецкая, Ойстра, Растрапович сияқты өнер шеберлерінің арасында Қазақстанның атынан Роза да қатысты

Роза үлкен театр сахнасында Ілияс Есенберлиннің сөзіне жазылған Евгений Брусиловскийдің «Қыз арманы» әнін айтты. Келесі кезекте халық әндері «Екі жирен», «Қараторғай», Байқадамовтың «Домбыра», орыстың «Ах, Самара городок» әнін орындады. Роза Тәжібайқызы осы сапарында «Дүниежүзі жастары Будапешт фестивалінің» лауреаты атағымен қатар, бірінші дәрежелі диплом алып қайтты. Будапештте өткен фестивальден соң, ол 49 елді аралап, саяхаттауға мүмкіндік алды.

Фестивальден кейін Роза Бағланова өзге де жүлдегерлермен қосылып, Венгрия, Чехословакия, Германия, Австрия, Польша елдерін аралап, концерт қойды. Елге оралғаннан кейін де, әнші еңбегін әрі қарай жалғастырып, әлемнің АҚШ, Франция, Дания, Канада, Испания, Жапония, Корея, Иран, Қытай сияқты бас аяғы 54 мемлекетте болып, 30 – дан астам тілде ән айтты. Бірақ, қай елге қонаққа барса да, Роза алдымен өз халқының әнімен бастап, концерттің соңын сол елдің әнімен аяқтайды [Ұ Иманбай 2007: 53 б.].

Әлемнің түкпір – түкпіріндегі түрлі ұлт өкілдері мен қарапайым халықтан бастап, И.Сталин, Н.Хрущев, Л.Брежнев, Ким Ир Сен, Д.Қонаев сияқты талай үкімет басшыларының сүйікті әншісіне айналған Роза Бағланованың еңбегі қайда жүрсе де елеусіз қалмады. Жауынгерлік медальдармен қатар, 1950 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1955 жылы Қазақстанның Халық әртісі, 1967 жылы КСРО Халық әртісі атақтарына ие болды. 1982 жылы Халықтар достығы орденімен марапатталды.

Роза Бағланованың орындауындағы барлық әндер халық жүрегіне жетіп, өміршен туындыларға айналды. Ол ел сүйіп тыңдайтын көп әндердің алғашқы орындаушысы болды: «Ақкөгершін», «Менің  Қазақстаным», «Бейбітшілік туы берік қолда», «Жасасын совет халқы», «Ақмаңдайлым», «Жан құштарым», «Туған айдай», «Қайықта», «Маржан қыз», «Жайлау әні», «Махаббат Вальсі», «Айналайын», «Асыл арман», «Аяулым, арманымдай асылым ең» т.б.әндерді тыңдаушы халық алғаш рет Роза Бағланованың орындауында тыңдады.

Күміс көмей әншінің орындауындағы «Ах, Самара – городок» әні де әлі халық жадында. Кезінде Роза Бағланова осы әнмен КСРО елінің даңқын асырған еді. Әншінің өнердегі төлқұжатына айналған бұл әнді дәл сол кісідей ерекше нақышта ешкім орындай алмайтын. Оның репертуарында опера туындылары, қазақтың халық әндері, отындық және шетелдік композиторлардың шығармалары сондай – ақ орыс, өзбек, тәжік, украина, грузин, әзірбайжан, қырғыз, корей, поляк, венгер, қытай, моңғол, үнді, халықтарының әндері үйлесімді көрініс тапты.

Санкт – Петербургтағы «Эрмитажға» алып кеткен тайқазанның Түркістан мешітіне қайтарылуына да Роза Тәжібайқызының себепкер болған [Farabi Shakirti 2022: Электрондық ресурс].

Алаштың ай маңдайлы аруы Роза Бағланованың Аралға араша сұрап, Семей полигоны бойынша азаматтық үнін жеткізген болатын. Әншінің Арал теңізінің қасіреті туралы өр рухпен айтқан өткір сөзідері жүрекке жетті. 1986 – 1990 жылдар аралығындағы КСРО – ның саяси және қоғамдық өміріндегі күрт өзгерістер алғашқы демократия нышанын тудырып, бұл қазақстандық режиссерлердің ашық сыни көзқарасының қалыптасуына әсерін тигізгізді. Роза Тәжібайқызының елдегі қасіретті айтып сөйлеген сөзінде, асқан ерлік жатыр. Халқына өлшеусіз еңбек еткен майдангер әнші 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастарының рухани тілекшісі бола білді. Әнші 1996 жылы Халық қаһарманы атағына ие болды. Бар ғұмырын әні мен халқына арнаған Роза Бағланова 2011 жылдың 8 қаңтарында мәңгілік сапарға аттанды.

2022 – 2023 жылдарға арналған халықаралық мерейтойлар тізіміне қабылданып, оған Қазақстанның ұсынысымен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы енді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Тәжібайқызының 100 – жылдық мерейтойына орай «Роза Бағланова – ән өнерінің падишасы» – атты көрмесі ашылды. Көрмеде әншінің медальдары, сахналық костюмдері, жеке заттары, сумкалары, туфли, шляпа, картиналары ұсынылды.

 

Айнұр АҚЖАСОРОВА,

Қаршыға ЖУМАГУЛОВА, ҚР Ұлттық музейінің қызметкерлері

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Абдухалимов К. Роза Бағланова. – Алматы: Өнер, 2021. – 280 б.
  2. Багланова Р. Айналайын халқымнан еркелеткен //  Под ред. У. Иманбай. Алматы: Атамұра, 2007. – 109 б.
  3. Тарихи тұлғалар. Танымдық – көпшілік басылым. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. «Алматы кітап баспасы», 2009. – 135 б.
  4. Ұрқия Иманбай «Айналайын халқымнан еркелеткен» 2007 – 53 б.
  5. Farabi Shakirti 2022 «Ән – халықтың жүрегі» [Электрондық ресурс] http://farabishakirti.kz
1787 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper