Ұлттық музейде ашылған «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» көрмесі көпшіліктің назарына ілікті Таңдаулы

Жұма, 30 Маусым 2017 02:05
Ұлттық музейде ашылған «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» көрмесі көпшіліктің назарына ілікті KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ашылған «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» атты халықаралық көрме көпшіліктің қызығушылығын туғызып отыр, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрмеге Тутанхамон топтамасынан алтын жалатылған ағаш күймесі, алтын жалатылған ағаш тағы, сыртқы саркофагы, қыз мүсіні және жартылай асыл тастармен әшекейленген алтын жаға қойылған. Сонымен қатар, Мысырдың бай тарихы династиялыққа дейінгі кезеңнен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы әртүрлі тарихи кезеңдердің бұйымдары мен жәдігерлері көрініс тапқан.

Мысыр Араб Республикасының Туризм министрлігі Халықаралық қатынастар бойынша бірінші вице-министрі Ахмет Шукридің айтуынша,бұл көрме – Қазақстан мен Мысыр елінің бірлесе отырып жасаған үлкен шарасы.

«Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың нәтижесінде қос халықтың өзара сыйластығы арта түседі деп сенемін. Болашақта халықтар достығы үлкен табысқа жеткізетіні сөзсіз. Бүгінгі көрме де осының нәтижесі»,  деді мысырлық вице-министр.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова да көрменің маңызын ерекше бағалайтындығын жеткізді.

«Мысыр тарихы – көне тарих. Көне тарихпен көмкерілген көрменің ашылу салтанаты құтты болсын! Бұл көрме Мысыр тарихын кезең-кезеңімен таныстыратын экспонаттардан құралған. Мұндағы тарихи туындылар өткен дәуірден мол мағлұмат береді. Көрмедегі экспонаттар ежелгі дәуір адамдарының таным-түсінігін, мәдениетін, сол дәуірдегі қолөнер шеберлері туралы мол мәлімет береді. ҚР Ұлттық музейінде осы айда бірнеше халықаралық көрмелер өткізілді. Мұндай көрмелер халықтың таным көкжиегін кеңейтуге септігін тигізеді деп ойлаймын», - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Көрмеде династиялыққа дейінгі кезең Ежелгі Мысырдағы иероглиф жазуының пайда болуының үлгісі саналатын фараон Нармердің Палеткасымен таныстырылады.

Одан кейінгі ежелгі патшалық кезең мысырлық кеңсе хатшысының мүсіні, бедерлі суреттері бар Хесир тақтайшалары және Гор (Аспан) құдайын кейіптейтін қаршығаның басы арқылы таныстырылады.

Орта патшалық кезеңі оның билігі кезінде Мысыр шекарасы әлдеқайда кеңейген 12 династияның ата-бабасы саналатын Сенусерт 1 фараонның боялған ағаш мүсіні арқылы көрсетіледі.

Грек-рим кезеңі римдік әйел басының мүсіні арқылы, ал копт кезеңі осы кезеңге тән икон жазумен және портреттік сурет өнері арқылы таныстырылады. 

Әсем жазулармен безендірілген шырағдан және гүл өрнектерімен безендірілген фарфор табақ жәдігерлері Ислам кезеңін көрсетеді.  

Көрме 9 тамызға дейін жалғасатын болады. Бүгінгі күні көрме жайлы музей қонақтары оң пікірін білдіріп, әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттай бастаған.  

636 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper