Анонс


Тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша жаңа нормалар енгізіледі

Бейсенбі, 08 Қазан 2015 15:49
Тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша жаңа нормалар енгізіледі KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Құжат Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде жүктеген тапсырмаларын, сондай-ақ ҚР мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыруға бағытталады, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы алғанда Парламент қабылдаған заң қолданыстағы цирк, театр өнері, музей және кітапхана қызметтері, қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығаруды, сонымен бірге тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша мәдениет саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Сонымен қатар, Қазақстан ратификациялаған материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы конвенция негізінде материалдық емес мәдени мұраны қорғауға және БҰҰ қызметіне Қазақстанның қатысуына бағытталған нормалар қамтылады.

Тоқтала кететін жайт, заңға сәйкес, енді Қазақстан аумағында жаңа құрылыстар мен монументтерді орнату, тарих және мәдениет ескерткіштеріне ғылыми-жаңғырту жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік мүлік болып табылатын тарихи-мәдени мұра нысандарына қатысты жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігін ажырату көзделеді.

Құжатқа сәйкес, мәдени қоғамдастықты тарту және мәдениет саласындағы басқарушылық мәселелерді үйлестіру мақсатында ҚР Президенті жанынан Әдебиет және өнер жөніндегі ұлттық кеңес құру көзделген. Бұдан бөлек, мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру үшін уәкілетті орган жанынан салалық көркемдік кеңестер құру да қарастырылады.

 

2599 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper