Анонс


Алматы музейінде Астананың 20 жылдығына арналған көрме ашылды

Сейсенбі, 12 Маусым 2018 00:29
Алматы музейінде Астананың 20 жылдығына арналған көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК-на қарасты Алматы музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ел жүрегі – Астана» көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

«Тәуелсіз мемлекетіміздің қайта түлеуінің символына айналған Астана – қазақ елінің киелі қазынасына айналғаны хақ. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бас қаланы көшіру туралы шешімі, осы жолдағы қиындықтар мен жеңістер, қарапайым облыс орталығының тұруға жайлы мегаполиске, әлемдік сәулет өнерінің жақұтына айналуы – ел тарихының ерекше маңызға ие тараулары»,- деп атап көрсетті көрмеге келушілерді құттықтаған Алматы қаласы мәдениет және архивтер басқармасы тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Назерке Какижанова.

 Астана құрылысына 71 қала, 135 өндіріс орны, 435 құрылыс компаниясы ат салысты. Бас қаланы салуға түрік, итальян, франуз, швейцар құрылысшылары өз үлестерін қосты. Жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орта және ірі нысандар іске қосылып отырды. Бас қаланы салуға сәулетшілер Ш. Уәлиханов, А. Рүстембеков, Қ. Монтахаев, Т. Әбілда және тағы басқа да шеберлердің үлесі зор.

Көрменің ашылуына шақырылған қонақтардың бірі – Астана қаласының бұрынғы бас сәулетшісі, «Қазақстан темір жолы» әкімшілік ғимараты, 2000 орындық цирк секілді танымал нысандардың жобаларының авторы Төлеген Әбілданың айтуынша, бас қаланы салу жоспары Елбасының тікелей бақылауымен жасақталып, жүзеге асты. «Алғашқы жылдары тұрмыстық қиындықтарға, Ақмоланың қаһарлы қысына қарамастан еңбек еткен сәулетшілер, дизайнерлер мен құрылысшылардың жігері мен барша қазақстандықтардың қолдауы арқасында Арқа төсінде 10 жылға жетер жетпес уақытта әсем, заманауи шаһар бой көтерді»,-дейді Төлеген Сыздықұлы.

Мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға айналған Астананың  алғашқы ғимараттарының жобасы қалай туды, Мемлекет басшысымен қоян-қолтық жұмыс істеген сәулетшілерді не толғандырды? Бүгінде тарихқа айналған кейбір сәттер, кездесулер, қызу пікірталастар   туралы белгілі сәулетші, марқұм Қ. Монтахаевтың жұбайы Жібек Рамазанқызы және Қалдыбай Жұмағалиұлының досы, итальяндық дизайнер Франческо Капилетти толғанды.

Көрмені ұйымдастырушы «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК-ы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Сержан Саровтың айтуынша, аталмыш экспозицияның басты мақсаты – алматылықтар мен қала қонақтарын Елорда құрылысы тарихының жекелеген сәттерімен таныстыру, тек өз саласында ғана танымал сәулетшілер мен дизайнерлердің есімі мен еңбектерін халыққа паш ету, заманауи қазақстандық сәулет өнерін насихаттауға үлес қосу.

Көрмеге келушілер Астана үшін жасалған бірегей нысандардың идеясы туындаған сәттен бастап іске асу кезеңдері туралы мәліметтерді, архитекторлардың жеке заттарын, құжаттарын, марапаттарын тамашалай алады. Сонымен бірге, сәулетші қиялынан туып, бірақ, әртүрлі себептермен іске аспай қалған жобалар туралы ақпарат та көрермен қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Көрме 6 тамызға дейін жалғасады.

2137 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper