Тарихи ескерткіштерді қорғау тек археолог мамандардың міндеті емес Таңдаулы

Сейсенбі, 17 Мамыр 2016 02:15
Тарихи ескерткіштерді қорғау тек археолог мамандардың міндеті емес KAZMUSEUM.KZ -  

Ашық аспан астындағы ландшафті музей дегенді естуіңіз бар ма? Білмесеңіз, мектеп қабырғасында өткен тарих пәнін бір сәт еске түсірсеңіз археологиялық ескерткіштер, балбал тастар, көне орындар көз алдыңызға келеді. Міне, солар еліміздің, жеріміздің тарихынан сыр шертетін ескерткіштер. Көпшілік білетін және музейлерден көріп жүрген ежелгі заттар жоғарыда айтылған тарихи кешендерді қазу кезінде табылған. Ал, ашық аспан астындағы көне жәдігерлерді түгелдей бірден музейге әкелген жөн бе? Әрине, бәрін емес. Еркіндікті аңсаған бабалардың мұрасы бейбіт заманда да бұзылмай сақталуы үшін не істеу қажет? Кең-байтақ даламыздың төсінде күрек ұстап жүргеннің бәрі археолог па? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Ұлттық музейінің “Халық қазынасы” ғылыми-зерттеу институтының мамандары жауап береді.

Аталған институттың мамандары жақында Ақмола облысының Мәдениет басқармасы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығымен бірігіп Ерейментау ауданы әкімдігі мен аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен «Ерейментау ауданының тарихи-мәдени мұрасы: сақтау, зерттеу мен насихаттау мәселелері» атты семинар өткізді. Астанадан арнайы барған топ құрамында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері барын айта кеткен жөн. Насихат тобы Ақмола облысы Ерей- ментау ауданының тарихи-мәдени мұра нысандарына қатысты далалық семинар кезінде Құмай түркілік археологиялық- этнографиялық кешені, Қосбатыр түрктік кешендерінің бүгінгі жай-күйіне көз жүгіртті.

«Бұл кешендердің зерттеу жұмыстарын жүргізуде тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаеваның еңбегі ұшан-теңіз»,- дейді тарихшы-археологтар.

Үмбетей жырау атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапқан семинарда аудан әкімі Ермек Нұғыманов сөз алып, қонақтарға алғысын білдірсе, Ақмола облысының мәдениет басқармасы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директоры Талғат Ыбыраев Ақмола облысының тарихи-мәдени мұрасы бойынша атқарылған жұмыстары мен мәселелері жөнінде кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, семинардың негізгі ұйымдастырушылары ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми- зерттеу институтының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы ғылыми ізденістерінің нәтижелері мен перспективаларына қысқаша тоқталып, сөз кезегін әріптестеріне берді.

Институттың Археологиялық мұра бөлімінің жетекшісі тарих ғылымдарының кандидаты Талғат Мамиров Ерейментау ауданы жөнінде Қазақстанның тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау мен сақтау мәселелерін сөз етсе, тарихи-мәдени мұра нысанда- рына мониторинг және сараптама жүргізу бөлімінің жетекшісі, PhD докторы Айбар Қасенәлі «Қазақстанның тарихи-мәдени мұра саласындағы заңнама: ескерткіштерді қалай қорғаймыз?» тақырыбында баяндама жасады. Аталмыш мамандардың жәй ғана баяндама жасап қана қоймай, өз тақырыптарында кеңінен зерттеу жасап, халыққа түсінікті етіп жеткізгенін ерекше атап өтуге болады.

Өз сөзінде ғылыми- зерттеу институтының басшысы Ақан Оңғарұлы: «Біз халқымыздың байлығы дегенде мұнайменен, газбенен шектелмеуіміз керек. Ата-бабамыздың табаны тиген жердің астында да, үстінде де мол мұра бар. Соған ие болу маңызды. Ландшафтларымыз, тарихи кешендерімізді туризм саласына пайдалансақ экономикамыздың да дамуына үлес қосқан болар едік. Ұстағанның қолына, тістегеннің аузына кетірмей тарихи мұрамызды ел болып жұмылып қолға алу керек. Онымен тек қана мемлекеттік органдар мен музей қызметкерлері, тарихшы мамандар айналысуы тиіс деген жаңсақ пікірден аулақ болайық»-, дейді.

Сондай- ақ, қолында бір бума қағазы бар жетпіс жеті жастағы әуесқой тарихшы, ауданның білікті ақсақалы Бөкеш Мейрам Сәрсетұлы да экран арқылы Ерейментаудың ашық аспан астында орналасқан ескерткіштерін көрсетіп, солардың көбі лайықты деңгейде қорғалмай жатқанынан хабардар етті.

Айта берсе археологияда да көкейтесті мәселе көп. Ал, соны заң жүзінде қалай шешу керектігін бәрінен жақсы білетін маманның бірі археолог, PhD докторы Айбар Қасенәліні сөзге тартқан едік.  

СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДА 80 ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛҒАН

 — Айбар мырза, “Халық қазынасы” ғылыми-зерттеу институтындағы өзіңіз жетекшілік ететін тарихи-мәдени мұра нысандарына мониторинг және сараптама жүргізу бөлімінің негізгі атқаратын қызметін атап өтсеңіз?

— Біздің бөлім негізінен үш бағыт бойынша жұмыс атқарады. Олар: Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасы: археологиялық және заңнамалық талдау, ҚР археологиялық және ғылыми- реставрациялық жұмыстарды сараптау және Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасының мәліметтер базасын құру мен геоақпараттық картографиялау. Семинар барысында тарихи-мәдени мұра саласындағы заң бұзушылықтар, заңсыз археологиялық жұмыстар және оған қатысты жазалар мен археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарға рұқсат беру мәселелерін баса назара аудардық.

— Құпия болмаса, өзіңіз айтып отырған заң бұзушылықтарға кеңінен тоқталсаңыз...

 — Оның жасыратын түгі де жоқ. Керісінше, халық тарихи-мәдени мұра төңірегіндегі түрлі келеңсіздіктерді білгені жөн деп есептеймін. Өйткені, ұлан-байтақ даланың иесі болған бізден басқа ешкімге де тарихи ескерткіштеріміздің қажеті жоқ. Нақты деректерге сүйенсем, соңғы үш жылда, яғни, 2013-2015 жылдар аралығында Бас Прокуратура органдарымен тарих және мәдениет нысандарына қатысты 80 заң бұзушылық анықталған. Оларды облыстарымызға бөлетін болсақ, Жамбыл облысында – 33, ШҚО – 26 және БҚО – 14 заң бұзушылық анықталса, қалған облыстарда бірен-саран ғана жағдайлар орын алған. Солардың ішінде жиі кездескені – ескерткіштердің құжаттамасының болмауы, олардың қорғау тақталарының болмауы және ескерткіштердің жойылуы.

ТАРИХИ МҰРАМЫЗҒА ӨЗ МҮЛКІМІЗ СЕКІЛДІ ҚАРАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

— Тарихшыларымыздың бірінен ше-телде қазба жұмыстарымен айналысып жүрген біреуді байқаса оны сұрақтың астына алып, керек болса лицензияларын сұратады дегенді естідік. Бізде бұл жағы қалай?

— Елімізде Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі N1488-ХІІ Заңы бар. 40-бапта көрсетілгендей «Археологиялық ескерткіштерде қазба және барлау жұмыстарын жүргізу» лицензиясы бар адамдарға ғана қазба және барлау жұмыстарын жүргізуіне рұқсат етіледі. Өзің айтқандай, шетелдегі азаматтар секілді біздің де қандастарымыз тарихи жәдігерлерге өз мүлкіндей қарап, бөтен біреуді байқаса не істеп жүргенін сұрап, қазбамен айналысып жүрген болса лицензиясын сұрағаны жөн. Сонда ғана жоғары айтып өткендей 80 заң бұзушылықтың бірі де болмайды деп сенемін.

— Осы уақытқа дейін қанша лицензия берілді?

— Архелогия саласында 2007 жылдан 2015 жылдың соңына дейін жалпы саны 200-ден астам лицензия берілген. Бір айта кететіні, лицензия иелері мемлекеттік мекемелермен қатар жеке тұлғалар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де бола алады. Олардың бұл саладағы үлесі шамамен 70 пайызға жетіп отыр.

— Заң бұзған азаматтарға арнайы жазалар бар ма?

— Әрине бар. Қылмыстық және әкімшілік жаза археология саласында да қарастырылған. Мәселен, Қылмыстық Кодексте көрсетілгендей – 294-бап. Тағылық (вандализм); 295-бап. Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу; 193- бап. Ерекше құндылығы бар заттарды жымқыру және Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу 196-бап. Аталған баптар бойынша кінәсі дәлелденген күдіктілер қылмыс ерекшелік- теріне қарай 50 айлық есептік көрсеткіште айыппұл арқалайды немесе 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңында бекітілгендей – 124-бап. Үгіт материалдарын орналастыру, 145- бап; ҚР тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзу; 156-бап. ҚР мәдениет туралы заңнамасының талаптарын бұзу; 447- бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерiн қорғау мен пайдалану қағидаларын бұзу; 448-бап. Кәмелетке толмағандардың вандализмі; 472-бап. Заңнамалық актiлерде көзделген жағдайларда жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне келіп түскен мүлiктi есепке алу және одан әрi пайдалану қағидаларын бұзу және 510-бап. Шекара аймағында шекара режимiн және жекелеген жерлерде болу тәртiбiн бұзу. Бұл баптар бойынша кінәлі деп танылған азамат- тар мемлекетке 30 бен 250 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

— Жергілікті атқарушы билік органдарына қандай міндет жүктелген?

 — Иә, олардың да тарихи-мәдени мұраны қорғауда тиісті міндеттері мен құзіреті бар. Ол да заңымызда айқын көрсетілген. 18- бапта аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өз аумағында: Қазақстан Республикасының тарихи- мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының сақталуын қамтамасыз етедi; – уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша, тарих және мәдениет ескерткiште- рiне қауiп төндiретiн құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ оларға тыйым салу туралы мәселенi шешедi; облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарына немесе уәкiлеттi органға өздерiнiң құзыретi шегiнде, тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң бүлiнуiн, құлау қаупiн жою жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, — делінген. Тағы да баса айта кетейін, тарихи мұраларымыз, ескерткіш- жәдігерлеріміз бізге ғана керек. Сондықтан, міндеттің бәрін мемлекетке және тарихшыларға ғана жүктеп қоймай, есі кірген баладан бастап дана қарияларымызға дейін ашық аспан астындағы сан ғасырлар сақталған кешендерімізді қорғаса екен.

— Әңгімеңізге көп-көп рахмет! Еңбегіңіз жемісті болғай!

 

 

Сұхбаттасқан — Ермұрат ШОПАН,

«Қазақстан-Заман» халықаралық газеті.

 

 

Фото: Ғани Өмірбеков  

1608 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper