Анонс


Музей саласы бойынша Жапонияда іс-тәжірибеден қалай өтуге болады? Таңдаулы

Жұма, 14 Қыркүйек 2018 00:48
Музей саласы бойынша Жапонияда іс-тәжірибеден қалай өтуге болады? KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінің «Археология және этнография» бөлімінің ғылыми қызметкері Айдана Көптілеуова Жапонияның мәдени орталығы - Нара қаласында өтіп жатқан іс-тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Айдана үстіміздегі жылдың шілде айында Жапонияның Нара қаласында орналасқан ЮНЕСКО-ның Азия-Тұнық мұхиты мәдени орталығы, Мәдени мұраны қорғау байланыс кеңсесінен (ACCU NARA) жас мамандарға арналған «Археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және оның менеджменті» атты Азия және Тұнық мұхиты аймағының Мәдени мұраларды қорғау курстарына шақырту алды.

Мәдени мұраны қорғау байланыс кеңсесі және ЮНЕСКО-ның Азия-тұнық мұхиты мәдени орталығымен (ACCU NARA) бірлесе отырып көптеген ортақ бағдарламалар ұйымдастырады, соның ішінде адам ресурстарын дамыту дайындық курстары, Халықаралық конференциялар, Мәдени мұраларды қорғау тақырыбындағы оқыту семинарлары да бар. Бұл шаралар ЮНЕСКО және ICCROM сияқты халықаралық ұйымдардың көмегімен жүзеге асады.

ACCU NARA бағдарламасы жыл сайын алмасып келетін екі тақырыпта өтеді: «Археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және оның менеджменті», «Тарихи маңызды ағаш құрыстарын сақтау және реставрациялау». Бірінші тақырып тобына археолог, реставратор, мәдени мұраны қорғау мекемелерінің қызметкерлері, музей қызметкерлері қабылданатын болса, екінші тақырып тобына кәсіби реставратор мамандары Азия және Тұнық мұхитында орналасқан 42 елдің өкілдері қабылданады. Бағдарламаның негізгі мақсаты аталған аймақтағы мәдени мұра мәселелерін негізгі сұрақтарын талқылау, мәдени құндылықтарды сақтау және қорғаудың жаңа тенденциялары мен тәсілдерін үйрету, мәдени мұра заңнамаларын талдау және т.б. болып табылады. Бұл курстар әдетте бір ай көлемін қамтиды және шамамен тамыз, қыркүйек, қазан айларының арасында жүзеге асырылады.

Биылғы жылы «Археологиялық ескерткіштерді зерттеу, сақтау және оның менеджменті» тақырыбында 4 қыркүйек пен 4 қазан аралығына белгіленген жас мамандарға арналған Азия және Тұнық мұхиты аймағының Мәдени мұраны қорғау топтық дайындық курстары 19-рет ұйымдастырылып отыр, оның биылғы құрамы: Ауғанстан, Бангладеш, Бутан, Камбоджа, Қытай, Фиджи, Индия, Индонезия, Қазақстан, Кирибати, Лаос, Мальдив, Жаңа Зеландия, Папуа Жаңа Гвинея, Өзбекстан, Виетнам мемлекеттерінің өкілдері. Белгіленген 16 орынға, шартты түрде бір елден бір маман шақырылады.

«Бір ай оқыту барысында Жапонияның мәдени мұраларды қорғау жүйесі мен заңнамалық негіздері, әлемдік Мәдени мұра ұйымдары мен мекемелерінің жұмыстары, Археологиялық ескерткіштердің менеджменті, Әлемдік және Жапон музейлері сияқты тақырыптарда лекциялар; археологиялық артефактілерді реставрациялау, құжаттау және сызу мастер класстары және дала жұмыстары, «Нара, Киото, Осака қалаларының мәдени ескерткіштерімен танысу және оларды сақтау және қорғау мәселелері» атты саяхат сабақтар жоспарланған. Лекторлардың қатарында Мәдени мұра ісінің мамандары, ICCROM халықаралық ұйымының қызметкерлері жоба менеджері доктор Гамини Виджисурия, Джозеф Кинг және жапондық танымал мамандар Инаба Набуко, Накай Масатсугу, Морисаки Кацуки, Хаяши Масанори, Джинно Мигуми, Ватанабэ Хироши, Вакия Сойширо Матсура Казутако және т.б. бар», - дейді А.Көптілеуова.

Азия және Тұнық мұхиты елдерінің мәдени мұра бағытындағы өзара қарым-қатынастарын дамыту қажеттілігінің тууы салдарынан ACCU NARA кеңсесі 1999 жылы Жапон Мәдени құндылықтарын зерттеу орталығы мен Жапония мәдениет істері агенттігі және Нара префектурасы, Нара қаласы әкімдігінің бірігіп ұйымдастыруының негізінде құрылды. 

Сондай-ақ, Айдана Көптілеуова аталған курсқа қатысу жолдарымен де бөлісті.

«Курстарға қатысуға өтініш беру сәуір және маусым айларының аралығында жүреді, оның негізгі талаптары қатарына жоғары деңгейде ағылшын тілінде сөйлеу; археолог, реставратор, мәдени мұра бөлімдерінің қызметкері немесе музей ісі маманы болу; жоғары іс тәжірибесі, жарияланымдар, кемі 5 жыл жұмыс өтілі және 45 жастан аспау жатады. Сонымен бірге қатысушы жергілікті ЮНЕСКО Ұлттық комитетінің ұсыныс хатын өткізуге міндетті. Байқаудан өткеннен кейін, екі ғылыми жұмыс жазып өткізу – шарттардың бірі болып табылады. Орталықтың басқа да курстары мен семинарлары туралы қосымша ақпаратты www.nara.accu.or.jp және nara@accu.or.jp электронды поштасы арқылы алуға болады», - деп кеңес береді А.Көптілеуова.

4102 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper