Анонс


«Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша ақпарат (әл-Фараби ат.ҚазҰУ) Таңдаулы

Сәрсенбі, 24 Маусым 2020 15:16
«Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша ақпарат (әл-Фараби ат.ҚазҰУ) KAZMUSEUM.KZ -  

Талапкерлердің назарына әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша ақпараттарды ұсынамыз.

1. «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» білім беру бағдарламасы 3 деңгейде жүргізіледі: бакалавриат, магистратура және PhD  докторантура;

2.  Мамандық  алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 2003 жылы ашылды. 2017 жылы PhD  докторантура бойынша білім алу бағдарламасы іске қосылды;

ҚР аумағында «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы бойынша магистр және PhD  доктор дипломын алудың жалғыз мүмкіндігі- әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан білім алу болып табылады

2016 жылы «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығы халықаралық ACQUIN агенттігінен лицензия алды, соған сәйкес бітіруші түлектің дипломы шетелде қолданысқа ие.

3. Осы уақыт аралығында дипломға 200-ге жуық бакалавр және 60-тан астам магистр ие болды. Бүгінгі таңда біздің түлектер ҚР Ұлттық музейінде, ҚР Орталық мемлекеттік музейінде, Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері музейінде, Алматы қаласы музейлер бірлестігінде, М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде, ҚР Ғылым Ордасында жұмыс істейді;

4. Жыл сайын бакалаврда  оқуға 40-қа жуық грант бөлінеді, магистратураға – 10, докторантураға – 2;

5. Бағдарлама бойынша білім алу  тек күндізгі  оқу түрі бойынша жүргізіледі;

6. Дәрістерді республикаға  белгілі ғалым-профессорлар М. Е. Елеуов, А.Т. Төлеубаев, А.Б.Қалыш, М. У. Шалекенов, Б.К. Қалшабаева, Д.С. Байгунаков жүргізеді.  Сабақтардың бір бөлігін республиканың ірі музейлерінде жұмыс жасайтын мамандар Г.Р. Мұхтарова, С.Ж. Кобжанова, Г.Ш. Файзуллина жүргізеді. Бұдан басқа, бірқатар сабақтар тікелей музейлерде Ә.Қастеев өнер музейінде, ҚР Орталық мемлекеттік музейінде өткізіледі. Кафедра жанында т.ғ.к., профессор Т.Е.Қартаеваның жетекшілігімен «Музейтану және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді;

7. Тұрғын үйге мұқтаж білім алушылар үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жайлы жатақханалар бар. Студенттер екі және төрт орынды бөлмеде тұрады. Жатақхана оқу залы, компьютерлік сынып, конференц залдармен жабдықталған. Жатақхана ғимараттарының жанында спорттық және ойын-сауық алаңдары, футбол алаңы бар.

      Бакалавриаттағы шәкіртақы 26 000 теңгені құрайды.

      Магистратурадағы шәкіртақы 66 000 теңге.

      PhD докторантурадағы шәкіртақы 102 000 теңге;

8. Білім алушылар тәжірибеден еліміздің ірі музейлері – ҚР Орталық мемлекеттік музейі, Ә.Қастеев атындағы бейнелеу өнері музейі, Алматы қаласы музейлер бірлестігінде, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында өтеді;

9. «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» бағдарламасын жүзеге асыру барысында шетелмен тығыз байланыстар орнатылды. Бакалаврда студенттің бір немесе бірнеше семестрді шетелдік серіктес ЖОО-да өткізетін академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігі бар.

Магистратурада міндетті шетелдік тағылымдамадан өту қарастырылған,  халықаралық шарттарға сәйкес Италияда, Польшада, Венгрияда, Түркияда, Ресейде өтуге болады. Магистратурада қос дипломдық білім алу бағдарламасы бойынша Алтай мемлекеттік университетімен бірлесе отырып, білім алушы бірден екі диплом алады – Қазақстандық және Ресейлік.

Докторантурада шетелдік тағылымдаманың географиясы кеңейіп, таңдалған тақырып пен шетелдік ғылыми кеңесшіге байланысты: АҚШ, Германия, Швейцария, Түркия, Қытай және т. б. елдерде болады;

10. «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау»  мамандығы бойынша жұмысқа орналасу пайызы  өте жоғары, себебі республикада тиісті жоғары білім алған мамандар жетіспейді. Сондықтан түлектердің арасында музейлерде үлкен әкімшілік қызмет атқаратын адамдардың пайызы дәстүрлі түрде жоғары;

11.  Қабылдау комиссиясы мына мекен-жайда жұмыс істейді: Алматы қаласы, әл-Фараби даңғылы, 71 Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, 2-қабат. Қала коды: 8 (727)  тел. 377 33 30 немесе 377 33 33

2762 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper