Қызылорда облыстық мұрағатындағы Кейкі батыр туралы деректер

Сейсенбі, 11 Қазан 2016 03:48
Қызылорда облыстық мұрағатындағы Кейкі батыр туралы деректер KAZMUSEUM.KZ -  

Бейсенбі күні ел тарихына қатысты үлкен бір оқиға өтті. Астанаға Ресейден Кейкі батырдың бас сүйегі әкелінді. Бұған дейін  белгілі болғандай, Ресей мен Қазақстан Үкімет басшыларының кездесуі барысында Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісінің белгілі көсемінің бас сүйегін елге қайтару жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілген болатын. Біз осы тарихи оқиғаға байланысты бүгін ұлт еркіндігі жолында жан қиған ер жайлы мақаланы ұсынып отырмыз. 

1914 жылы адамзат тарихында бұрын болмаған бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Ресей империясының соғысқа кірісуі қазақ еліне ауыр қасірет әкелді. Соғыс жылдарында салықтардың мөлшері тым ұлғайтылады. Шаңырақ алымы 4 сомнан 8 сомға дейін көбейтілді. Мысалы, Ақмола облысында оброктік алым 1914 жылғы 845807 сомнан 1917 жылы 2553227 сомға дейін, ал шаңырақ алы­мы 600537 сомнан 1002069 сомға дейін кө­бейді.

Соғысқа алынғандардың отбасыларына көмек түрінде еңбек міндеткерлігі енгізілді, яғни қазақтар жұмыс күші ретінде қоныс аударушылар деревнясында жер жыртып, тұқым себуге және өнім жинауға тиіс болды. Соғыс жылдарында егіс көлемі, мал саны азайды. 1913 жылдан 1915 жылға дейін бір ғана Торғай облысында егіс көлемі 57 мың десятинаға, ал мал саны 260 мыңға кеміп кетті.

Патша әкімшілігі шовинистік ұрандар тастап, әдейі ұлтаралық араздықты тұтатты, қоныс аударған тұрғындардың үстем тобын, яғни колонистерді  қаруландырды. Мысалы, 1916 және 1917 жылдарда ок­руг әскерлері командашысының бұй­рығы бойынша Семей облысына – 6000, Сырда­рия облысына 1770 винтовка босатылды.

1916 жылғы 25 маусымдағы ІІ Нико­лай патшаның «бұратаналарды» тыл жұмыс­тарына алуы туралы жарлығы қазақ елінің барлық аумақтарындағы көтеріліске ұшқын түсірді. 1916 жылдың аяғына қарай көтерілістер халықтың барлық топтарын қамтыды және Қазақстанның бүкіл өңірле­ріне ұлт-азаттық қозғалысының өртіне оранды. 

Торғай облысындағы көтеріліс бұқаралық және ең ұзаққа созылған табанды көтеріліс болды. Көтеріліс Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Қостанай уездерін қамтыды. Облыста көтеріліс қамтылмаған ауыл немесе елді мекен қалмады. Көтерілісшілер почтаға шабуыл жасады, темір жол табанын бұзып, болыс басқармаларын ойрандады. Оған танымал халық батыры Аманкелді Иманов басшылық етті. Көп жерде бай-болыстар да  көтерілісшілер жағында бол­ды. Әбдіғаппар, Кәрібоз,  Сәдуақас, Қосжан, Өмен сияқты би-болыстар сарбаз­дарға бас-көз болды,  көтерілісті өздері ұйымдастырып, басшылықты қолдарына алды. Аманкелді батырдың  негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған Кейкі (шын есімі Нұрмағамбет) Көкембайұлы. Жастайынан аңшы, мергендігімен, өжетті­гімен танылған, цирктегі ат ойыны мен сайысының неше түрлі қызықты өнерін де  қыр елінде ең алғаш рет көрсеткен де Кейкі батыр екен. Қазақтың термесі мен халық жырларын сүйіп тындаған, өзі де қаражаяу болмаған екен. Ел ауызында «Кейкінің салауаты»  деген жыр сақталған. Кейкі батыр Күйік қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және жазалаушы отрядқа қарсы соңғы ұрыс – Доғал шай­қасында ерекше ерлік көрсеткен. Оның ақтармен де, қызылдармен де дәм-тұзы жараспағаны белгілі. Батыр ақтармен бірге қызылдарды да отаршылдар деп түсінген және оларға қарсы күрескен. 

1919 жылы 13 мамырда Торғай ояздық соғыс комиссары  Аманкелді батыр өлтіріл­геннен кейін Кейкі қудалауға ұшырап, Ұлытау, Қарақұмға  бой тасалауға мәжбүр болды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамады. 

Кейбір деректерде Кейкі батырды 1921 жылы қаза болды дейді. Әйтсе де, Қызылода облыстық мұрағатындағы  (1-қор, 4-тізімдеме, 64-бет) құжатта 1922 жылы Кейкі батыр тірі болғандығы анық айтылады.

Батырды қызылдар 1923 жылғы 29 наурызда қараша үйде демалып жатқан жерінде қоршап алып, атып өлтіреді. Оқ батырдың қақ маңдайынан тиген. Қызыл әскерлер мергеннің екі қолы мен басын кесіп алып, басын бір ай бойы Торғай қаласының орталық алаңына сырыққа шаншып қойған.

1926 жылы Қазақстан астанасы Орын­бордан Қызылордаға ауысып жатқан қар­балас шақта, Букинич дейтін ғалым Кейкі батырдың басын алып кетеді де, Санкт-Петербор музейіне сыйға тартады.

Кейкі мергеннің ұрпақтары  Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы  Ақтас, Тасты елді мекендерінде тұрады. 1996 жылы батырдың 125 жасқа толуына байланысты ас беріліп, ескерткіш орнатылды. Былтыр Кейкі Көкембайұлының есімімен Арқалық қаласында көше аталды, оған ескерткіш қойылды.

Кейкі батыр және ұлт-азаттық қозға­лысына қатысып, жанқиярлық ерлік көрсет­кен, өмірлерін қиған, қуғын-сүргін көрген басқа да ел перзенттерінің ерліктерін наси­хаттау, есімдерін ұлықтау жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісіне қызмет ететін болады.

 

 Бақытжан АХМЕТБЕК,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері.

 

 

"Сыр бойы" газеті. 

Фото: nur.kz 

1588 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper