Анонс


Елбасы музей ісіне көңіл бөлді – ҚазҰУ студенті

Бейсенбі, 22 Қараша 2018 22:55
Елбасы музей ісіне көңіл бөлді – ҚазҰУ студенті KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 21 қараша күні жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қазақ елінің мәртебесі мен абыройын асқақтатқан дүние болды. Мыңдаған жылдар бойы сайын дала төсін ен жайлаған көшпенді халықтың адамзат дамуына қосқан ғылыми жаңалықтары мен сүбелі үлесі жайлы жазылған бұл мақала – қазақ халқының өткен тарихына толықтай шолу жасап шыққандай.

Ел болып, еңсе түзегеніне ширек ғасырдан енді асса да төрткүл әлемге танылып үлгерген Қазақ елінің қандай мәдениет қалыптастырып, қалай өмір сүргендігін зерттеп, зерделеу – «Рухани жаңғыру» идеясының нақты жұмыс жоспары мен міндеттемелерімен толықтырылған нұсқасы екені айдан анық.  

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл кезекті мақаласында барша қазақстандық азаматтардың және жас ұрпақ болашағының жарқын болуы үшін атқарылуы тиісті маңызы зор мәселелер қамтылған.

Бүгінгі күні рухани жаңғыру жолында «музей ісін» жан-жақты жетілдіру өзекті мәселелердің бірі болып табылатындығы сөзсіз. Мақалада Елбасының «Ұлы дала» музейін ашу туралы ұсынысын оқып шыққанымда өз басым қатты қуандым. Себебі мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Музей ісі және ескерткіштерді қорғау» мамандығында білім алып жатырмын. Музейтанушы ретінде Елбасымыздың музей ісіне көңіл бөлу негізінде туризмді дамытуға болатындығы туралы ойымен толық келісемін. Өйткені музейлер – тарихи сананы жаңғыртатын рухани орда деп толық айта аламын.

Елбасының тапсырмасы жүзеге асып музейлердің қызмет көрсету бағыттары дұрыс жолға қойылса: туризмді дамытуға да, мәдени мұраларымызды әлемге паш етіп таныстыруға да болатыны рас. 

Мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланы біздің тарихи кезеңіміздің және болашаққа ұстанған бағытымыздың жарқын көрінісі деп түсінемін.

Елінің, жерінің тарихын сүйетін әр азамат мақалада айтылған жобаларды жүзеге асыру үшін өзінің азда болса көмегін тигізетініне сенімдімін. Осы орайда, болашақ музей ісінің маманы ретінде менде еліміздің өркендеп, өсуіне өз үлесімді қосуға тырысамын.

 

Айя Русланқызы,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің

Тарих, археология және этнология

факультетінің 2 курс студенті

2483 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper