Анонс


Бүгінгі бейнелеу өнеріміздегі рухани құндылықтар

Сейсенбі, 05 Желтоқсан 2017 18:34
Бүгінгі бейнелеу өнеріміздегі рухани құндылықтар KAZMUSEUM.KZ -  

Өткен қараша айында Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында «Суретші уақыт ағымында» атты Суретшілер одағының есеп беру көрмесі өтуде. Бұл іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген суретшілер қатысты. Аталып отырған көрме қылқалам шеберлерінің  шығармашылық деңгейін таразылаған, бағамдаған, бүгінгі бейнелеу өнерінің бет-бұрысын айқындаған көрмелер қортындысы деп айтуға болады.

 

Көрме залына ұлттық бейнелеу өнеріміздің әр саласы бойынша өнер туындылары ұсынылды. Айталық, кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнердің әр түрлері бойынша көркем шығармалар орын алды. Тәуелсіз тарихы бар бейнелеу өнері жаңаша көз қарасты, тың ізденісті талап етері сөзсіз. Алайда, ширек ғасырдан артық билік құрған кеңестік дәуірден мұраға қалған ұлттық бейнелеу өнерінің жетістіктері бүгінгі қылқалам шеберлерінің шығармашылығы негізінде айқындалып, даралануда.

Көрмедегі  әрбір өнер туындысына көз жүгіртсеңіз, шығармалардың өн бойынан ұлттық болмыс пен ұлттық үн есіп тұрғандай әсер қалдыратыны анық. Тұтас залдағы әрбір туындыдағы  көркем бейнелер әлеуметтік, рухани, адамгершілік, эстетикалық және дүние-танымдық көзқарас ерекшелігін білуге арналған образдар символы іспетті. Қазақ кескіндемесіндегі «реализмның» беделді өкілдерінің бірі Жұмақын Қайрамбаевтың «Қыран» (2017) деп аталатын көркем туындысы дала рухын асқақтатқан, ерлік пен еркіндікті бойына сіңіре қалықтай ұшқан құс келбетін көріп еріксіз назар аударасың.

Кең дала төсіндегі мамыражай сәт пен киіз үйлер сұлбасы көшпелі мәдениет өмірін ерекшелей түскендей. Композициядағы түстік үндестік керемет кескіндік колорит қалыптастырып, ішкі құрылымы терең философиялық мазмұнға негізделген. Тылсым табиғат әлемінің өзіндік сырлары мен шынайы болмысын кенеп бетінде суреттеуі авторлық мәнердің өзіндік қырлары деуге болады.  Сондай-ақ суретші, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті Кәдірбек Кәметовтің «Дала аруы» (2017) атты картинасы жазық дала табиғатында өрілген қос бұрымын ұстаған нәзік әйел болмысын  шебер суреттейді. Сабырлы да, салмақты отырған әйел келбетіне тәрбие мен ар-ұжданның қасиеттері тән тәрізді. Жылы түстер негізін құраған үндестік, кейіпкердің жан-дүниесімен астасып жатқандай әсер қалдырады. Бұл композициядағы дала аруы арқылы суретші қазақ әйелдерінің типтік образын бейнелесе керек.

Кескіндемедегі портреттер жанры бойынша, Е. Қайшыбектің «Қажымұқан» (2017) атты тұлғалық портреті де, алып палуанның қатулы да, сұсты бейнесі көрген жанды бей-жай қалдырмайды. Аты аңызға айналған ұлт мақтанышы Қажымұқан образы кескіндемелік тілдің қуатымен барынша ұтымды шешілген. Күш иесінің салалы саусақтарын жая отырған бейнесі өткен күн ерлігіне қайта оралтқандай. Сонымен қатар, В. Киреевтың «Әл-Фараби» (2017) және М. Аманбаевтың «Менің замандастарым» топтамасы ұлы тұлғалар образына кеңінен тоқталған айтулы шығармалар. Қылқалам шеберлерінің кейіпкер болмысын ашудағы талпыныс пен өзіндік мәнерлері айқын. Тұлғаларды өз заманына сәйкес бейнелей отырып, өзіндік мінез ерекшеліктерін аша білген. Жазу мәнеріндегі еркіндік, бояулар үйлесімділігі, кейіпкерлердің қайталанбас сипаты рухани қазынамыздың жауһарлар қорынан орын алады.

Б. Құсайыновтың «Аңыз» деп аталатын тарихи жанрдағы туындысы да сонау тарихи жаңғырықты, ғасырлар қойнауындағы шежірелерден сыр шертеді. Композициядағы барлық динамикалық қозғалыстар орта бөліктегі қарияның қобыз үніне тербелгендей. Кенептегі кейіпкерлер сұлбасынан бөлек мешіт формасындағы кесенелерден мұсылмандық түркілік сарынның келбеті анық байқалады. Шығарма құрылымы орталық бөлікке негізделіп, артқы фон бұлыңғырлана берілген. Сол бұлыңғырлық арқылы суретші аңыз тақырыбын тарихи және ұлттық құндылыққа толы мұра екендігіне екпін береді.

Қолөнер саласындағы кесте, бізкесте, киіз, сулап басу сияқты техникаларда орындалған өнер туындылары да көрермендерін ерекше мазмұнға толы философиялық ойға жетелейді. Аталып отырған шығармалардың барлығы дерлік пластикалық тәсілдердің алуандылығын, авторлық стилистикалардың айқындылығын, бейнелеу өнері бағыттарының барлық жағынан классикалық дәстүрлерге деген бейімділігін айшықтайды.  

 

Суретшілеріміздің шығармашылықтағы айтулы жеңістері, Тәуелсіздік жылдардағы Қазақстан бейнелеу өнерінің жан-жақты, алуан сипаты, зерттеу нысанының ауқымдылығы жағынан қайта дамушы жас мемлекет үшін айтулы құбылыс. Бұл кезең бейнелеу өнері үшін жаңа парақтар мен жаңа есімдерді ашты. Суретшілер сомдаған тарихи бейнелердің сипатына тереңінен үңіле отырып, көшпелі дәуір салты мен дүниетанымының терең философиялық мағынасын айшықтайтын шығармалар топтамасына куә болдық.   Сондай-ақ, бұл көрме қазақ бейнелеу өнерінің даму деңгейі мен өсу дәрежесін айқындаған, ұлттық құндылықтар бастауы болып саналады.

 

Батиза АДИ

Ә.Қастеев мұрасын зерттеу

Орталығының ғылыми қызметкері

 

 

Қосымша суреттердің тізімі (жоғарыдан төмен орналсу ретімен):

1. Ж. Қайрамбаев  «Қыран» (2017)

2. Е. Қайшыбек «Қажымұқан» (2017)

3. М. Ықыласова «Дүние-керуен» (2016)

4. М. Аманбаев «Менің замандастарым» (2017)

5. Е. Палымбетов «Сарын. Дала әуені» (2017)

6. Б. Құсайынов «Аңыз» (2016)

7. В. Киреев «Әл-Фарби» (2017)

3283 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper