Анонс


Ақтөбе облыстық музейінің «Музейдегі түн» шарасын өткізу тәжірибесі

Сәрсенбі, 19 Мамыр 2021 00:25
Ақтөбе облыстық музейінің «Музейдегі түн» шарасын өткізу тәжірибесі KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің тер төге еңбектенуінің нәтижесінде көпшілікке үлкен әсер тудырған музей түнін өзге музейлерге үлгі ету мақсатында 18 – мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастыру жобасын ұсынып отырмын.

Музейдегі түн акциясы алғаш Германияда 1997 жылы ұйымдастырылды. Одан Ресей, Украина музейлерінде өткен. Қазақстанда 2007 жылдан бері  Алматы, Астана, Орал қалаларында  өтті.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі облысымыздағы ең ірі тарихи-өлкетану, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту, насихаттау ошақтарының бірі. Музей - осыдан 92 жыл бұрын ашылып, еліміздің және өлкеміздің тарихын зерттеп, білім алудың дерек көзіне айналған орталық.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы және Халықаралық музейлер күні қарсаңында 2011 жылы  Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің  қызметкерлері Ақтөбеде алғаш рет «Музейдегі түн - 2011» акциясын ұйымдастырып өткізді. Бұл қала халқы үшін өте ерекше оқиға болды.

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл акцияның негізгі тақырыбының темірқазығы –  100 мыңыншы экспонат еді.

 «Қор кітабына тіркелген 100 000 – шы экспонат   -  Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағына дейін сақталып жеткен бұл терезе яки есікке тұтынған перде.  Матасы – қытайлық қоңыр қызыл  түсті мауыты. Бетінде кестемен  төгілген гүл сабақтары мен бүршіктері бар, олардың үсті кезінде  күміс жіппен көмкерілген.   

 Бұл перде  біздің музейге Әбілқайыр ханның тұқымы қазақтан шыққан тұңғыш заңгер  Бақытжан Қаратаевтың немересі Жәрдемнің зайыбы, дүниеден озған Бибажар апай арқылы жетті.  

Осы жәдігер қолға тиген соң, тап сол кезде Түркістанға барып келе жатқан Харьков ғылыми-зерттеу институтының маталар бойынша сарапшысы, этнограф ғалым Татьяна Крупаға пердені көрсетіп алудың сәті түсті. Қанша дегенмен көзі танитын адам ғой. Ол пердені қолымен ұстап қарап тұрып: «Бұл шамамен ХІХ ғасырдың ортасында  Еуропада жасалған» деген болжам айтты, ал одан арғысын білу үшін  зертханада тексеріп көруге  бір жібін алып кетті. Одан әзірге хабар  келген жоқ».

 «Музейдегі түн – 2011» акциясының мақсаты: келушілерді мәдени және тарихи құндылықтарды насихаттауға арналған түрлі бағдарламалармен қызықтыра отырып,  құнды жәдігерлердің сырын ұқтыру болды. 

Акция музейдің алдында салтанатты түрде Түркештің күйі «Көңілашармен»  басталды.

Облыс, қала әкімдігінің өкілдері, облыстық мәдениет басқармасының бастығы НәзираТабылдинова, ҰОС-ның ардагерлері, облыстық мәдениет қызметкерлері кәсіподағы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Влвдимир Кореньков, белгілі жазушы, музей досы Рауль Мирхайдаров, ҚР мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, аудандық музейлер атынан Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнәр Ізтаева, білім басқармасының өкілі, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекциясының бастығы Бекарыстан Мырзабаев, өлкетанушы, «Жыл адамы - 2010» атағының иегері Роза Болдығариналар сөз сөйлеп, Музей қызметкерлерін Халықаралық музейлер күні мерекесімен құттықтады.

«Музей – уақыттың таңғажайып сыйын сақтауға арналған орын. Жыл сайын музей қоры құнды экспонаттармен толығып келеді. Бүгін сіздердің назарларыңызға 100 мыңыншы экспонатты ұсынамыз,  - деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры,  ақын, аудармашы, халықаралық пен-клуб мүшесі Амантай Шәмілұлы Өтегенов акцияның салтанатты ашылу сәтінде. Ол музей ісіне жастық жалыны мен өз күш жігерлерін жұмсаған қызметкерлер Рысжан Ілиясова, Людмила Чичаева, Роза Балдығарина, Еркін Құрманбек, Шәйзада Мұқашева, Орынғали Хайруллин, Вячеслав Щукин есімдерін ерекше құрметпен атап өтті.

 «Музейдегі түн» шарасы «Ұрпаққа мұра болар сыйлықтар» акциясымен қатар жүріп жатты. Өлкетанушылар, музей достары, қала тұрғындары музей қорына тапсыруға құнды жәдігерлер алып келді, айтар болсақ, облыстық мәдениет басқармасының бөлім бастығы Роза Тасырова ең алғашқы шыққан телевизорды, суретші Жәдігер Кенбай Табын Бөкенбай батырдың мүсінін, Қурайлы селосынан Тосжановтар отбасы кісен, түбіт тарайтын аяны,  № 14 мектептің тарих пәнінің мұғалімі А.Иманалина анасының қолынан шыққан  әкесінің қасқыр ішігін музейге сыйға тапсырды.

Музей әкімшілігі музей ісінің ардагерлеріне бағалы естелік сыйлықтар табыс етті. Шара барысында музей қызметкерлері тоқыма шебері Алма Теннің қолынан шыққан киімдер коллекциясынан сән үлгілерін көрсетті.

Шараның салтанатты бөлімінде әндер айтылып, билер биленді, оған қаламыздағы ұлттық мәдени орталықтары, облыстық филармония, халық шығармашылығы үйінің қызметкерлері, Ақтөбенің өнер жұлдыздары белсене қатысты.

Музей фоэсінде экскурсовод – директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Орал Өтепова қолөнер шебері Қ.Жұбаниязовтың (1946-2007ж.ж.), Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының оқытушысы, доцент Жәнібек Есенғұловтың жұмыстарын көрме арқылы көрермендерге таныстырды. 

Бұл күні музей ішінде түн ортасына дейін жүріп, еркін тамашалауға жағдай жасалды. Музей қызметкерлері барынша экспонаттарды тірілтуге күш салды.  Фоэдегі экскурсияны табиғат залында «Табиғаттың таңғажайып әлемі» тақырыбында  бөлім меңгерушісі Майра Буханова мен аға ғылыми қызметкері Сәуле Тәжбенова жалғастырды. Экскурсия барысында келушілер облысымызда кездесетін аңдар мен құстар туралы мәлімет ала отырып, олардың табиғи дауыстарын естіп, таңданыс білдірді. 

Әсіресе алғашқы қауымда өмір сүрген адамдарды бейнелеп, аға ғылыми қызметкер Айсұлу Тұралиева, кіші ғылыми қызметкер Бекетай Мырзабай, программист Бекжан Шалабаевтар жасаған экспозиция - келушілерге көп әсер қалдырған ең қызық экспозиция болды. Ол үшін музей суретшісі Вячеслав Щукин арнайы тас үңгір жасады. Жасалған тас үңгірдің де өзіндік сыры бар. Теріден киім киген, шаштары өсіп кеткен 1 әйел, екі ер адам жағылған от айналасында өз істерімен шұғылдануда.                              

Айналасындағы көрініске таң-тамаша болған   келушілер тас үңгірге кіріп, ежелгі жануарлардың сүйектерін ұстап көріп, ежелгі дүние аясында суретке түсуді де ұмытпады.

Келушілерді музейдің екінші – археология және этнография залында «Сармат еліне саяхат» күтіп тұрды. Мұнда біздің заманымызға дейінгі ҮІІ-ІҮ ғасырда, темір дәуірінде Ақтөбе жерін мекендеген сарматтардың өмірінен шағын көрініс дайындалып, көрсетілді. Сармат көсемінің рөлін археология және этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері Азамат Қалмағамбетов, Сармат –әйел рөлін Қ.Жұбанов атындағы университетінің студенті Г.Мәмбетова және кішкентай сарматты Азат сомдады. 

 Осы залда аға ғылыми қызметкер Нұрсәуле Сансызбайдың жетекшілігімен Қ.Жұбанов атындағы университет студенттері «Шоқан – қазақтың жарық жұлдызы» тақырыбында көрініс көрсетті.

Музейдің екінші қатарында,  «Дулығалы дала перзенттері» залында өлке тарихын ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Рысты Досова «Қазақ сарбаздарының қару-жарақтары» тақырыбында лекция дайындады.  Аға ғылыми қызметкер, қазақ батыры болып киінген Ерлан Сүйеубаев келушілерге қазақ сарбаздарының қару –жарақтарының тарихы, қолданылуы туралы қызықты етіп айтып берді. Бұл залдан елін-жерін қорғаған қазақ батырларын көруге болады. Бір батырдың қасында «Қолмен ұстауға болмайды» деп жазылса, екінші батыр киіміндегі  музей суретшісі Орынғали Хайруллинмен келушілер ескерткішке суретке түсіп жатты.              

Сонымен қатар «Сымбатқа көрік берген шеберлік» тақырыбында тоқыма шебері Алма Теннің дербес көрмесі музейдің екінші қабатында келушілер назарына ұсынылды.

Музейдің акт залында келушілерді 100 мыңыншы экспонат – Әбілхайыр хан мен Бопай ханымның ұрпақтарының тапсырған пердесі т.б. аса құнды жәдігерлермен музейдің кәнігі мамандары Шәйзада Мұқашева мен Рысты Досовалар таныстырды.

Музей ауласында «Ашық аспан астындағы көрме» ұйымдастырылды. Кереге құрылып, аула жарықтандырылды. Керегенің ішіне Ақтөбе қаласының тарихынан мәлімет беретін суреттер ілінді.

Көрмеге соқа, тырма, тас диірмен, келі, келісап, жерошақ, қазан, көтерме мосы, шәйнек т.б. қазақ халқының тұрмыстық бұйымдары қойылды.                       

Осы жерде ҚР суретшілер одағының мүшесі, қолданбалы қолөнер шебері Болат Атырубаев, құмырашы - мүсінші Орынбасар Төлегеновтер      шеберлік кластарын өткізді.

  Түн ортасы болса да  қала халқы бір толастамады. 

Акцияның жоғары деңгейде өтуіне демеушілердің де көп көмегі тиді. «Nobel» ЖШС директоры Нұрлан Жұмағалиев, «ПолиграфИнфо» ЖШС директоры Василий Макаренко баспа өнімдерін шығаруда көмектессе, «Паллада плюс» ЖШС директоры Мұрат Жоламанов, облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының директоры Алексей Гоголь экспозиция жасақтауға қажетті құнды заттарды уақытша пайдалануға берді. Т.Ахтанов атындағы драма театрының директоры көріністерге қажетті заттар: киім – кешектер, грим т.б. жағынан көмектесті. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенттері А.Нартаев, Ә.Аякешов, Г.Мәмбетова, Г.Құсжанова, М.Құлмұхановтар шағын көріністерді келушілерге ұсынуда көп еңбектер сіңірді.

  Музей залдарында көрсетілген көріністерге байланысты белгілі қолөнер шеберлері Өміржан Қалиев пен Алтынгүл Сұлтангерееваға арнайы киімдер тіктірілді.

Шараға облыс, қала әкімдігі, мекеме басшылары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.

Бұл шара халықтың ойынан шығу үшін бірнеше ай дайындық болды. Музейдің барлық  ғылыми қызметкерлері суретшілермен бірлесе отырып, үлкен іс тындырды деп айтуға болады. Акция қала халқына үлкен әсер қалдырды.Түнгі музейге келушілер өте көп болды. Қырқынан жаңа шыққан балаларын алып келген ата-аналар да болды. Музейдегі түн қызығы ешкімді үйде отырғызбады деуге болады. Сол түні музейге 2000 – нан аса адам келіп, ғажайып көріністерді тамашалады.   

Келушілердің бір бөлігі музей ішіндегі қызықтарды тамашаласа, екінші бөлігі музей алдындағы алаңда концерттік бағдарламаны тамашалады. Музей түнгі сағат 12-00—ге дейін жұмыс жасады.

Музей қызметкерлері ұйымдастырып өткізген бұл шара келушілер есінде ұзақ сақталып, келесі жылғы музей түнін асыға күтетін болды.

 

Алмагүл САРЫБАЙ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық – бұқаралық жұмыстар бөлімінің  меңгерушісі

1506 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper