Анонс


Тұңғыш кәсіби дәрігер Мұхамеджан Қарабаевқа тиесілі архив туралы

Сейсенбі, 05 Қаңтар 2021 03:12
Тұңғыш кәсіби дәрігер Мұхамеджан Қарабаевқа тиесілі архив туралы KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының фото-құжаттар коллекциясында сақталған қазақтың тұңғыш кәсіби дәрігері Мұхамеджан Қарабайұлы Қарабаевқа тиесілі бірнеше құжат көшірмелері бар. ҚҚТ-3080 нөмірлі қосымша қор санатындағы көшірмелер ҚазКСР Орталық мемлекеттік архивінен 25 қор, 2 тізбе, 57 іс, 15 бумадан алынған.

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында даланы жайлаған сүзек, тырысқақ, мерез, алапес секілді т.б індетпен күресте Мұхамеджан Қарабаев, Мәжит Шомбалов, Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедов, Сәдуақас Шалымбеков, Нұрғали Ипмағамбетов, Әбубәкір Алдияров, Әміре Айтбақин, Есенғали Қасаболатов есімдері отандық медицина тарихында мәңгіге сақталуы керек. Қазақтың тұңғыш кәсіби дәрігері атанған Мұхамеджан Қарабаев 1858 жылы желтоқсан айында Қостанай даласы, Николаев уезі, Кеңарал болысының №4 ауылында дүниеге келген. Әкесі кедей бақташы болғанымен, білімге құштар зерек ұлын ауылға келген атақты ағартушы Ыбырай Алтынсаринге табыстап, Троицк қаласындағы ерлер гимназиясына жібереді. 1881 жылы 14 маусымда гимназия тарихында тұңғыш рет қазақ баласы – Мұхамеджан Қарабаевқа салтанатты түрде жалпы білім аттестаты табысталды. Түлектер кешінде «оқуымды жалғастырып, өз халқымды емдейтін дәрігер боламын» деп сөз сөйлеген Мұхамеджанға барлығы таңғалыпты деседі. Ресейдегі ең мықты оқу орындарының бірі Императорлық Қазан университетінде оқу кезінде патша әкімшілігі 4 қазақ студентке шәкіртақыны қысқартып, жат жерде ашқұрсақ күйге түскен Мұхамеджан Қарабаев өз білімі мен табандылығының арқасында және университеттегі ғалымдар кеңесінің көмегімен оқуын ойдағыдай аяқтайды. Қазанда жағдайы нашарлаған студент Қарабаевқа өз ауылдастары аздаған қаражат пен азық-түлік жинап бергені белгілі, кейін оның өз халқына қалтқысыз қызмет етуі жүректен шыққан шынайы алғыс деп білген жөн.

 

М.Қарабаевтың уездік дәрігер куәлігі 

М.Қарабаевтың рапорты

1887 жылы университетті бітірген соң, тәжірибе жинақтау үшін Қазан қаласындағы ірі клиникаларда, кейін Орынборға ауысып, 1888 жылы туған жеріне оралады. Он мыңдаған халқы бар Қостанай қаласында төрт орындық кішкене емхананың қалалық дәрігері Мұхамеджан Қарабаев еңбекақысыз күндіз-түні ауруларды қабылдап, қара халыққа еш жаны ашымайтын шенеуніктерге жедел-жәрдемге көлік, емдеуге дәрі-дәрмек қажеттігін айтып қайта-қайта сұраныс хат жазады. Ел ішін жайлаған оба салдыры мен патша билігінің немқұрайлығынан 1890 жылы оба, сүзектен бір жылда 20 мың 722 ауырып, 13 мың 127-сі қайтыс болады. Тек 1898 жылы ғана Торғай облысында 12 дәрігерлік пункт ашылады, оған Мұхамеджан Қарабаевтың жоғары жаққа қарай тынбай жазған хаттары себеп болды. Қостанайдың өзінен бөлек, жас дәрігер жалғыз өзі Торғай облысының Ақтөбе және Ырғыз уездеріндегі әскери бөлімдер мен мектеп оқушыларының денсаулықтарын қадағалауға міндеттелді. Ат үстінде жүріп терапевт, оташы, педиатр, акушер және эпидемиолог қызметтерін атқарды, елде тараған жұқпалы аурулармен күресуіне тура келді. 1894 жылы өз еркімен Ырғыз уезіне ауысып келгенде бұл аумақта індет пен ауыз су тапшылығы және халықтың санитарлық гигиена жағы нашар екендігін көрді. Жалғыз өзі ауруларға көмектесе жүріп, дезинфекциялық-карантиндік шараларды қолға алады. Уездегі құрғақшылық салдарынан болған аштыққа қарсы күресіп, ашыққандарға арнап тегін асханаларды ашу қажеттігін көрсете билікке өтінішхаттар жолдайды. Патша үкіметі дәрігердің жанкешті жұмыстарын ескеріп, 1895 жылы күміс медалмен марапаттайды. Алайда, жалақы аздығы мен тұрмыс тауқыметіне байланысты Ырғыздан Перовскіге ауысады, бұған 1898 жылы 18 наурызда Орынбордан Суворов атынан Ташкент генерал губернаторына жолданған №1043 телеграмма дәлел. Қазақ даласын патша билігі қарашекпенді қоныстанушыларға бөліп бере бастағанда қарсы шығып, жайылымды жер үшін талай текетіреске барған Мырзағұл би Шымановқа жала жабылып, Орынбор түрмесіне қамалғанда 1908 жылдың 16 қыркүйек күні Мұхамеджан Қарабаев көңілін сұрап жолығады. Би дәрігерге ішіндегі өкініші мен болашаққа деген алаңдаушылығын айтады. 1911-1916 жылдары жасы ұлғайған шағында Якутияға өзі сұранып барып алапес және тырысқақ дерттерімен күрессе, 1916 жылы Петроградқа оралып, Қызыл Крест қоғамына көмек береді. Қостанайға 1918 жылы оралады және 1922 жылдан Бурабай емханасында қызмет етеді. Білікті мамандардың жетіспеуі салдарынан Мұхамеджан Қарабаев 40 жыл бойы өмірінің соңына дейін дәрігерлік етіп, 1927 жылы денсаулығына байланысты жеке зейнетақы тағайындалып, қызметтен кетеді. Өкінішке қарай бейнеттің зейнетін көрер шағында 1928 жылы өмірден өтеді. Бейіті Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Введен ауылында. Ізгі адамның артында ата жолын қуған ұрпағы мен таңдаулы шәкірттері қалды.     

 Музей қорындағы Мұхамеджан Қарабаевқа тиесілі құжаттардың  көшірмелері:

1.1894 жылғы телеграмма – ҚҚТ-3080/1

2.1894 жылғы телеграмма – ҚҚТ-3080/2

3.1894 жылғы №71 генерал-лейтенант Барабаш бұйрығы – ҚҚТ-3080/3

4.М.Қарабаев шағымына жауап, 1898 жыл – ҚҚТ-3080/4

5.М.Қарабаевтың Инспекторға хаты, 1894 жыл – ҚҚТ-3080/5

6.М.Қарабаевтың марапаттар тізімі, 1893 жыл – ҚҚТ-3080/6

7.М.Қарабаевтың марапат тізімі, 1899 жыл – ҚҚТ-3080/7

8.1893 жылғы Император бұйрығы – ҚҚТ-3080/8

9.1894 жылғы Торғай облыстық барсқармасына хат – ҚҚТ-3080/9

10.1894 жылғы Торғай облыстық дәрігерлік инспекторына рапорт – ҚҚТ-3080/10

11. М.Қарабаев Орынборға телеграммасы – ҚҚТ-3080/11

12. М.Қарабаев рапорты, 1894 жыл – ҚҚТ-3080/12

13. М.Қарабаев рапорты, 1897 жыл – ҚҚТ-3080/13

14.Торғай облыстық Басқармасына рапорт, 1895 жыл – ҚҚТ-3080/14

15. М.Қарабаев рапорты, 1898 жыл – ҚҚТ-3080/15

16.1898 жылғы телеграмма – ҚҚТ-3080/16

17. Қаржы министріне Император бұйрығы, 1898 жыл – ҚҚТ-3080/17

18.1907 жылғы М.Қарабаев рапорты – ҚҚТ-3080/18

19.1907 жылғы Торғай Әскери Губернаторына баяндау – ҚҚТ-3080/19

20. М. Қарабаев рапорты, 1907 жыл – ҚҚТ-3080/20

21. М. Қарабаевтың А.А.Полубинскийге хаты – ҚҚТ-3080/21

22. М. Қарабаевқа зейнетақы тағайындау туралы сұраныс – ҚҚТ-3080/22

23. Зейнетақы тағайындаудан бас тарту жауабы – ҚҚТ-3080/23

24.1897 жылғы дәрігер карточкасы – ҚҚТ-3080/24

25. Уездік дәрігер куәлігі – ҚҚТ-3080/25

26. Емдеу ісі куәлігі – ҚҚТ-3080/26

27. Факультеттік ант – ҚҚТ-3080/27

 

 

Ләззат НҰРКЕЕВА,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор бөлімі меңгерушісі  

 

1900 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper