Анонс


Шеңбертал-І қорымының зерттелуі

Сәрсенбі, 10 Ақпан 2021 02:26
Шеңбертал-І қорымының зерттелуі KAZMUSEUM.KZ -  

  Ескерткіштің ашылуы Ырғыз ауданындағы Шеңбертал ауылы маңынан табылған заттар туралы археологтарға хабар берген жергілікті тұрғын, өлкетанушымен (Сыдық Молдабеков) байланысты. Бұл ескерткішті зерттеу жұмыстары екі жылға жалғасты. Қазба жұмыстарын бастауға жерлеу орнындағы сүйектер мен заттардың жер бетіне шығып, бұзыла бастауы түрткі болды.

Негізгі мақсат — Ор-Ырғыз қосөзен аралығындағы ежелгі бақташылар мен кеншілер ескерткіштері мен мәдениетін зерттеу.

 Ескерткіш Ырғыз өзенінің сол жағалауындағы құмды жерде орналасқан энеолит және қола дәуірінің тұрақтары мен қорым түрінде. Пайымдауымызша, ескерткіш орналасқан жерде энеолит дәуірінде тұрақ болуы мүмкін, оған түрлі тас заттар дәлел болып табылады.

 Қола дәуірінде (б.з.б ІІ мың ж.) ескерткіш аумағына қоныстанған Андронов мәдениетінің тұрғындары өз руластарын жерлеуге арнаған орынға айналдырған.

 Б.з б. ІІ мыңжылдыққа жататын нысандар топырақты қорымдар мен тас  қоршаулардан тұрады. Тас қоршаулар дөңгелек пішінді, тас блок және тақталардан жасалған. Тас қоршаулар қорымның солтүстік бөлігіне қарай көп шоғырланған, ал бейіттер осы тас қоршаулардың дәл ортасында кездеседі. Өкінішке қарай, ежелгі заманның өзінде тонаушылық әркетінен қорым жерінің пішіні мен көлемін ажырату мүмкін емес. Бейіт ішінде адам сүйектері мен қыш ыдыстардың қалдықтары ғана сақталған. Бейіт үстіндегі тас тақталар астынан қыш ыдыстар немесе қалдықтары табылды.

 Шеңбертал-І қорымының екінші түрі топырақты бейіттер болып табылады, алайда қазіргі уақытта ешқандай жерүсті белгілері сақталмаған.  Аз ғана бөлігінде тас тақталармен жабылған, бұл жабынды немесе бейіт үстіне қойылған белгі болуы мүмкін.

 Бейіт ішіндегі жерленген мүрделер қырымен, аяғын бүгіп, қолдарын бассүйегі астына қойып жатқызылған. Бастары батысқа қарай бағытталған. Жерлеу дәстүрі бойынша қойылған заттары әдеттегідей: жоғары жақта қыш ыдыстар, шекелік және білезік әшекейлер, т.б.

 Жерлеу дәстүрі мен табылған заттарға қарап бейттерде әйел және балалар жерленген. Бейіт құрылысы мен ішіндегі заттар сараптамасы бойынша қорым кешенің б.з.б ІІ мыңжылдыққа жатқызамыз.

 Музей қызметкерлері осы аумақта қазба жұмыстарын жүргізу барысында Шетырғыз және Ырғыз өзендерінің қосылу  тұсындағы (Әйтеке би және Ырғыз аудандары) ескерткіштерге барлау жасады. Нәтижесінде тас ғасырының орны, қола дәуірі мен ерте темір ғасырының қорымдары анықталды. Сонымен бірге экспедиция мүшелері Аққисық қорымы аумағын егжей-тегжейлі қарап шықты.

 

Аслан МАМЕДОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог

1968 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper