Анонс


Қазақ карикатурасының көшбасшысы

Сейсенбі, 24 Қыркүйек 2019 15:15
Қазақ карикатурасының көшбасшысы KAZMUSEUM.KZ -  

«Қағазға тіл бітірген, жансызға жан бітірген» белгілі карикатурашы Еркін Нұразханды халыққа таныстырудың қажеті шамалы. Бала кезімізде, сонау Кеңес дәуірінің өзінде суретшінің салған суреттері республикалық басылым беттерінде жиі жарық көретін. Баспасөз беттерінде жарияланған достық  əзілдері,  шарждар  мен  карикатуралық  суреттері еріксіз езу тартқызатын.

«Қалжың қожайыны» - ҚР Ұлттық музейде

Әлі есімде, 9 сыныпта оқимын. Қонақ бөлме жинау менің мойнымда. Ондағы диванда әкем түскі асқа келгенде тынығып, жаңа келген газет-журналды оқиды. Мен бөлмені жинамастан бұрын газеттерді оқуға кірісемін. Алдымен «Қазақстан пионері» газетін оқимын. Сосын басқа газеттерге ауысамын. «Қазақ әдебиеті» газетін қолға алғанда кітабын оқыған ақын-жазушылардың карикатураларын көріп, күлкіге кенелемін. Мұны анам байқап қалса керек, өзімнен кейінгі сіңілілеріме «Сендер бөлмелеріңді жинап болдыңдар, ана қыз, бөлмені жинаудың орнына газет оқып, жын ұрғандай сақ-сақ күліп әлі отыр»,-дейді екен.

 Сонда, мен осы суреттерді салған Нұразхан Еркін ағамыз  туралы қалам тербеймін деп ойладым ба екен?! Еркін ағамыздың достық әзілден басқа қоғамдағы кемшілікті сынаған ащы мысқылға толы шарж, карикатуралары да мені ойға қалдыратын.

Біз тамашалаған көрменің атауы «Шарайна»  деп аталады.

«Шарайна» аталуының себебін көрме иесі «Шарайна – үлкен айна деген ұғымды берсе керек. Қарикатура қоғамды, өмірді кең ауқымда қамти  көрсетсе , адамдар мінез-құлқын айшықтандыра, тереңірек бейнелесе, өзімізді шарайнадан көргендей болмаймыз ба?!», - деп түсіндіреді.

ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Нұразханның «Шарайна» көрмесіне арналған салтанатты жиынды ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Кәрімтайұлы ашты. «Биыл ұлттық музей 5 жылдық мерейтойына орай Қазақстан шығармашылығын насихаттауда бірнеше көрмелерді ұйымдастырды. Өздеріңіз куә болғалы тұрған көрмеге қоғамдық «Қасым Қайсенов» орденінің иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Нұразханның жүзден аса шарж жанрындағы суреттері қойылды. Шарждардың кейіпкерлерінен мәдениет және өнер тарландарын, қоғам қайраткерлерін, саясаткерлерді, өзге де танымал тұлғаларды тануға болады. Суретшінің шарж, карикатура сериясын қыркүйектің 10-на дейін тамашалай аласыздар, - деп сөз кезегін қылқалам шеберінің қаламына арқау болған қонақтарға берді.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп: «Еркін Нұразхан суретші ғана емес, журналист, қаламгер. Қазақтың халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің қасында жүріп, қаншама әңгімесін естіп, қаһармандық қалыбын, азаматтық қасиетін қағазға қаттап түсіріп, тасқа басып, осындай бір тамаша әдемі естелік жасады. Сонымен бірге, Еркін ағамызды кірпияз жанрдың көсемі деп айтуға болады. Шаржды, карикатураны түсіне алатын адамдар кемде – кем болады. Қазақта кенже дамыған өнердің шебері. Қазақ қоғамында кенже қалған өнерді өрге сүйреп келе жатқан біртуар азаматымыз, - деп жылы лебізін білдірді.

 Жазушы, сықақшы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек:

- Шығармашылық байланыста келе жатқанымызға 40 жыл. Қысқасын айтқанда, Еркін Нұразханның үш ұстазы бар: біріншісі, Мұзафар Әлімбаев, ол карикатура королі деп атады. Екіншісі, Шерхан Мұртаза, «Қазақ әдебиетінде» Еркіннің қолтаңбасын танып, номер сайын суретін салып, үлкен жарнама жасады. Үшіншісі, Қасым Қайсенов  - ол батылдыққа, батырлыққа, адалдыққа, тазалыққа үйретті. Суретші болу оңай емес.Талай ақын-жазушы қайраткерлердің барлығын: көзі бардың да, көзі жоқты да айнытпай салып бейнелеген, көркемдеген, кестелеген. 70-80 жылдары аса дарынды қаламгер Асқар Сүлейменов деген ағамыз болды. Нұразхан салған шаржыны көріп «Республикадағы номер бірінші жалғыз сыншым – Еркін Нұразхан. Мыстан кемпірден аумай қалыппын. Ну и что-ж, ұқсап тұрған соң, амал не!», -деп күлген екен.

Суретші, ҚР Мәдениет қайраткері Жеңіс Кәкенұлы суретшінің шығармашылығындағы ерекшелігіне тоқталып өтті.

 

Саяси сатиралық суреттерге саяхат

Қазақстан Республикасы Көркемсурет Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Еркін Нұразханның жеке көрмесін аралап жүрмін. «Күнбағыс-шамбағыс-жанбағыс»  суретін көргенде мырс етіп күліп жібердім. Бұл сурет бүгінгі қоғамның ащы шындығын шымбайыңа жеткізіп бейнелеп тұр. Үстел үстіндегі шамның жарығына басын иген үлкенді-кішілі күнбағыстардың аянышты тағдыры жан дүниемді күйзелтіп өтті. Алтын қолды суретші біреудің жұлдызы жарқырап жанып, қолына билік тисе, маңайындағылар басын иіп жалпақтап, басынан бағы тайса басын ала қашатын, күні үшін жүрген жандарды аямай сынаған екен.          «Демеуші» атты туындысында әбден тулақтай болып арықтаған қанатты тұлпар «Демеуші» деп жазылған шағын ат дорбадан  жем жеп жатыр. Бұл бейне Алланың берген аста-төк дарыны мен білімі бар шығармашылық адамдардың жазған, сызған дүниелерін қаржының жетіспеушілігінен жарқ еткізіп көрсете алмай, демеушілердің итке сүйек лақтырғандай қалдығына қанағат етіп жатқан аянышты сәтін алға тартады. «Коррупция»  карикатурасында бәйтерек бұтағының орнына түрлі саладағы жемқорлар.  Бірінің қолында заң, екіншісінде бокал, үшінішісінде доллар, төртіншісі «Керемет!» дегендей бас  бармағын шошайтып тұр, бесіншісі танауын шүйіріп алған, алтыншысы қалта телефонымен әлдекімге жарлық беріп жатқандай, әйтеуір бәрі шат-шадыман, өмірлеріне дән риза. Автордың  бәйтеректі таңдауының өзінің сыры бар. Себебі, оның тамыры тереңге тарайды. Демек, коррупцияның да тамыры тереңдеп кеткен. Суретші осыған алаңдайды.

Біз өмір сүріп отырған қоғамдағы қанағатсыздық, ашкөзділік 1993 жылы салған «Қыл көпір» атты карикатурасында бейнеленеді. Қолының бір жағында теңге, бір жағында доллар, кабинеттен шығып арқанның үстімен алдында тұрған төсекке кетіп барады. Аман есен өтуі де екіталай. Тәубәсі жоқтықтан тәуекелге бел буған.

 Осыдан ширек ғасыр бұрын салынған сурет болса да, әлі сол жағымсыз дүниеқоңыздық, қанағатсыздық пиғыл түзелген жоқ. Тіпті асқынып кетті десек, жаңылыспаған болар едім.

 Сурет авторы «Шарайнаға» бұрынғы және кейінгі жүмыстарымды алып келдім.Мына «Демократия сақшылары» карикатурасын кейінгі жылы салдым. Демократия келгелі біздің полиция қолына шоқпар алды ғой» деп заманның көлеңке тұсын бір түйреп өтті. 

 Суретшінің талғамы жоғары, туындысына халыққа танымал адамдарды арқау етеді. Автордың достық әзіл ретінде салынған шарж  ойыңды шартарапқа жетелейді. Біз адам баласының бет-әлпетіне терең үңіле бермейміз. Еркін әр суретінде кейіпкерлердің келбетінде біз байқай қоймаған ерекшеліктерді тамыршыдай дөп басады.

Ақын Несіпбек Айтов ағамыздың қасқа маңдайын, Нұртөре Жүсіптің жұқа жүзін, Жүрсін Ерманның сақал-мұрт қойысын, Илья Жақановтың кірпік шешендей тікірейген кірпіктерін, Тұрсын Жұртбаевтың қырынан отырғандағы бакенбардын, Ринат Зайытовтың өткір жанарын, Ұлықбек Есдәулетовтің толған айдай дөңгелек жүзін айнытпай келтірген. Біз бірнеше бет етіп жазатын портреттік мақаланы бір-ақ суретпен кескіндей салған.

Сатирик суретшінің көрмесіне «Шарайна» деген атауы әбден лайықты екендігіне туындыларымен таныса келе көзіміз жете түсті. Шарайна – болмысымызды кең ауқымда ғана емес, кемшілік, сорақылықтарды үлкейтіп әкеліп алдымызға тосады. Кейіпкерлерінің езу тартар түр-тұлғаларын ұмытылмастай бедерлейді. Езу тартып қоймай, сол тұлғалар туралы әр қилы ойға қаласыз. 

Қылқалам шеберінің мыңнан астам карикатура, шарж туындысы бар. Өнер сүйер қауым суретшінің туындыларын «Кімге күлеміз?» сатиралық суреттер альбомы және "Шарж шеруі" кітап-альбомынан тамашалай алады. Біз көрген суреттер тек тамшысы ғана. Суретшінің алтын қолынан шыққан жұмыстары Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, ҚР Тұңғыш Президенті музейінде, Өскемендегі Шығыс Қазақстан этнографиялық музейінде, Семейдегі Невзоровтар әулеті атындағы Шығыс Қазақстан бейнелеу өнері музейінде, Ақсуат аулындағы Тарбағатай аудандық тарихи музейінде сақталуда.

Осы жолы Еркін Нұразхан «Шарайна» көрмесіне қойған 105 жұмысын ҚР Ұлттық музейге тарту етті.

 

Талантты таныған танымал тұлғалар 

Студент кезінде досы, суретші, дизайнер, өнер зерттеушісі марқұм Мұхамеджан  Əлімбаев əзіл  портреттер салуына түрткі болады. Еркін белгілі қаламгерлер Ғабиден Мұстафин, Оралхан Бөкеев, Асқар Сүлейменовтің суреттерін салады. Досы Мұхамеджанның қолқалауымен екеуі осы үш суретті алып  «Қазақ әдебиеті» газетіне барады. Бас редактордың орынбасары Әбiраш  Жәмішев жылы қарсы алып, үш шарж алғаш рет Мұхаметжанның алғысөзімен аталған газеттің 1982 жылғы наурыз айындағы санында жарыққа шығады.

1983 жылы Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының 3 курсында оқып жүрген кезінде «Балдырған» журналының бас редакторы Мұзафар Әлімбаев журналға көркемдеуші редактор болуға шақырады. Алғашқы еңбек жолы осылай басталады.Бір байқағаны балаларға сурет салу тіпті қиын екен.

Еркін Ыбырайымұлы «Осы қиын жанрға жол ашып берген редакторлардың редакторы атанған Шерхан Мұртаза ағамыз. 1982 жылдан бастап, Шерағаң редакторлық ететін «Қазақ әдебиеті» газетіне әдебиет, өнер және қоғам қайраткерлерін салған әзіл портреттер галереясы жариялана бастады. «Қазақ әдебиеті» газеті - өнердің басқа салаларының да маңызды мәселелерін жазып, жақсы жағын айтып, кемшіліктерін сынайтын газеттің бірегейі. Соған қарамастан езуіңе күлкі үйіретін әзіл суреттерге де орын берген Шерағаң еді», - деп еске алады.

Ініге қамқор болған асыл ағалар – ай! Қайсенов Қасым ағамен таныстығы да бір тарих. «Балдырған» журналының тапсырмасымен сол кісінің әңгімелерін жариялау керек болып суретін алуға барады. Батыр ағамыз « Аты-жөнің кім?,- деп сұрағанда, «Еркін Нұразхан» деп жауап бергенде, «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан сенің суреттерің бе? Мен сенің альбомыңды жасап қойдым, -дейді. Ол кісі Еркіннің «ҚӘ» шыққан суреттерін  /өзінің де суреті бар/ қиып алып, қалың оқушы дәптеріне альбом жасап қойыпты. Кейін ол кісінің тапсырмаларын орындап, жақсы араласып кетеді.

Қасым ағаның көзі аурып, көрмей қалғанда, батыр ағамызбен араласып жүретін әдебиет, өнер және қоғам қайраткерлері ҚР Президенті Н.Назарбаевқа хат жазады. ҚР Мәдениет министрі Қасым ағамызға «жеке әдеби хатшы тағайындау керек, таңдау өзіңізден» деген екен. Сонда Еркін Ибрагимұлын таңдайды. «Түркістан» газетінде, «Өнер» баспасында қызмет істей жүріп, 2000-2006 жылдары Қасым Қайсеновтің жеке хатшы қызметін қосымша атқарады.

Біздің кейіпкеріміз әңгімесінде: «Алланың  бұйыртқан  бір  бақыты  шығар  мен  аты аңызға айналған  Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің алты жылдай жеке әдеби хатшысы болдым. Біртуар батырдың қасында жүріп, жақсы қасиеттеріне тәнті болдым, батасын алдым. Маған «Жасаған жұмыстарыңды жинап жүр, керек болады, кейін кітап шығарасың» деген еді. Шынында да солай болды.Қасым аға туралы «Ерліктің ерен тұлғасы» атты кітап шығардым. Оған қазақ халқының қаһарман ұлы туралы жазған күнделіктегі жазбаларым, мақалаларым енді», -дейді.

 

Қаламгерлік қыры

Еркін Нұразхан - Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі. Жазуға деген құлшынысы-кітап оқудан басталады. Бала Еркін кітапты құшағына қысып, жастана жатып оқыды. Мектептегі ұстаздары да әдебиет әлеміне  қызығушылығын оятты.  9-10 сыныптарда  қазақ  əдебиетінен  сабақ  берген Қанипа Бітібаева апайының сабағын асыға күтетін. Шәкіртінің таудай талабын қуана құптайтын. Тырнақалды дүниелері 1975-1976 жылдары Тарбағатай аудандық  «Ленин туы» газетінде жарық көрді. Одан кейін      облыстық  «Коммунизм туы» газеттері жариялай бастады.

Қаламгерлік қасиетін ұштаған «Түркістан» газетінде бас редактор қызметін атқарған Қалтай Мұхаметжанов пен газет редакторының орынбасары болған Дидахмет Әшімханұлының есімдерін ерекше ілтипатпен еске алады. Дидахметпен студенттік кезден дос болды. Досының ықпалымен 1993 жылдың аяғында республикалық «Түркістан» саяси апталық газетіне суретші болып келеді. Редакторы Қазақстанның Халық жазушысы, драматург Қалтай Мұхаметжанов.

Қалтай ағаға Дидахмет: «Қазақ әдебиеті газетіне шарж салып жүрген Еркін деген жігіт осы» деп таныстырғанда, Қалтай аға:  «Е-е, сол суретші сен бе едің? Бір күні «Қазақ əдебиетін»  ашып қалсам, үлкен мұрынды көрдім. Ойпыр-ай, мынау кім  болды екен деп үңілсем, өзім екенмін» деп күліп жібереді.

Тоқсаныншы жылдардың ішінде Қазақстан саяси-экономикалық, әлеуметтік жағынан түрлі өзгерістерді бастан кешті. Сонда жұрттың көкейіндегі мәселелерді өзек еткен тақырыптық карикатуралар жасай бастайды. Сөйтіп, «Түркістан» газетінің бас редакторы  Қалтай  Мұхамеджанов  тақырыптық  карикатураларының  дүниеге келуіне түрткі болады. Салған дүниесі газеттің бірінші бетіне шығып жатты. Қолына қарындаш ғана емес, қалам ұстап мақала да жаза бастайды. Газеттің тілшісі, тіпті бөлім меңгерушісі болды. Бірде Қалтай Мұхаметжанов ағамыз қарындаш пен қаламды қатар алып жүрген Еркінге «Қос мекенді адам» деп қалжыңдаған екен.

Еркін Нұразханның жазушылық жолдарына «Ұлт пен Рух» атты мақалалар жинағы және «Өз елім менің-өзегім менің» атты кітабы куә.

 «Өз елім менің-өзегім менің» кітабында атауында тұрғандай ел тәуелсіздігін алған жылдардағы  өсіп, өркендеу баспалдақтарындағы қиын да, күрделі жағдайлар, ана тіліміздің тағдырына алаңдаушылық, экономикамыздағы кемшіліктер, саяси өміріміздегі жетістіктер қаламына арқау болды. Сонымен қатар Дмитрий  Снегин, Сахи Романов, Бəйкен Əшімов, Қасым  Қайсенов сынды  танымал тұлғалармен болған танымдық сұхбаттары енген.

Еркін сұхбатында: «Дидахмет Әшімханұлы деген досым болды. Түркістан газетіне шақырды. Мен аталмыш газетке суретші болып кіріп, журналист болып шықтым. Журналистік жолға салып жіберген Дидахмет досым», - дейді.

Осы кітаптың алғысөзінде жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімханұлы: «Мен  Еркінді  Алматыдағы  көркемсурет  училищесінде  оқып  жүрген кезінен білуші едім.  ...Ал мен Еркінге қараймын. Арамызда жазбай жүрген сол  ғана.  Бірақ  сөздің  қадірін,  тілдің  қатесін  бізден  артық  білмесе,  кем  білмейді.  Көркем  дүниелермен  қатар  публицистикалық  шығармаларға  да  талғамы  жоғары.  Не  нəрсенің  кем-кетігін  де,  артықшылығын да дəл тауып айтады. Бірақ жазбайды. Содан учи-

лищені  бітіріп,  Театр-көркемсурет  институтын  тəмамдап,  біраз  жыл  «Балдырғанның»  басын  қайырып, 94-жылы  «Түркістанға»  суретші болып келгенше жазбаған. Онда да бірдеме түрте қояйын  деген ойы жоқ еді, бірде оған екеуміз қатысып келген бір жиыннан  хабар  «жаза  салуды»  өтінгем. «Жаза  салған»  жоқ,  жазды.  Жып- жинақы, əп-əдемі. «Алтын шыққан жерді белуардан қаз». Артынша  «Үкілі  домбыра»  сайысынан  материал  жазуды  тапсырдық.  Жазды. Неден бастап, неден аяқтауды білген, артық-ауыс сөзі жоқ.  Лездемеде  мақталды.  Бұдан  кейін  айтқызбай-ақ,  тапсырмай-ақ  дап-дайын дүниені өзі əкеле бастаған. Байқаймын, суретші достың журналистикада да тынысы ашылып, қолтығы жазыла түскендей. 

 Көп  өтпей-ақ  «Караван»  сияқты  газеттердің  «Дословна»-сында бізден  гөрі  Еркіннің  материалдарынан  үзінділер  жиі  көрінетін болған. Бұл – нені беретінін «Караван» біледі, нені жазу керектігін Еркін біледі деген сөз. Газеттегі  көлдей  материалдардан  гөрі  Еркіннің  осындай  оймақтай  мақалаларына  оқырмандар көбірек көңіл бөледі. Еркіннің қандай журналист екені, бүгінге дейін нені жазғаны, қалай  жазғаны – бəрі осы кітаптың ішінде ғой.»,- деп жоғары баға береді. Асқар таудай əкесі жайында  кітап жазды.

 

Тарбағатайдан - Алатауға

Еркін жас ұлғая келе туған жерін жиі аңсайды. Табиғаты тамылжығын Тарбағатайы болмаса суретші болмас па еді? Алғашқы суреті жасыл кілемге оранған Тарбағатай тауларына арналып еді ғой. Кейде өткенді еске алып, балалақ шағына саяхат жасайды. Осыдан 66 жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жаңғызтал ауылында дүниеге келіпті. Мектепте белсенді оқушы болды. Сыныптың топ жетекшісі болғандықтан үздік оқуға, өнерлі болуға тиіспін деп ойлайтын. Білім көкжиегін кеңейту үшін кітапты көп оқитын. Қабырға газетіне сурет салатын.

Әкесі Ыбырайым Сталин атындағы ұжымшардың, Комсомолдық ауыл кеңесінің төрағасы болды. Төрағаның баласымын деп еркінсімеді. Мектеп бітірген жылы оқуға бармады. Есесіне Байқоңырда әскери міндетін

өтеді. Әскер қатарынан келгенде 20 жаста болатын. Байырғы ұстаздары білімді, дарынды шәкіртін мектепте мұғалім болуға шақырды. Алдымен дене шынықтырудан берді. Тарих пәні мұғалімі жетіспеді. 4 сыныпқа «СССР тарихының әңгімелері» пәнінен, кейін 6 сыныпқа «Орта ғасыр тарихынан» сабақ берді. Шәкірттердің алдында білімді болуға тырысты. Кітапханаға барып, ізденіп, қосымша дайындалды.  

Үлкен ағасы Шәйкеннен үлгі алатын. Ол Алматыдағы ҚазПИ- ді тәмамдаған. Мәскеудегі жоғары мектепті қызыл дипломға бітірген. Заманында Тарбағатай аудандық атқару комитетінің төрағасы болған. Осы елге сыйлы ағасы інісіне «Қолдан соққан мұғалім», - деп қалжыңдайтын.

Нашар мұғалім болмаған-ау, шамасы, мектеп директоры мұғалім болып қалуын өтінеді.  Мұғалім болса, филолог боламын деп армандаған. Өмірінің темірқазығындай болған тәлімгер Шәйкен ағасы бойындағы талантын таныдыма «филология ешқайда кетпейді, суретшілікті оқы» деді. Үлкеннің ақылына құлақ асатын қазақы тәрбие жібермеді, Еркін суретшілер дайындайтын ең мықты Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркем-сурет училищесіне келіп түседі. Училищеде топ жетекшісі болады. Училишені бітіргенде Қазақстан республикасы министрлігі ұсынған Ленинградтағы Луначарский атындағы театр және кино институтына жолдама берді. Анасының сырқатына алаңдап, аталмыш оқу орнына барудан бас тартады. Алматыда ашылайын деп жатқан Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының көркемсурет факультетіне оқуға түседі.

Одан кейін өнердің қазанында қайнап кете барды. Баспасөз саласында суретші, «Өнер» баспасында бас редактор, Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінде директордың орынбаcары, Ә.Қастеев музей-үйінің директоры сияқты жауапты қызметтерді атқарып келеді.

                                                              ***

Осынау Тарбағатай тауларынан  бастау алған арман - Алатаудың асқар шыңына шығарды. Табиғаттан бастау алған сурет - тұлғаларға қылқаламмен ескерткіш құйған қазынаға айналды.

 

Жұлдыз ТОЙБЕК

Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалінің иегері

3061 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper